«Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы Батыс Қазақстан облысында жалғасады
Шілде айының 17-ші жұлдызында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының, Атырау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің және «Жаңғыру жолы» қозғалысының жастары «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы эстафетасын Батыс-Қазақстан облысына табыс етті. Бұл үшін салтанатты жиын ұйымдастырылды. Салтанатты шара Батыс-Қазақстан облысының орталығы Орал қаласынан батысқа қарай 550 шақырым қашықтықта орналасқан «Бөкей ордасы» тарихи мекенінде өтті. Іс-шараға 250-ге жуық адам жиналды. Алдымен оларға акцияның мақсаты мен мазмұны айтылып, экспедицияның жүріп өткен және алдағы жол сапары таныстырылды.
Атырау облысынан «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі Мұхтарова Самал эстафеталық ҚХА-ның туы мен Атырау облысының киелі жерлерінен жасалған фотоальбомды Батыс-Қазақстан облысы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі Қаженова Жанаргүлге табыс етті. Шара қонақтары мен қатысушыларға «Бөкей ордасының» тарихы жөнінде деректі, қызғылықты әңгімелер айтылды, сондай-ақ шежірелі мекенді аралап көрді.
«Бөкей ордасы» қазақ даласының тарихи маңызы мол, мұрағатты жерлерінің бірі. Заманының озық ойлы ханы Жәңгір ханның қолымен «Бөкей ордасында» алғашқы мектеп, пошта, дәріхана, аурухана ашылып, өркениеттік дамудың тың қадамдары жасалған болатын.
Міне, осы киелі орындар тарихы арқылы экспедиция жас буынның санасына туған жерге, халқына, адамзатқа деген қамқорлық, бауырмалдық, сыйластық пен құрмет сезімдерін, жан дүниелеріне адамгершілікке толы көркем мінезді қалыптастыруды көздейді, танымдық, тағылым-тәрбиелік жұмыстар жүргізеді.
Светлана Сұлтансиық