Бәсеке. Сапа. Жеделдік…
Бәсеке. Сапа. Жеделдік. Қазіргі ақпараттық технология заманында бұл құндылықтар басты трендке айналып отыр. Себебі, жаһан жаңалық тұтқан дүниені дер кезінде қабылдап үлгермесеңіз, көштен қалдым дей беріңіз. Өйткені оны меңгеріп боламын дегенше, әлем өзге ғылыми жетістіктің жемісін көріп, жаңа биіктерге деген ұмтылысын жалғастыра беретіні анық. Сондықтан заман талабына сай жан-жақты даму үшін ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін тиімді пайдаланудың маңызы зор.
Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі кітапханалардың соңғы жылдарда біраз ақсап қалғанын, қызмет көрсету сапасында айтарлықтай олқылықтардың бар екенін аңғару қиын емес. Соны ескерген «Нұр Отан» партиясы барлық отандық кітапханаларды жаңа заманға лайық, жастардың бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін білім орталығы ретінде қайта жаңғырту ісін қолға алды. Партия қызметін жаңғырту аясында жүзеге асырылып отырған бұл жоба бойынша қазірдің өзінде бірқатар кітапханалар қызмет көрсетудің жаңа форматына ауысып үлгерді.
Солардың қатарында Шымкент қаласындағы «Отырар» әмбебап ғылыми кітапханасы да бар. Мұнда ашылған коворкинг-орталық жаңа технологиямен, жылдамдығы жоғары интернетпен жабдықталған. Одан бөлек, орталықта конференц-зал қарастырылып, онда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізуге жағдай жасалған. Сондай-ақ демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені, ағылшын тілін үйрететін курс және еркін пікірталас аймағы бар. Осылайша дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай білім орталығы ретінде қайта жаңғырған нысан жергілікті жастардың жиі бас қосатын жеріне айналып отыр.
Бүгін Шымкент қаласына арнайы сапармен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған нысанға барып, атқарылған жұмыстармен танысты. Осындай коворкинг-орталықтар жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік екенін айтқан Мәулен Әшімбаев оны жастар, соның ішінде «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері тиімді пайдалануы керектігін тілге тиек етті.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын арттыру. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыруымыз керек. Жобаның негізгі мағынасы да осы, яғни дәстүрлі кітапханаларға жастарды тартып, олардың кітап оқуға, сапалы білім алуына жағдай жасау,-деді Маулен Ашимбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұр Отанның» еліміз бойынша электронды кітапхананы қалыптастыруды қолға алғанына назар аударды. Мұның барлығын жастарды тәрбиелеудің тиімді тетігі екені сөзсіз. Осы ретте бір ғана «Отырар» кітапханасының өзінде 380 мыңнан астам түрлі оқулықтар бар екенін атап өткен жөн. Олардың ішінде тарихтан сыр шертетін құнды дүниелер де кездеседі.
Маулен Ашимбаев фб парақшасынан