Павлодарлықтар Металлургтер күнін дүркіретіп атап өтті
Ertis Promenade сахнасындаМеталлугтер күніне орай өткізілген концерт 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Концерттік қойылым барысында әртістер алюминийді өндіру жолын көрсетті.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов құттықтау сөзінде «қанатты металл» жасалатын глиноземнің Ертіс өңірінен Ресей нарығына жеткізілетіні, ал алюминийдің өзі Еуропа мен Азияда көптеп қолданылатыны жөнінде айтып өтті.
– Бүгінгі күні алюминийлік кластер еліміздің металлургия саласының мықты негізі болып табылады, – деді аймақ басшысы. — Мен «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да жұмыс істеп жүрген металлургтер президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанда жасалған» маркасымен шығарылған өнім әрдайым бәсекеге қабілетті және жоғары сапалы болу туралы тапсырмасын орындау үшін бар күшін салады деп сенемін.
Облыс әкімі екі өнеркәсіп мекемесінің үздік жұмысшыларына Алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын табыс етті. Сонымен қатар ондаған металлург ERG компаниясының ведомстволық марапаттарына ие болды.
– Жылдың басынан 750 мың тоннадан артық глинозем, 2,5 миллион тонна боксит пен 1 млн. тоннадан артық әктас өндіріліп, 127 мың бастапқы алюминий шығарылды, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ басшысы Роман Романов. – Осының барлығы өз ісінің мамандары, жігерлі жандардың қажырлы еңбектерінің арқасы. Біз әр жұмысшының қосып жүрген үлесін бағалап, заманауи, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға тырысамыз.
Қала тұрғындарының алдында Павлодардың бас сахнасында қазақстандық әнші Luina мен ресейлік поп-орындаушы Дима Билан өнер көрсетті.
Әлихан Рахметоллаұлы