МҰЗ ҮСТІНДЕГІ ШОҚ ЖҰЛДЫЗ…(ДЕНИС ТЕНГЕ АРНАЛАДЫ)
Тас түскен жеріне ауыр. Өлімнің қай сəтте жетерін білу мүмкін емес. 19 шілде күні, сағат 15:00 шамасында тосыннан мəнерлеп сырғанаушы, Қазақстанның лайықты спорт шебері Денис Юрьевич Тен 25 жасына қараған шағында өмірден өтті. Бұл өлім көк ту астында өмір сүріп жатқан барша Қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Тіпті, қарапайым халық қимастықпен, оның өліміне сенгілері келмейтіндіктерін байқатты. Барлық әлеуметтік желілерде, сайт беттерінде қоштасу посттары мен ақпараттардың көптігі, бүтіндей бір елдің қайғылы қазаға ортақтас екендігін көрсетті. Бұл- қарапайым бұқараның Дениске деген құрметі мен махаббаты деп білеміз..
Жас таланттың халық арасында мұндай ыстық ықыласқа ие болуының басты себебі, оның адамдық асыл қасиеттері болса керек. Тіпті, соңғы кездесу сəттерінде жүзінен күлкі кетпеген. Ал, оның аз ғана уақыт ішінде жасап кеткен ерен еңбегі таңғаларлықтай…
Жас дарын қамшының сабындай ғана ғұмырында біршама биікті бағындырған болатын. Атап айтсақ, 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының 255,10 ұпаймен қола медальға ие болса, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль жүлдегері, VІІ қысқы Азия ойындарында мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанған. Ішкі біріншілікте оған бəсекелес жоқтың қасы еді. Ол — Қазақстанның үш дүркін чемпионы атағына ие.
Денис Алматы қаласында туып-өскен азамат. Оның Корей империясы кезінде даңқты қолбасшысы болған генерал Мин Гынхоның ұрпағы екендігін біреу білсе, біреу білмес. Шоқ жұлдыз мәнерлеп сырғанаудан бөлек, өзге спорт түрлерімен, атап айтқанда, теннис, акробатика, таеквондо, каратэ, жүзумен айналысып, би және сурет салу мектебіне барған.Музыка мектебінде 5 сыныпты тәмамдап, хорға қатысқан. Кейіннен мәнерлеп сырғанаумен айналысуға біржола ден қойған екен.
2003 жылы «Хрустальный конек» турнирінде оны Елена Буянова (Водорезова) байқап, Мәскеуге өзінің қол астында жаттығуға шақырады. Бала Денис ересек спортшылармен жарысып, 2006 жылғы Қазақстан чемпионатын жеңеді. Жас вундеркинд спортшы халықаралық деңгейде бір жылдан соң көрінеді, оған Халықаралық конькимен сырғанаушылар Одағының жас шектеулері (13 жас) себеп болады. 2010 жылы Нидерланддағы Гран-при жасөспірімдер этапында 10-шы болып аяқтаған. Қандай да бір сəтсіздіктер болмасын оның жігері мұқалмаған. 2014 жылы өткен Сочи олимпиадасында қазақстан қоржынына жалғыз жүлдені, яғни, қола жүлде иегері атанған болатын.
Елімізде қысқы спорт түрінің танымал болуына себепкер болған алтын ұл Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шеберінен бөлек, басқа мемлекеттерден сол елдер үшін өнер көрсету туралы ұсыныстар көп түскен. Дегенмен, жүрегі ел деп соққан бұндай ұсыныстардан бас тартқан. Ол 2013 жылы 7- ші Қысқы Азия ойындары туралы
bnews.kz берген сұхбатында :
— Тудың көтерілуі мен әнұранның орындалуы ең әсерлі сәт болды !
— «Мен өз елімнің патриотымын! Мен Қазақстанда өстім. Осы елде көптеген жетістіктерге жеттім. Мен шетелде жаттығамын, бірақ менің болашақтағы барлық жоспарларым, есімім Қазақстанмен байланысты», — деген екен. Осы сөздерден оның елінің абыройы мен халқының қуанышы үшін мыңдаған шыңдарды бағындырғысы келгендігін түйеміз.
Жайдары жүзді жас жігіт биыл ғана өзін жаңа қырынан танытқан болатын. Ол оның таза, жағымды дауысы, əншілігі. Gakku tv музыкалық арнасы ресми парақшасында Денис Теннің жақында шағын альбомын жарыққа шығарғысы келгендігін жариялап және » She won’ t be mine » атты əнін жарыққа шығарды.
Өмірге ғашық жігіт 25 жасқа мерейтойында инстаграм парақшасына : » Өмірге ғашықпын.» Туғандарымды жақсы көремін.» Адамдарды сүйемін. Жақсы көргендерді жақсы көремін». Мен осыны бөліскім келеді. 25 жаста əлем өзгерек сезіле бастады,-деп жазған.
Елінің бағы болған біртуар спортшы аққан жұлдыздай өте шықты. Жаның жəннатта болсын Қазақтың Денисі ! Ұлы чемпион ! Халық жүрегіндесің !
Ержігіт Еркебайұлы Күнтубаев