Трамп Путиннің “қалтасында” ма?
АҚШ сенаторы Крис Мерфи Трамптың Путинмен кездесуін: «Өз мемлекетіне ортаңғы үлкен саусағын көрсетуі», — деп сипаттаса, ОББ-ның (ЦРУ) экс-басшысы Джон Бреннан: «Трамп толықтай Путиннің қалтасында», — деп күйінді.
Кеше Хельсинкиде Ресей басшысы мен АҚШ президенті «оңаша» кездесті. Тет-а-тет диалог бір жарым сағатқа созылды. 5 минут ашық көрісіп, 3 секунд қол қысысқан басшылар қандай мәмлеге келді? АҚШ Орталық барлау басқармасының (ОББ) бұрынғы басшысы Джон Бреннан «сатқын» деп атаған, АҚШ сенаторы Маккейн: «бізді ұятқа қалдырды, трагедиялық қателік болды», — деп ренжіген, «Оны бүкіл әлем жек көреді», — деп Хельсинки көшелерінде халық қарсылық жасаған Трамп не ұтты? Санкциядан санкция астында келе жатса да «қыңқ» етпей жүрген, барша Батыс «диктатор» деп танитын Путин не тапты?
«Президенттер неге тоқайласты?» дегенімізбен, олардың жеке бастарының арасында ашық дұшпандық жоқ. Путин Ким Чен Ын сияқты Трампты тілдеген емес. Трамп та Путинге тіс батырмаған. Мәселе екеуі басқарып отырған екі елдің дипломатиялық қатынасында. «Ақыл-есі кем», «кішкентай зымыран адам» деген сияқты есте қаларлық теңеулері болмаса да екеуін байланыстыратын ортақ нәрсе көп. Ортақтығы сол — «Адам құқықтарын таптайтын» елдің басшылары. Керісінше, Трамп 5 шілдеде Путинді «Жақсы адам» деп қалды. 2014 жылы Украинаға Ресей басып кіргенде «өте ақылды әрекет» деп қойып қалғаны тағы бар. Ал Путиннің Трампқа симпатиясы оның президент болып сайланғанында-ақ білінген. Алғашқы болып құттықтаған Путин «Америкалықтарда екі жол: Дүниежүзілік соғыс пен көпқырлы әлем (многополярный мир) жаратуға таңдау болды. Клинтон соғыстың символы болса, Трамп та жағдайды өзгертуге мүмкіндік бар», — деген еді.
Салқын қатынастағы ел басшыларының жылы кездесуі
Оған қарамастан АҚШ пен Ресейдің қырғи-қабақ қатынасы болса ең төменгі деңгейде. Негізгі себеп: Украина мен Сирияға ұстанған Мәскеу саясаты. «Ядролық қарудан супердержавалық жарыс» тағы бар. «Сирияға химиялық қару қолданып, Асадты қолдады» деп АҚШ Мәскеуді айтыптаса, «Сирияны ушықтырды, көтерілісшілерді қолдады» деп Ресей Ақүйді кінәлайды. Осы кездесу Хельсинкиде 1975 жылы өткен АҚШ өкілдері мен Совет Одағы саммитінің нәтижесіндей бола қоя ма? Ол жағы белгісіз. 2017 жылы қыркүйекте Хельсинкиде АҚШ пен Ресей дипломаттары диалог жасаған. Ал маусым айында екі елдің әскери кеңесшілері жиналыс жасады. Хош, осы кездесу қалай өтті? Президенттердің біріккен баспасөз конференциясында айтқан сөздерін тәпсірлеп көрейік.
«Салқын қатынас» бар екенін Путиннің өзі де мойындап, «лайықты себептері» бар деп атап көрсетті. «Киберқауіпсіздік пен террорға біріккен қарсылық» туралы айттық деп жалғайды сөзін Ресей басшысы. Трамптың президенттігін қолдағанын да «Ресей — АҚШ қарым-қатынасын жақсарту» үшін деп түсіндіре кетіпті. Трампқа доп сыйлаған Путин кездесуге «разы» болса, Трамп «ашық әңгіме болды» деген. «Кеңес одағы мен АҚШ «Суық соғыс» кезінде де диалог жүргізе алған. Артқа қадам басып, екі ел де қателік жасады. Бірақ мен 4 сағат бұрын жағдайдың өзгергенін айта аламын. Демократиялық партия тек қарсы тұруды қалайды, мен президент ретінде Америка мен америкалықтар үшін не пайдалы болса, соны істеймін», — деді ол.
Күллі Батыс бір төбе, орман орыс бір төбе болып отырғанда Дональд Трамптың Путинмен жолыққанын бәрі сынап жатыр. Сынамай қайтсын, сыналатынын тіпті Трамптың өзі біліп, кездесуге дейін-ақ «Путинмен қол қыссам ауылға келгенде ағайын жақтыра қоймайды» деп жазды. Германияның Гамбургінде өткен алғашқы кездесуде де аз протест болған жоқ. «Тозаққа қош келдің» акциясына шыққандар негізгі қарсылығын Путин мен Трампқа бағыттап еді. 45 минутқа жоспарланған кездесуі 2 сағатқа созылған. Кейін Лавров кездесу туралы Украина мәселесі жөнінде дипломатиялық канал жасаймыз деп мәлімдеген болатын.
Қобалжулы жұрттың бір парасы екі президентті осыдан дәл 4 жыл бұрын, 2014 жылы 17 шілдеде болған Амстердамнан Куала-Лумпур-ға ұшқан Малайзия ұшағының 298 адамның өмірін қиған трагедиясына көз жұма қарады деп сынайды. 2 ай бұрын ғана осы ұшақта Нидерланд үкіметі Ресейді «анық жауапкер» деп айыптап, ресми мәлімдеме жасаған, тергеу-зерттеу жұмыстарын жария етіп, Ресей қылмысына дәлел ұсынған болатын.
Қырымға қырын көзқарас
Қызығы сол Трамп осы жолы Қырым туралы ләм демепті. Есесіне Путин: «Қырымға Трамптың позициясы белгілі, заңсыз санайды. Біз басқаша қараймыз, әділ референдум өткіздік, осымен тақырып жабық», — депті. Шамасы «Қырымға аяқ салдың» деген айыптаудан арқасы әбден жауыр болса керек. «Қырым аннексиясы үшін салынған санкциялар түбек Украинаға қайтарылмайынша жойылмайды», — деген кезінде Марк Тонер. Бұл мемлекеттің департаменттің баспасөз хатшысының ғана емес АҚШ-тың бұлжымас позициясы екенін бәрі біледі.
Бірақ 8-9 маусымда Италияда өткен G7-нің 44 саммитінде Трамп: «Қырым — Ресейдікі», — деп тосын сөйледі. Жұрт жаңылды ма десе, АҚШ президенті Дональд Трамп маусымның 29-ы Ресейдің 2014 жылы күшпен аннексиялап алған Қырымды иелену құқығын мойындау жайын ойланып көретінін тағы білдірген. 3 шілдеде АҚШ Ресейдің Қырымды аннекциялағанын үзілді-кесілді мойындамайтынын тағы айтты. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Тонердің сөзін қайталады. АҚШ жағынан интригалық мәлімдемелер шыққаны өзгеден бұрын Украинаны қатты алаңдатып отыр.
«Трамп Путиннің қуыршағы» ма?
