ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА М.ТЫНЫШБАЕВ САЛДЫРҒАН ТУННЕЛЬГЕ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ
Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылының тұсында 1 ғасырдан аса тарихы бар теміржол туннелі бар. Онда көрнекті Алаш қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың қолтаңбасы қалған.
Деректерге сүйенсек, Мұхамеджан Тынышбаев 1915-1916 жылдардағы қиын-қыстау заманда туннельді салуға өлшеусіз үлес қосқан. Алаш қайраткерінің басшылығымен Ресейдің теміржол құрылысшылары мен жергілікті тұрғындардың атсалысуымен ұзындығы 1 шақырым, биіктігі 6 метр, ені 8 метрді құрайтын темір жол тунелін салдырыпты. Кейін 1950 жылы жаңа үлгідегі тепловоздар шығып, вогондардың көлемінің ұлғаюына байланысты тунельді пайдалану мүмкін болмағандықтан айналма темір жол салынған. Осы тарихи орынды автор есімімен жаңғырту мәселесін ауыл ақсақалдары көтеріп, бүгінде арнайы ескерткіш тақта орнатылып отыр. Жергілікті ардагерлер «Ұлт қайраткерлерінің еңбектерін, ізі қалған осындай жобаларын таныту, насихаттау – өскелең ұрпақ үшін маңызды. Бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен де үндесіп жатыр» дейді.
Мұхамеджан Тынышбаев – Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы әрі ағартушы, қазақтан шыққан тұңғыш инженер есебінде тарихта қалған. Ол 1907 жылы 28 жасында II Мемлекеттік Думаға Жетісу облысы атынан депутат болып сайланған. Кейін М.Тынышбаев Түркістан генерал-губернаторлығы қарамағындағы теміржол құрылысына инженер ретінде атсалысады. 1907-1914 жылдар аралығында Әмудария үстіне салынған көпір құрылысына, Ұрсат-Әндіжан теміржол құрылысына бас инженер есебінде қатысады. 1914 жылы қайраткер Жетісу темір жол құрылысына қайта ауысады. 1921-1922 жылдары Түркістан кеңестік автономиясының Жер-су комиссариатында су шаруашылығын басқарды. 1922 жылы Ташкентте құрылған «Талап» атты мәдени-ағарту ұйымына басқарма мүшесі болып сайланады. Оның ел алдындағы елеулі еңбегі – Түркістан-Сібір теміржол құрылысына маман ретінде атсалысуы. 1925-1932 жылдар аралығында Қазақстан кеңестік автономиясында жаңа астананы (Қызылорда) жасақтау ісінің бас инженері. 1932 жылы сәуір айында тұтқындалып, Мәскеу-Донбасс теміржол құрылысына жұмысқа жіберілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі