Жерлестер жарады
Жағажай футболынан Қазақстан Республикасының құрама командасы Еуропа лигасының топтық кезеңінен өтті. Олар өз тобындағы Грекия, Молдова және Литва елдерінің командаларынан басым түсті.
Жағажай футболы құрамасында Павлодардағы «Арман» спорттық клубында жаттығатын тоғыз ойыншы бар екенін еске саламыз. Жерлестеріміз Еуролиганың топтық кезеңінде алдымен Грекия құрамасымен кездесті. Мәскеудің «Янтарь» стадионында өткен матчта қазақстандықтар қайтарымсыз төрт гол салды. Игорь Демешко, Баянбек Муралинов, Дмитрий Перевертов және Виталий Тюльпа сынды ойыншылардың нысанасы қарсыластар қақпасынан дәл табылды. Одан кейін Молдова құрамасын 7:6 және Литва аяқдопшыларын 7:5 есебімен қапыда қалдырды.
Осы кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы өз тобындағы ең үздік команда атанды. Енді біздің ойыншылар жоғарғы лигаға жолдама алу үшін Италияда бақ сынайтын болады.
Өз тілшімізден.