Кездесуден кейін «Вашингтон пост» газеті «Трамп сайлауда көмектескен Путинге төлем жасады» деп сөкті. Әрине, АҚШ-тағы 45-ші президентті сайлауға Ресей араласты деген дүдәмал күдік Трамптың қитығына тиетіні рас. Тимей қайтсін, «орыстың арқасында президент болып отыр» деген ат қай бір жақсы дейсің. Трамп осыған дейін бірнеше рет ақталған. «Сайлауда Клинтонды таза жеңдім, ұтымды сайлау компаниясын өткіздік, ол кезде Путинді танымайтын да едім» депті бір кездесуінде. Мәселенің мәнін Трамптың жауабы емес. Мюллердің тергеуі шешеді, бірақ, сайлауды шам алып зерттеп жүрген арнайы прокурор қолындағы жіп ұшының екінші шеті Мәскеуден бірақ шығатынына сенімді. Мәскеу қанша жерден «АҚШ сайлауына килігу» туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, өзге мемлекеттердегі сайлауларға араласпайтыны жөнінде бұған дейін бірнеше рет мәлімдесе де ақталмай келеді.
Күні кеше ғана, 13 шілдеде АҚШ бас прокурорының орынбасары Род Розенстайн Үлкен жюри Құрама Штаттар президенті сайлауына араласу ісі бойынша, Ресейдің Бас барлау басқармасының (ГРУ) 12 қызметкеріне айып тағу туралы шешім қабылдап, Еуропада жүрген Трампқа ескерткен. Трамп әкімшілігі мен Путин байланысы — «Russiagate» сыры әйтеуір бір ашылары анық.
Екі ел басшысына тіпті «Ресейдің арнайы қызметтерінде Трампқа қатысты компроматтар бар ма?» деген сұрақ та қойылған. Путин: «Ондайды мидан шығарып тастаңдар» десе, Трамп «Компроматы бар болса жария етер еді», — деген.
Мәселе бірден шешіліп кетті ме?
«Арамыздағы мәселелер бірден шешіліп кеткен жоқ». Кездесу қорытындысы туралы Путин осылай деді. Бірақ екі ел басшылары жиі бас қосып, алдағы уақытта осындай саммитті көптеп өткізуге келісті. Тіпті, Италия вице-премьері әрі ІІМ министрі Маттео Сальвини президенттерге келесі кездесуді Италияда жасауға ұсыныс етті. Сарапшылар ешбір құжатқа қол қойлымаған, президенттердің еркін пікір алмасуы деңгейдіне өткен саммит қалай дегенде де АҚШ-Ресей қатынасын жылыта түседі деп санайды. Басшылардың амандасуы, қол алысуы, хаттамада жоқ. «Бір минут суретке түсуі» соған дәлел болса керек.
Кездесуден кейін мәлімдеме жасаған Трамп: «Әлемдегі ядролық қарудың 90 пайызына иелік ететін Ресей мен АҚШ бұл мәселеге байланысты бірдеңе істей бастады. Уақыт бар, асығыстық жоқ», — деді. «Президент Обама «ғаламдық жылыну — басты мәселе» деген, мен «ядролық ысыну — басты мәселе» дер едім» деген болатын өз сөзінде АҚШ президенті. Осы сөзі арқылы ол жақында өтпек Ким Чен Ынмен, күні кешегі Путинмен кездесуінің мақсаты не екенін нұсқады.
Кездесудің ресми Астанаға әсері қандай?
Сирия мәселесі бойынша журналистер сұрағына Путин: «Мұндағы басты мәселе — гуманитарлық проблемалар. Оларды тез арада шешу керек», — деді әрі франциялық және америкалық әріптесімен сөйлесетінін айтты. Сондай-ақ Путин Мәскеудің астаналық форматта келіссөздерді жалғастыра беруді қолдайтынын, процессте прогресс бар екенін, түбегейлі шешімге жоғары мүмкіндік бар екенін айтты.
Президенттердің кездесуінде Орталық Азия туралы басқа сөз бола қоймады. Дегенмен, Ресейдің басты сауда серіктесі Қазақстан Ресей-АҚШ жылымығынан жақсы нәтиже күтетіні рас. Қырым аннекциясынан кейін Ресейге салынған санкциялардың жанама әсері Қазақстанға айтарлықтай әсер еткен. 2014 жылғы шілдемен салыстырғанда қазір қазақ валютасы 100 пайыз девальвацияланған.
Нұрғали Нұртай