Жоспарда-сегіз жоба!
Павлодар облысында биылғы жылдың ақырына дейін сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Бизнес жобалардың жалпы құны — 122.9 миллиард теңгені құрайды.
Облыстық индустриялық-иновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейтмағамбетовтің сөзінше, биыл іске қосылатын жобалар қатарында «Еуроазияттық энергетикалық корпорациясы» АҚ циклды-ағымды аршу кешені, «Ақсу-ферроқорытпа зауыты» АҚ алтыншы балқыту цехы, «Проммашкомплект» ЖШС нің теміржол дөңгелектер бөлімшесі және «ЭкоСтройАқсу» ЖШС секілді қосымша өндіріс орындары бар. Осы аталған инвестициялық жобалар уақытылы іске қосылатын болса 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.
— Бұған дейін басталған кейбір ірі инвестициялық жобалар аяқталуға жақын. Мысалы, «Еуроазияттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның бесінші энергоблогын қайта құруға 55 млн. теңге көлемінде инвестиция құйылды. Бұл алдағы қыркүйек айында аяқталады. Сонымен қатар, «Павлодар арнайы экономикалық аймағындағы «Giessenhaus» ЖШС мен «КиК Павлодар» ЖШС кәсіпорындары өндіріс көлемін ұлғайтты, — дейді Нұрболат Сейітмағамбетов.
Ертіс-Баян өңірі малшыларын тағы бір жағымды жаңалық қуантпақ. Алдағы уақытта жүн және тері шикізатын өңдеу цехы ашылады деп күтілуде. Қазір жергілікті билік өкілдері осы жобаға қаржы құятын инвесторлар іздеуде. Павлодар облысында мал шаруашылығы саласы тұрақты өсіп жатқандықтан, жүн және тері өңдеу цехының сұранысы жоғары болады деп отыр мамандар. Басқарма басшысының айтуынша биыл шағын және ірі бизнес жобаларын қаржыландыру үші 1 млрд. 785 млн. теңге қарастырылған.
— Бұл ақша «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде беріледі. Жалпы, 185 бизнес жобаға қолдау көрсетіледі деп жоспарлануда, — деді ол.
Жалпы, Павлодар облысы өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуда алдыңғы бес облыстың қатарында. Яғни қайта өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 19.2 млрд. теңгені құрайды.
Тілеуберді Сахаба