«Былғары доп» — бізде!
Футболдан жастар арасында өткен республикалық «Былғары доп» Ұлттық мектеп лигасы аяқталды. Семей қаласындағы «Цементник» стадионында өткен жас аяқдопшылар бәсекесінде Павлодар облысының құрама командасы жеңіске жетті.
Турнирге 2007-2008 жылы туылаған жасөспірімдер қатысып, бақ сынады. Ойынға Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан сегіз команда қатысты. Павлодарлық аяқдопшылар осы турнирде бес ойын өткізіп, барлық қарсыластарынан басым түскен. Біздің балалар алдымен Атыраумен ойнап, оларды 3:1 есебімен жеңді. Одан кейін Маңғыстау мен Семей жастарын қабылдап, біріншісінен 4:0, екіншісінен 6:0 есеп айырмасымен тізе бүктірді. Жартылай финалдық ойында Алматы командасымен ойнап, қарсыластар қақпасына қайтарымсыз екі доп салды. Мектеп оқушылары арасындағы ең үздік деген төрт команданы осылай ірі есеппен сүріндірген біздің өрендер финалда Батыс Қазақстан командасымен бақ сынасты. Ойын нәтижесі – 2:0. «Былғары доп» кубогы біздің ойыншылардың қолында. Бұдан бөлек жасыл алаңда өздерінің шеберлігімен көзге түскен ойыншылар арнайы аталымдармен марапатталды. Мысалы, біздің команда құрамындағы Жанат Жігер «Үздік жартылай қорғаушы» және Төлеубек Мадияр «Үздік ойыншы» атанды.
Жас футболшылардың дайындығын шыңдап, жарыс жолына шығарған Бауыржан Момышұлы атындағы №22 орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Сұңғат Дошматов.
— Ойын оңай болған жоқ. Барлық командалар ерекше жоғары дайындықпен келген екен. Ал, біздің шәкірттердің шеберлігі бәрінен асып түсті. Соның нәтижесінде бәсі биік доп додосының бас жүлдесін жеңіп алды. Команданың жаттықтырушысы ретінде мен бұл ойыншылармен мақтанамын. Болашақта мықты футболшылар шығатынына және олар еліміздің ұлттық құрамасының намысын қорғайтынына сенім мол. Жас футболшыларды даярлап, оларға қолдау көрсеткен мектеп ұжымдарына, ата-аналар қауымына үлкен алғысымызды білдіремін, — дейді Сұңғат Дошматов.
Тілеуберді САХАБА