Бәсекелестікке адал бол!
Елбасының «Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы» Ұлт жоспарының бір тетігі – бәсекелестікті қорғау заңнамасын жүзеге асыру. Осы ретте биыл Павлодар облысында құзырлы органдар тарапынан көптеген тексеру жұмыстары жүргізіліп, жеті ескерту жасалған.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Олег Костенконың сөзінше, былтыр бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзған сегіз факт тіркелген. Яғни, бәсекелесінің іс-әрекетіне қатысты жалған ақпарат таратқан «ЛифтТехЦентр» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 481 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
— Бұл лифттерге қызмет көрсету нарығының дамып келе жатқанын аңғартады. Себебі, бұған дейін Павлодардағы жеделсатыларды жөндеумен «ПавлодарЛифт» ЖШС-і ғана айналысатын. Ал, қазіргі таңда мұндай ұйымдардың саны артты. Жоғарыда атап өткен заң бұзушылық та осыған байланысты яғни, нарықты өзіне тартып алу мақсатындағы бақталастық салдарынан орын алып отыр. Тіпті, бәсекелес компанияның жолын кесіп, техникалардың кілттерін ауыстырған, — дейді Олег Костенко.
Сонымен қатар, дәл осындай әкімшілік жауапкершілікке мұнай өнімдерін бөлшектеп сатумен айналысатын нарық нысандары «ABN-Trade» ЖШС, «Bi-Petroleum» ЖШС және «Нуркенов» ЖК тартылып, жалпы көлемі 15 млн. теңгенің айыппұлын арқалаған. Сол секілді сүт өнімдерін көтерме бағамен сататын «ФутМастер-Трейд» және «BestMilk» ЖШС компаниялары да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 336 мың теңге көлемінде айыппұл салған.
Тілеуберді САХАБА