«АДАМҒА ТӘН ҚАТЕЛІКТЕРДІҢ ФИНАЛҒА ӘСЕР ЕТКЕНІ ӨКІНІШТІ…»

 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ:

«АДАМҒА ТӘН ҚАТЕЛІКТЕРДІҢ ФИНАЛҒА ӘСЕР ЕТКЕНІ ӨКІНІШТІ…»

      Отыз күн бойы дүниежүзінің теңбіл доп жанкүйерлерін теледидарға телмірткен футболдан 21-ші әлем чемпионаты да тарих қойнауына аттанды. Кеше ғана неміс машинасының қирап, Ресей құрамасының өзгеше өнерін тамашалап, жеңілістің ащы дәмін сезінген Мессиді қолы тиген мазақтап, Криштиануды қаралап отырған еді. Ал, 15 шілде күні өз жетістігін араға 20 жыл салып қайталаған Францияның чемпион атанып, Мундиаль кубогін екі рет басынан асыра көтерген Уругвай және Аргентина құрамаларымен теңескеніне куә болдық.

Сөйтіп, 64 матчта 169 гол соғылып, 1998 және 2014 жылғы рекордтық көрсеткішке 2 гол ғана жетпей қалды. Әйтпесе, бұл чемпионатта жаңаруы екіталай делінген талай көрсеткішке түзету енгізілді. Хорватия мен Бельгия құрамалары тарихында болмаған жетістіктерге жетіп, тіпті, ең әдемі ойын өрнегін көрсеткен құрама ретінде көптің көңілінен шықты. Әсіресе, хорваттардың қайсарлығына қазақ жанкүйерлерінің тәнті болғаны соншалық, олар финалға өткенде Қазақстан құрамасы ойнап жатқандай бөркін аспанға атқаны бар. Десе де, бапкер ретінде 2004 жылы УЕФА Чемпиондар Лигасының және 2016 жылы Франция жерінде өткен Еуропа чемпионатының финалында тауы шағылған Дидье Дешам «триколорды» Хорватияға қарсы кездесуге, жалпы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындықпен алып келгенін дәлелдеді. Финалда 6 гол соғылып, 4:2 есебімен Франция құрамасы жеңіске жетсе, бас бапкер Д.Дешам ойыншы ретінде және бапкер ретінде де әлем чемпионы атанған үшінші тұлға атанып, футбол тарихына есімін жаздырды. Қайсар мінезі, әділ ойынымен көзге түскен Лука Модрич турнирдің үздік ойыншысы атанса, 6 гол соққан Харри Кейн (Англия) «Алтын бутсыға» ие болды. Ал, сұңғақ бойлы, бельгиялық атақты қақпашы Тибо Куртуа «Ең үздік қақпашы» деп танылса, финалда гол соғып, өз есімін тарихқа әйгілі Пелемен қатар қойғызған 19 жастағы Килиан Мбаппеге «Ең үздік жас ойыншы» атағы бұйырды.

Футбол жылнамасына ене барған бұл турнир туралы айта берсек әңгіме көп. Біз өз кезегімізде әлем чемпионаты басталмай жатып-ақ статистикаларды жіліктеп тұрып жанкүйерлер назарына ұсынған, қазақы сөздің майын тамыза отырып футбол матчтарын жүргізген белгілі комментатор, спорт шолушысы Есей Жеңісұлымен сұқбаттасқан едік.

 

-Есей Жеңісұлы, сіз үшін «бұл чемпионат бұрынғыдан өзгерек» өтті ме?

-Осындай үлкен дода басталарда, ерекше оқиғалар, деректер, жаңалықтар күтесің. Бұл жолы да солай. Хорватия топ жарса, жер-жаһан жаңа чемпионды танитын еді. Францияны қомсынып тұрғаным жоқ, бірақ, Хорватияның дара шығуы футбол үшін зор құбылыс саналып, кішкентай ғана елдің ұлы ерлігі болары даусыз… Сондықтан қалауының бəрі орындалып, бірақ ең үлкен сыйлығын ала алмай қалған балақай секілді бір бөтен сезім жүрегімізде қалды. Бұл чемпионат, шынында да өзгерек болды. Гол көп соғылды, ешбір команда анық аутсайдер болған жоқ, финалдың өзінде 6 доп соғылды, финалға командалық ойыны өте мығым қос команда шықты. Ресей жоғары деңгейде өткізді. Демек, бəрі жақсы.

-Сіздің Италияға жанкүйер екеніңізді жақсы білемін. Сүйікті құрамасы жарыс жолынан шығып қалғанда «Мен үшін әлем чемпионаты осымен тәмам» дейтіндер көп. Бұл жолы кімге жақтастыңыз? Сондай-ақ, болжамдарыңыз қаншалықты дәл келді?

