«Иван Купала» мейрамы атыраулықтарға көңілді демалыс сыйлады
2018 жылдың шілде айының 22-сі күні Атырау облысы ҚХА және Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен, «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы «Ретро — саябағында» славяндардың «Иван Купала» мерекесі өтті.
Біздің еліміздегі ұлттардың бай мәдениеті, салт-дәстүрі бар. Соның бірі славян халқының осы «Иван Купала» мейрамы. «Иван Купала» мерекесі – көне замандардан бері славяндар үшін күн мейрамы саналады. Сиқырлы құпияға толы бұл түнді адамдар таңғажайып елестермен байланыстырады. Бұл түні алаулар жағып, адамдар өзендерге шомылған. От тазалықтың нышаны саналып, жастары алаудың үстінен секіріп, өздерін тазалайтын болған. Әр жылы шайқаста Жақсылық күштері жеңіп шығады. «Иван Купала» түнінде ғана орындалатын ерекше емдік күшке ие болатын шөптерді жинау, сүйіктісіне бал ашу, суға гүлдесте жүздіру сияқты мазмұнды көптеген ырымдары бар.
Шараны Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жаннат Закиқызы Досқалиева сөз сөйлеп ашты. Қала тұрғындары және қала қонақтары мерекелік концертті тамашалап, әндер айтылып, би билеп және ойындар ойнап, жүлделі болды.
Бұл мейрамды славян халықтары ежелден тойлайды. Оның астарында от пен су, көк пен жер, күн мен түн сияқты ұғымдардың айрықша мәні ашылады. Дәстүрлі мереке баршаға қуанышты демалыс сыйлады. Мерекенің мақсаты – барлығымызға ортақ Отанымыз Қазақстан Республикасында ұлтаралық келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Осында тұратын әр ұлттың мәдениетін, дәстүрін жұртшылыққа насихаттауда Ассамблеяның үлесі зор. Ынтымағымыз жарасып, осылай бірлескен іс-шаралар өткізіп, әрқашан да аспанымыз ашық, еліміздің болашағы жарқын болғай.
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ-нің
баспасөз қызметі