Әскери-патриоттық сайыс жеңімпаздарын құттықтады
Кеше Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында жеңімпаз атанған оқушылармен кездесті. Кездесу облыс орталығындағы М.Катаев атындағы оқушылар сарайында өтті. Жиын барысында аймақ басшысы павлодарлықтардың бұл жеңісі үлкен патриоттықтың белгісі екенін айта отырып, жалынды жастарды тәрбиелеген ата-аналарына алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетер болсақ, жақында Қарағанды облысының «Спасск» оқу орталығында ұйымдастырылған «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында павлодарлықтар бас жүлдеге ие болған еді. Сайысқа еліміздің барлық аймақтарынан 7 республикалық әскери мектептерінен 800 қатысушы келді. Әскери шараға Павлодар облысының атынан облыстық әскери мектеп интернатының 15 курсанты мен облыстық әскери патриоттық клубтардың 15 мүшесі, Дене шынықтыру және АӘД аймақтық оқу-тәжірибелік орталығының басшылығы қатысқан болатын.
Қарулы Күштер құрамына кіретін әскер түрлері өкілдері сайысы барысында «Ұлы дала әскері – Мәңгілік Ел тірегі!» атты тақырыптағы интерактивті кездесуі болды. Сонымен қатар, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, робот техникасы бойынша «Менің роботым» конкурсы, алау түбінде «Айбын жалыны» атты қызықты шаралар ұйымдастырылды. Одан кейін спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен және жауынгерлік дайындық пәндерінен көптеген сайыстар өтті. Жарыс қорытындысы бойынша болашағын әскери саламен байланыстыратын жастарымыз жалпы командалық есепте 1-орын, әскери тактикалық ойында Бас жүлдеге ие болды.
Өз тілшімізден.