-Қазақстан мен Италия жолда қалған соң, көз жасына ерік беріп, «чемпионатты аяқтау» 30 жылдық өтілі бар жанкүйер үшін ұяттау болар еді. Бұл жолы бұрын чемпион атанбаған құрамаларға тілеулес болған жөн деп шештік. Бельгия, Хорватия, Португалия, Сенегал құрамалары оза шауып жатса, жарты жаһанның байлығын басып қалғандай болар ма еді? Өйткені, футбол миллиардтар ойыны ғой. Бразилияның сонша ұзай қоймайтынына о бастан сенім болды, ал Германияның топтан шыға алмай қалуы шынында да үлкен сенсация! Ерекше қайрат күткен құрамалар ішінен Сенегал мен Колумбияның тез шалынғаны ғана ренжітті. Өз басым айтқаны айнымай келетін көріпкел емеспін. Сондықтан дəл болжай алмадым деп кейіген жоқпын. Футболдың өзі болжаусыз дүние ғой.

 

«VAR» да қателеседі екен-ау!

 

-Қызықты статистикаларды әр ойынның ізін суытпай жеке сайтыңызға жариялап отырдыңыз. Ауыз толтырып айтарлық жаңа рекордтар, жаңа есімдер мен тарихи сәттерге тоқтала кетсеңіз…

-Ресейде өткен кезекті әлем чемпионаты шынымен де түрлі рекордтарға, ерекше, қызық жағдайларға толы болды. Мысалы, Хорватия құрамасы 4,5 миллион-ақ халқы бар елдің бет-бейнесін танытты десек қателеспейміз. 1998 жылы қола жүлдегер атанса, биыл бір саты жоғарылап, күміс жүлдеге ие болып отыр. Ал, Франция Мундиаль шыңын екінші рет ірі есеппен бағындырды. Бұдан бөлек, Францияның Альфонс Ареоля деген қақпашысы ұлттық құрама сапында бірде-бір ойын өткізбей әлем чемпионы атанды. Бұдан бұрын мұндай «нәтиже» болған емес. Сондай-ақ, биыл 22 пенальти қақпадан дәл табылса, бұл көрсеткіш бұрынғыдан 4 допқа артық. Яғни, мұндай деректерді мысалға келтіре берсек, бір ай бойы жанкүйерлердің қызық жағдайларға, түрлі жаңалықтарға куә болғанын растайды деп есептеймін.

-Финалға келейікші. Жаныңызды салып жүргіздіңіз. Көрермендер дән риза деген сенімдемін. 22 ойыншының өнері көңілден шықты ма?

-Финал, әрине, көңілден шықты. Әдеттегі сценарий бойынша доп хорваттардың қақпасына бірінші болып еніп кетті. Бірақ, кейін қайталап көру барысында аңғарғанымыздай, Поль Погбаның ойыннан тыс қалғаны анық байқалды. Демек, қанша жерден VAR жүйесіне (бейнеқайталау) сүйенсе де төрешілер қателесуін тоқтатар емес. Сөйтіп, өз қақпасына гол жіберіп алған Хорватия есепті теңестіруге күш салды. Теңестіруін теңестіріп-ақ еді, ары қарай шақпақ жейделілердің қақпасына пенальти белгіленді. Тіпті, футбол мамандары бұл пенальтидің ешқандай да ойын тәртібін бұзу еместігін нақтылап отыр. Дәл сол сәтте алдында француз ойыншысы тұрғанда хорват жартылай қорғаушысы Иван Перичичтің қолын жинап үлгермейтіні айтылды. Яғни, бұл жерде де VAR-дың да «қателесетіні» көрініп тұр. Тек мұның бәрі ойын нәтижесіне тікелей әсер ететіні қиын. Әйтпесе, Хорватия құрамасы барын салған еді. Ал, екінші таймда алыстан екі гол жіберіп алғаннан кейін олар былайша айтқанда ойын ойнауды қойды. Осы нәтижеге көнген сыңай танытты. Манджукичтің ізденіп барып, Льористің қателігін пайдаланып, гол соққаны ойынға тағы да әсер еткендей еді. Дегенмен, адамға тән қателіктердің финалға әсер еткені өкінішті-ақ! 1966 жылғы финалдан кейін 6 голдың соғылып тұрғаны осы екен. Сондықтан, бұл ойын ешкімді де бей-жай қалдырмады деп есептеймін. Ең бастысы, футбол «голымен» салтанатты екенін айғақтады.

 

«Комментаторлардың кез келген қателігін көрермендер кешіре алмайды»

 

-Ермұхамед Мәулен екеуіңіздің комментаторлық тандемдеріңізге сүйсінбеген жан қалмаған шығар. Әлем біріншілігінің белортасынан бастап комментаторларды сынау да басылған сияқты. Көпшіліктің және өзімнің де ойымда бар сауал: 14-ші маусымнан бастап тізгінді ұстауға не кедергі болды?

