«Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы Атырау облысында сәтті аяқталды

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозғалысы  «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясын Атырау облысында сәтті аяқтады. Батыс өңірі бойынша Маңғыстау облысынан басталған  акция  2 шілде күні  Махамбет ауданындағы Сарайшықта , 4 шілдеде Жылыой ауданында, осы айдың ортасында Индер ауданында болды.

Акцияның мақсаты – ұлтымыздың киелі ескерткіштерін аралай отырып, тарихи маңызын арттыру, жаңа деректер жинастыру, жас ұрпаққа аманаттау. Осы істерді жүргізудің астарында қоғамдық маңызы бар мәдени мұраларымызды рухани құндылықтар ретінде насихаттау. Сол арқылы туған жерге, Отанға деген сезімді арттыру, халықтар достығын нығайту, ел мұрасын қорғау мен сақтау.

Экспедиция құрамында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» кеңесі мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің мамандары, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, студент-жастар мен БАҚ өкілдері болды.

Индер ауданы орталығында өткізілген кездесуде жиналғандарға акцияның  мақсаты айтылып, ой толғам, әңгімелер қозғалды. Өлкетанушы Аманғали Әміржанов сөз сөйледі, кітабын сыйға тартты.  Жиында «Светоч» этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова да өз ойымен бөлісті, акцияның құнды маңызын, бұл іс-шараның ел бірлігі мен ауыл-аймақты дамытуға әсерінің зор болатынын баяндады. Осы жиында жергілікті туризмді дамыту мәселелері де ортаға салынды.

Осыдан соң экспедиция Махамбет Өтемісұлының мазарына барып, дұға бағыштап, бет сипады. 19 ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны, еркін ойлы көтеріліс рухтандырушысы Махамбет Өтемісұлының жерленген жері Атырау облысының Индер ауданы, Индербор поселкесінен оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы жерде орналасқан. 1995 жылы бұл жердегі ақынның қабірі үстіне ақ тастан әдемі мазар тұрғызылды. Осы кезден бастап ақын қабірі киелі жер болуымен қатар, мәдени сәулет ескерткішінің де санатында.

Иә, самиян сар даладағы киелі орындарды осылай ми қайнатқан ыстықта аралап шығу да оңай болған жоқ. Бірақ алға ұмтылған экспедиция мүшелері акцияны абыроймен аяқтады. Енді эстафета жалауы көршілес Орал облысына тапсырылады.

                                                                             Светлана Әбілхашқызы,

                                                                               Атырау облысы