Мен не үшін келдім екен өмірге
Қырғыз ақыны Қиял Тажиеваның өлеңі:
Мен не үшін келдім екен өмірге
Ұшып жүрмін ертегі әлем көгінде,
Мың сан сұрақ маза бермес көңілге.
Тағдырыма еш өкпем жоқ, бірақ та,
Мен не үшін келдім екен өмірге?
Үміттерім үзік-үзік үзіліп,
Тұрса дағы барар жерім бұзылып.
Мен қаншама сүрінсем де өмірден,
Алға қарай жетелейді жүз үміт.
Көздеріңнен көрінбесе ұшқындар,
Қиял болып ұшып келер құспын дәл.
Өте шыққан желдей жылдам уақытым,
Күндерімді қайда алып ұштыңдар?
Өміріме бола алады жыр тұтқа,
Өлең мені бастырмайды сұмдыққа.
Күлімдеген өтірікті таңдамай,
Бас ұрамын шырқыраған шындыққа.
Сезінемін тынысын тау, даланың,
Жүрегімдей сыздап тұр ғой қаламым.
Шайқатылған, көп теңселген өмірде,
Теңселместен тура кетіп барамын!
…………………………………………
Аударған — Саят Қамшыгер