Мұғалімдердің беделін қалай көтереміз?

Ұстаздың қадірі мен қасиеті ешқашан төмендемеуі керек. Бірақ, бүгінгі қоғамда осы бір киелі мамандықтың беделін түсірердей неге сонша бейқам болып кеттік. Әрине, мұғалімдер тікелей Үкіметке шығып айта алмайды. Себебі, Үкімет үйінің табалдырығы таудан биік. Ендеше, оған қоғам болып неге үн қоспаймыз?

Сайлау келсе көше аралап, сайлаушылардың тізімін жасайтын — ұстаздар. Тіпті, сол тізімдегі бір адам келмей қалса, сол үшін сөгіс алатын да осы кісілер екенін білеміз. Онсыз да қағазбастылықтың “құрбаны” болып, айлығы шайлығына жетпейтін ұстаздарымыздың енді “көше аралап, қоқыс теруі” сізге аянышты көрінбей ме? Әрине, ол жалпыға ортақ сенбілік болса, сөз жоқ, бірақ әкімдер мен басқа да лауазымды адамдардың жүрер жолын тазалау ұстаз міндетіне жата ма?

Осы орайда Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылындағы №13 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімдерімен кездесіп шынайы сөйлестік. Бірақ әдеттегідей олар аттарын атамауды өтінді.
“Жылда көктемде бүкіл күрежол бойында ағаш ақталады. Сендердің міндетті күре жолдарың деп Алатау трассасын тазалатты. Он-жиырма күндей соның бойында жүрдік. Күніне 10-15 мұғалім шығады. Бүкіл күрежолды тазартып жүргеніміз. Көгалдандыру бар, бүкіл Талғар күрежолының бойы бар, Алатау күрежолы бар, қалған Бесағаштың бойындағы екі мектеп бар, тіпті елдің есігінің алдындағы ағашына дейін кесіп-шапқан кездеріміз болды. Былтыр Президент келеді деген күн-дері барлық ер мұғалімдерді “Магнумнан” бері қарай ағаш кестіруге алып кетті. Неше күн ағаш шауып, түбін ақтап, елдің есігінің алдындағы шөпті орып, бұталған ағаштарды жинап-өртеп тап-тұйнақтай еткізді. Бір істеген жерді үш рет істетті. Аудандық білім бөлімі бар, аудан әкімінен бастап қысып, бір істеген жерді екі күн істедік. Біткен кезде дұрыс істемедіңдер деп қайтадан жасатты.Әкімшілік тек біз байғұсты жұмсай бергенше неге ауыл адамдарын жұмылдырмайды? Олардың қолында билік бар, әкімшілік шара қолдана алады ғой.Оларға үндемейтін “тегін қара күш” әлдеқайда жеңіл. Біздің ол күні сабағымыз қалып қояды. Сабақтарымыз басқа мұғалімге табысталады, әркім бір сабақ берген оқушы қандай білім алады? Мысалы, бастауыш сыныптың мұғалімдері екі сыныпқа жүгіреді. Ол күні бала босқа келіп қайтады деген сөз. Бастауыштың сабақтарын ешкімде алмастыра алмайды”
“…Тұздыбастаудың бұрыш-бұрышынан ит-мысық-тардың өліктерін тердік. Ағаш ақтадық, жол бойындағы қоқыстарды тазаладық. Күзде сай жарлардағы үлкен-үлкен ағаштарды ер мұғалімдер кесті, біз оларды тасып, өртедік. Мектептің айналасына мүлде шыққан жоқпыз, тек сол көшелерді, әр үйдің есігінің алдын тазарттық. Тіпті бір шал шығып «мына темірді неге алып кетпейсіңдер» деп ұрысқан кезі де болған. Ол күре жолдың бойы болса бір жөн, әркімнің есігінің алды деген шектен шыққандық қой. Олар неге өздері тазаламайды».
Аттарын жасырын ұстауды өтінген ұстаздардың осындай талап тілектері министрлік тарапынан қолдауға ие болуы тиіс. Себебі, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Білім туралы Заңы 51 бабының 4 тармағында «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындау мен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.» деп көрсетілген. Демек, білім қызметкелерін еркінен тыс шараларға жұмылдыру Заңды белшесінен басқандық.
Қорыта айтқанда, ұлт болашағы – ұстаздың қолында. Егер елдің ілгері қадам басып, білім көкжиегінде еркін қанат самғағанын қаласақ, ұстазға жағдай жасалуы керек. Және, “Ұстаз дегеніміз – әкімнің күрегі емес, мектептің жүрегі” екенін ұмытпайық!

Нұрбике БЕКСҰЛТАНҚЫЗЫ