Хангелді Әбжанов: Түркістан сакралды қала деген мәртебемен өмір сүруге әбден лайық
Бұл туралы Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту бойынша өткен жиында белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов айтты, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
– Бұл шара Түркістан қаласы мен облысының бүгіні және ертеңін, келешегін талқылаған салиқалы жиын болды. Мен бұл басқосуды қазақтың бүгіні мен ертеңі туралы келелі жиын деп бағалаймын. Өйткені, Түркістан облысы демографиясы жағынан да, тарихы жағынан да қазақтың үлкен ордасы, қазақтың ұйытқысы, қазақтың берекесі.
Әрине, қаланы әлемдік деңгейде көтерудің жолы көп. Соның ішінде мен бір-екі мәселені маңызды деп санаймын. Біріншіден, мұнда Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидей әулиеміз жатыр. Бұдан бөлек, қазақтың 21 ханы, 49 батыры, 25 би-абыздары мәңгілік дамыл тапқан. Бұл жерде Абылайдай киеміз, Қаз дауысты Қазыбек бидей қасиетті тұлғаларымыз жатыр. Демек, бұл көне шаһар қасиетті мекен, яғни сакралды қала деген мәртебемен өмір сүруге әбден лайық. Әлемде ондай тәжірибе бар. Мысалы, Сауд Арабияның Мекке қаласын сакралды қала деп айтуға болады.
Егер, Түркістан сакралды қала деген мәртебеге жетсе, онда бұл қалада жағымсыз қылықтар, ұрлық-қарлық, маскүнемдік сияқты кейбір келеңсіз әрекеттер тыйылар еді. Әрі бұл Қазақстанға үлгі болатыны да сөзсіз. Елімізде Түркістаннан басқа сакралды қала дейтіндей мен бір қаланы да көріп тұрған жоқпын.
Тағы бір мәселе бар, Түркістан туралы тәуелсіздік тұсында жазылған ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар, естеліктер бар, соны әлем елдерінен жинағанымыз абзал. Түркістан туралы мәліметтердің әлемдік базасын жасауымыз керек. Сонда Түркістан өзін таниды, қаланы әлемге танытуда жаңаша бір серпін алады деп есептеймін. Мағжан ақын Түркістанды «екі дүниенің есігі», «төрт қақпалы Түркістан» деді. Демек, көне шаһардың әлемге ашық екенін, орта ғасырдан-ақ бәсекеге қабілетті қала болғанын біз жан-жақты насихаттай беруіміз керек.
Аptanews.kz