АСТАНАДА ТАҒЫ ДА АНА ӨЛІМІ
Дәл қазір елімізде отыз бойдақ үйленсе де, бір сағатта отыз бала дүниеге келсе де көп емес. Сол секілді бір адамның дүниеден өтуі, халқының саны, жерінің территориясына сай келмейтін жасампаз мемлекетіміз үшін аз да емес. Міне, сондықтан да 16 шілде таңертеңгі сағат 09:25-те бас қаладағы №2 перинаталдық орталықта жаңа босанған жас ананың жарық дүниемен қоштасуы түйткілді мәселе ретінде Үкімет үйінде де талқыланды.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Елжан Біртанов баяндама жасап, Астанада биылдың өзінде төртінші жағдай тіркелгенін растады.
— Дәл қазір қажетті зерттеу жұмыстарын бастап кеттік. Ол үшін арнайы штаб та құрылған. Қайтыс болған елордалық тұрғындарға амбулаториялық деңгейде қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Кейбір жағдай әйелдің негізгі денсаулығына байланысты. Алайда жалпы перинаталдық орталықта тексерістің бәрін жүргіздік. Санитарлық эпидемиялық режим дұрыс. Әрі қарай жұмыс істеп жатырмыз. Ақпарат беремін, — деген Е.Біртанов кейін баспасөз мәслихатында:
— Өкінішке қарай, алғашқы жарты жылдықта босануға дейін және босанғаннан кейін ана өлімі көбейіп, былтырғы деңгейден артты. Өңірлер арасында басқа жылдарға қарағанда көп жағдай тіркелді. Қазіргі таңда әрбір жағдайға қатысты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тергеу жүргізіп жатыр. Республика бойынша жарты жылдың ішінде 31 ана көз жұмды. Жыл сайын республикамызда 50-60 әйел көз жұмады. Ресми статистика бар, одан бөлек жыл сайын құпиялық аудиттер жүргіземіз, яғни, басқа диагноз бойынша тіркелгендерді тексереміз. Құпиялық аудит есебімен ана өлімі 100 мың жаңа босанған әйелдер арасында орта есеппен 14-15 әйелді құрайды, — деп адам шошырлық цифрларды тізіп берген-ді.
Себебі анықталмаған аналар өліміне қатысты Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те мәлімдеме жасаған еді. 16 шілде күні дүниеге аман-есен қыз бала келсе де, оның анасының өмірін Ұлттық ана мен бала орталығы, Ұлттық кардиохирургия орталығы және «Астана» медицина университеті мамандары жабылып жүріп арашалай алмаса, бұл жөнінде қала әкімі:
— Барлық жағдайлар бойынша жетекші медициналық орталық мамандарының қатысумен консилиум өткізіледі. Түйткілді мәселелер денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып, нақты іс-әрекет жоспары құрылды. Сондай-ақ қауіпсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық медициналық көмек үшін Еуропаның тәжірибелі мамандарын шақырып отырмыз. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, — деді.
Мамандарды шетелден алдыруға мәжбүр болып отырған әкім Астана қаласындағы проблеманы шеше жатар. Ал өзге аймақтар қайтпек? Е.Біртанов Премьер-министрге еліміздің түкпір-түкпірінде жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау басқармалары тарапынан бақылаудың тым әлсіздігін, тіпті, өңірлерде бұл мәселені шешетін басшылардың жоқтығын да айтып қалды.
— Кадр мәселесіне келсек, 8 өңірде орынбасарлар жоқ, олардың бәрі жұмыстан шығып кеткен. Аймақтарда 340 акушер-гинекологтың орны бос тұр. Жергілікті билік өкілдеріне мамандар алып, олардың білімін жетілдіруге бар күшін салуды баса айттық, —дейді денсаулық сақтау министрі. Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, аталмыш мәселенің екінші жағы пациент әйелдерге жауапкершілік жүктейді. Министрдің сөзіне сүйенсек, жас аналардың қыршын кетуіне әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарауы және уақытылы есепке тұрмауына тікелей байланысты болып отыр. Өздеріне ғана белгілі себептермен жүкті әйелдердің жылына 20%-ы есепке кеш тұрса, олардың басым бөлігі бақилық болған жас аналардың қатарында. Яғни, қайтыс болған пациенттердің жартысынан көбі — дәрігердің қадағалауына уақытында жазылмай, сырқатын асқындырып алғандар. Ал қалғаны — тікелей босану жағдайында көз жұмғандар мен жарақат және тамақтан улану секілді жүктілікке қатысы жоқ себептерге байланысты қайтыс болған әйелдер.
Ермұрат Назарұлы