Астанадан тамаша әсермен кетіп барамыз…
Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай «Жаңарған Жамбылдан – асқақтаған Астанаға!» атты Жамбыл облысының мәдени күндері аясында облыстық қазақ драма театры мен орыс драма театры да Елордалықтарға өнермен шашу шашқан болатын. Бұл өнер ұжымдары Астаналықтарға жақсы таныс. Былтыр ғана «Домалақ ана» тарихи спектакілімен Астаналықтардың есінде қалған өнер ұжымын театр сүйетін көрермен бұл жолы да жылы қабылдады. Біз ретін тауып, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры жазушы-драматург, ҚР Мәдениет қайраткері Болат Үмбетәліұлы Бекжанов мырзамен тілдескен едік.
-Астана қаласына қош келдіңіздер. Біз білгенде алғаш келулеріңіз емес, бұл жолы көңіл-күйіңіз қалай?
-Өнер сапарымен Астанаға келуіміз, әсіресе, біздің өнер ұжымына дәстүрлі мереке десек те болады. Жыл сайын, жаздың жайма-шуақ күндерінде біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театрының артистері елорда жұртымен қауышады, өз қойылымдарын ұсынады. Ал, биылғы сапарымыз жылдағыдан ерекше болып тұр. Ол — Астананың 20 жылдығы. Бұл — бүкіл елдің мерекесі. Біз бұл мерекені өз жерімізде түрлі формада атап өттік. Енді соның жалғасын «Жамбыл облысының Астанадағы мәдени күндері» етіп жалғастырып жатырмыз. Көңіл-күй туралы айтар болсақ, Астана — жылдан-жылға түрленіп келе жатқан қала. Сонысымен де бізді қуантады. Біз бұл жолы 200-ге тарта өнерпазды бастап келдік.
Тараз- тарихи ұзақтан басталатын көне қала. Тараз тарихы- жалпы қазақтың тарихы. Елбасымыздың «Тарихымыздың темір қазығы» деп атаған қаласы. Біздің елімізде, бәлкім дүниеде тарихи қала көп. Еліміз бойынша Сарайшық, Сауран, сияқты көптеген көне қалалар бар екені белгілі. Бірақ, бүгінге дейін өмір сүріп тұрғаны- жалғыз Тараз қаласы. Қазірде кез-келген жерін түртіп қалсаң тарих шыға келетін Әулиеата өңірінен құнды тарихи жәдігерлерімізді алып келдік. Он күн бойы Астанада «Тараз жәдігерлерінің көрмесі» өтіп жатыр. Астана жұрті сол көне жәдігерлерді көріп, тарих тереңіне оймен сапар шегеді. Онан соң этноауылда үлкен концерт бердік. Елордалықтар өнерімізбен танысып, қолөнер шеберлеріміз дайындаған әсем бұйымдарын тамашалап жатыр.
Астана қаласы көркейіпті дедіңіздер, қаншалық әсер етті? Жалпы Астана сізді несімен қызықтырады?
Астана – еліміздің жүрегі. Барлығымыздың мақтанышымыз. Адамзат баласының жанына, жүрегіне жақын бір ыстық нүктесі болатын болса, біздің жүрек түкпіріміздегі ыстық нүкте, ол – Астана. Кез-келген мемлекеттің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны дегендей өзіне тән нышандары бар. Соларыдың қатарына астаналарын, елге еңбегі сіңген басшыларын да қосуға болады. Кешегі Кеңес Одағында «Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ» дейтін сөз тіркесі бар еді. Бұл сөздің мәнісінен Мәскеудің ғасырлар бойы қалыптасып, гүлденіп-көркейгендігін аңғаруға болатындай. Енді тарихы ұзақ, жылдар бойы қалыптасып, дамып келген Мәскеумен салыстырғанда, ширек ғасырдың ішінде мынадай қала тұрғызуымыз, ұшан-теңіз еңбектің нәтижесі, Елбасының жігерінің, көрегендігінің арқасы деуге болады. Қай елге барсақ та, біз сол елдің астанасына қарап жалпы мемлекетін бағамдаймыз. Астанасына қарап, тарихын, мәдениетін, өнерін бағалаймыз. Мен таяуда Қазан қаласында болып қайттым. Қаланың ортасында ағып жатқан Кабан деген өзені, оның жағалауы, тамаша жарасымдылығымен мені қайран қалдырды. Мен Астанаға келіп, Есілдің жағалауын, мынау жаңадан бой көтерген балық пішінді көпірді көріп отырып кейде өзімізде барды бағалай алмайтын мінезімізге таң қалдым. Мен көрген Қазандағы жағалауды, біздің Астанадағы Есілдің жағалуы он орап алатындай. Біз Астанамызбен кімге болсын мақтана алатын, ұялмай айта алатын қала ретінде бой көтеріпті. Астананың төңірегінде Алатау секілді таулар болмаса да, Елбасының бастамасымен бой көтерген қала шетіндегі орманды көріп риза болдым.
Бұл жолы Жамбыл облысының екі театры келіп отыр. Қандай қойылымдарыңыз бар?
82 жылыдқ тарихы бар Жамбыл облыстық қазақ драма театры, әр жылдары Астана көрермендеріне есеп беру мақсатында өздерінің туындыларын көрсетіп келе жатқанына да біраз жыл болып қалыпты. Биыл Астананың 20 жылдық мерекесі екендігін ескеріп, сонау 1960 жылдары жазылған Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар ай» атты комедиясын алып келдік. Ол комедия Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда өтті. Халық көп жиналды. Қазіргі кезде жалпы жұрт демалысқа кеткен, қаладағы адамдар азайған кез десек те, көрермендер қарасының көптігі мен ықыласы бізді желпінтіп тастады. Астана жұрты театр сүйетін халық екен. Комедияны қойған – Алматылық жас, талантты режиссер Рүстем Шанаманов деген азамат. Ол бұл спектакльді бүгінгі заманға икемдеп қойды. Театрға арқау болған оқиға 1960 жылдары жазылғанымен, бүгінгі еліміздегі жолға қойылып жатқан «дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес келетін тұстары бар. Сонан кейінгі бір қамтылған жағдай, қазіргі қыздарымыздың кешеуілдеп тұрмыс құратындығы. Осы мәселелерді өткір сөзбен, ащы әжуамен сынамай- ақ, әдемі сөзбен, музыкамен, күлкімен комедияға айналдыра отырып тамаша жеткізе білді. Және бұл ностальгия. 1960 жылдарды көрген көрермендер мұны сағынып көреді. Бұл қойылымды қазақ комедиясының ішіндегі классика деп те айтуға болады. Сондықтан, көрермен жылы қабылдап, қойылым аяқталған соң артистерімізбен қимай қоштасты. Осының өзі біздің ұжымды қанаттандырып, шабыттандырды. Ал, орыс тетрының қойылымын да елорда жұрты жылы қабылдап, құрмет көрсетті. Қорыта айтқанда, Астанадан тамаша көңіл-күймен аттанып бара жатырмыз.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Ерқазы Сейтқали