«Көре көре көсем болады, сөйлей сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады»
Қазақта бір мақал бар: «Көре көре көсем болады, сөйлей сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады». Біз әдетте алдыңғы екеуін айтып, үшіншісін білмейді екенбіз. Баланы балапан құстай баулу туралы айтып отырмыз. Қазақ даласында әсіресе ер балаларды ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал соның айғағы. Отаршылдық жүйе, кейін қызыл совет үкіметі қазақтың осы тамаша мектептерін жойды. Еркек пен әйелді тең деп жариялады. Еркектердің беделі күрт төмендеп, балаға идеал болудан қалды. Қазақ әйелінің ерін сыйламау құбылысы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Осыдан кейін ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен бозөкпе бозбалалар пайда болды. Ендігі мақсат- қазақ отбасындағы әкенің статусын қайтару. «Әке -асқар тау, шеше- ағып жатқан бұлақ, бала жағасындағы құрақ » деген қанатты сөз жалаң ұран болып қалмай, нақты өміршең қағидаға айналуы шарт. Ерін сыйламайтын, жұрттың көзінше ерінің бетінен алып, сөз қайтаратын әйел қоғамдық айыптауға ұшырауы қажет! Ерін сыйламайтын әрбір әйел сол отбасында желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашақ тағдырына кері әсерін тигізіп жатқанын білуі шарт! Әйел қанша жерден ақылды болсын, білімді болсын, қызмет дәрежесі жоғары болсын балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек . Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді. Сыйлауға тұрмайтын еркек болмайды, сыйлай алмайтын әйел болады. «Жақсы әйел жаман еркекті хан қылады, жаман әйел жақсы еркектің басын даң қылады». Мен ойлап тапқан мақал емес, бабалардан жеткен асыл лепес. Қасиетті сөз. Сондықтан, ұлым ұлықты болып өссін десеңіз, қызым қылықты болып өссін десеңіз- Құдай қосқан қосағыңызды ұлықтаңыз! Сонда ғана қазақтың маңдайына басатын ұлағатты ұрпақ өсіп шығады! Алла Тағала осы жолда бізге жар болсын, қасиетті ата-бабаларымыз медет берсін!