-Әлем чемпионаты басталардың алдында «Qazaqstan» телерадио корпорациясы комментаторлардың жиынын өткізген болатын. Сонда мен өзімнің 30 маусымға дейін футбол жүргізуге араласа алмайтынымды айттым. Өйткені, Ұлттық аударма бюросының редакторы болғандықтан, мойнымызда үлкен міндет, том-том кітаптар бар. Оның өзін орта жолдан тастап кетуге тағы болмайды. Шілденің басында өткен «Қазақстан Барысы» турниріне баратын болғандықтан сол кездегі 1/8 финалдың төрт бірдей матчына алдын ала жазылып қойған едім. Содан кейін Құдай сәтін салып, аталған төрт матчты жүргізген Ермұхамед Мәулен екеуміздің тандемімізге көрермендер наразылықтан гөрі разылық танытып жатты. Осыны ескерген болар, корпорация басшылығы, «Qazsport» арнасының басшылығы мені сенбі-жексенбі күндері өтетін ойындарға белгілеп отырды. Чемпионат барысында бас-аяғы 9 матчқа комментаторлық жасадым. Төрт жылда бір өтетін футбол форумын еліміздің басты арнасында жүргізу – үлкен мүмкіндік, финалды жүргізу – үлкен мәртебе деп ойлаймын. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұлттық арнаға, өзім бұрын кызмет істеген «Qazsport» телеарнасының басшылығына алғысым шексіз. Матчтарды жүргізуге Ермұхамед екеуміз жан-жақты дайындалдық. Қанша жерден жанымызды салып жүргізсек те бірді-екілі қателіктеріміз де болды. Оны көрермендердің кешіре алмайтынын байқадық. Мәселен, жартылай финалда Дембеленің есімін шатастырып алсам, финалда испан қақпашысы Пепе Рейнаның аты аузыма түспей қойды. Ойын барысында осындай қателіктерімді іштей сезініп отырдым. Бірақ, кейін әлеуметтік желілерді ақтарып отырғанымызда дәл осы қателіктерімді көзге шұқып көрсеткендер болды. Әрине, қатені аңғару оңай. Бірақ, біздің жанымызды салып тұрып матч жүргізгенімізді шын сезінген көрермендер, жанкүйерлер кешіріммен қарайды деген сенімдемін.

-Осы 32 команданың қатарында Қазақстан болғанда ғой деген арман сіздің де кеудеңізде бары бесенеден белгілі. Қазақ футболының жанашыры ретінде ұлттық құрамамыздың Мундиальға немесе Еуропа чемпионатына нық қадам басуына қандай да бір ұсыныс айта аласыз ба?

-Футболдың даму тарихына, жеке елдің дамуына қарай отырып, негізі өте ұстамды болу жолын ұстанған адаммын. Қазақ жанкүйерлерінің есінде болса ұлттық құрамамыздың бірден әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігі бұған дейін болған. Қазақстан ұлттық құрамасы Азияның іріктеу аймағында өз тобында Пәкістан мен Иракты ұтып, кейін Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі, Жапония, Корея секілді құрамалармен жолдамаға таласқан еді. Оның үстіне аса нашар ойнаған да жоқ. Тіпті, сырт алаңда Пәкістанды 0:7 есебімен ұтты. Дегенмен, ол кездегі қазақ футболының инфрақұрылымы өте төмен болды. Мақтанатындай ештеңе жоқ, жалғыз Алматының орталық стадионы ғана халыақаралық деңгейде мачт өткізе алатын. Содан бері ұлттық құрама УЕФА-ға кірді. Басқа да жақсы қадамдар жасалды. Менің ойымша, соңғы кездегі біздегі даму үрдісі қазақ футболдың да әлем футболынан алар несібесі бар екенін көрсетеді. Сондықтан, білікті бапкерге мүмкіндік тудырып отыру керек. Қазір бізде талантты буын да бар. Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Роман Муртазаев, Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко сияқты мықты жігіттеріміздің әлеуетін пайдаланып, неге Әлем, Еуропа чемпионаттарының жолдамасына таласпасқа? Мысалы, қазір Еуропа чемпионатына 24 команда қатысса, 2026 жылдан бастап әлем чемпионатына 48 ел қатыспақ. Біздің де сол Панамадан, Перуден, Сауд Арабиясынан, тіпті, айналып келгенде Швейцарияның өзінен ештеңеміз де кем емес. Ұлттық құраманың соңғы ойындары үміт отын жандырып отыр. Сондықтан, бізде мүмкіндік бар, тек соны пайдалана алу керек.

-Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