ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «KASKASU» СУРЕТШІЛЕР ПЛЕНЭРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтің қолдауымен Төлеби ауданында Халықаралық «KASKASU» суретшілер пленэрінің ашылу салтанаты өтті. Игі шараның негізгі мақсаты – өңірдегі сәулеттік ескерткіштерді, тарихи орындар мен тамаша табиғатты насихаттау. Сондай-ақ, Түркістан өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктерін және көзтартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап, оларды әлемдік деңгейде таныту, сол арқылы туризмді дамытуға үлес қосу. Сонымен қатар, түркітілдес елдердің өнер қайраткерлері мен талантты қылқалам шеберлерінің өзара тәжірибе алмасуын жүзеге асыру, тілегі ортақ түркі халықтарының арасындағы достық байланысты нығайту болып табылады.
Ағымдағы жылдың 22-27 шілде күндері өтетін пленэрге Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері және еліміздің Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Тараз және Түркістан өңірінен кәсіби суретшілер қатысуда. Шараның ашылу салтанаты суретшілер қауымының ішкі дүниесін танытар театрландырылған қойылыммен басталды. Төрткүл дүниеден келген қылқалам шеберлеріне Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков құттықтау сөзін арнап, басқосу арнайы баспасөз конференциясымен жалғасты.
Алдағы уақытта дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған суретшілер бес күн ішінде бірнеше шығармашылық топқа бөлініп, Түркістан облысындағы мәдени-сәулеттік ескерткіштер мен тарихи орындарды және табиғи қорықтарын аралап, этюдтік жұмыстар жасайды. Пленэр аясында 27 шілде күні «Тау самалы» демалыс аймағында көрме ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жеңімпаз суретшілер марапатталып, гала-концерт өтеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі