Қазақтың бағына біткен батыры!

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», — демекші, Жақсылық деген атына заты сай, бітімі алпауыт болмаса да, ісі мен сөзіне аймауыттай берік ағамызбен аптап ыстықта апталап артынан іздеп жүріп, ақыры Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылындағы, өздері «гараж» деп атап кеткен шаруашылық кеңсесінде кездесіп, әңгіме-сұхбат құрған едім.
Иә, иә, дұрыс болжадыңыз. Сол 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, халқы — мақтаныш, қарадомалақтары — пір тұтқан, қазақтың ұлттық батыры Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың дәл өзі.

Спорт кешенінде

Бұған дейінгі келісімнің бірінде орталық көше бойында менмұндалап тұрған ағамыздың атындағы спорт кешеніне ат басын бұрып, сырты ғана емес, іші де әсем безендірілген ғимаратты аралап көргенмін. Грек-рим күресінен шәкірттер баулып жүрген жаттықтырушы Қуанышбек Төлегеновтің айтуынша, ауылдың 200-дей баласы осында келіп, грек-рим күресі, еркін күрес, қазақша күрес, бокс, тағы басқа да спорттық секцияларға қатысып, жаттығады екен. Қуанышбектің шәкірттерінің арасында қазірдің өзінде түрлі дәрежеде чемпион атанып, болашақтарынан зор үміт күтетін Әлібек Мұратжанұлы, Жаппар Руслан, Жаппар Сұлтан, Кравченко Тимур, Тұрсынбек Дулат, Әбілмеджинов Әлихан, Тоқтар Нұрбол, Алмабеков Арман, тағы басқа да спортшы балалар жетерлік екен.

Өмір — күрес!

PS: Сонымен, жоғарыда айтқан «гараж-кеңсенің», бір жағынан Жақсылық ағаның осындағы шаруашылыққа бас-көз болып жүрген, 83 жастағы жездесі Мәдеш ақсақал мен 80 жасар ағайын әпкесі Күмісгүл апаның екі ауызды үйіндегі дастарханнан дәм тата отырып болған әңгімеден сабақтайын.
— Туған жерім — Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Тегістік ауылы. Ағайын-туыс сонда. Өзімнің бір әпкем, бір қарындасым бар.
1968 жылы мектепті бітіріп, Семейдегі мал шаруашылы-ғы институтына түстім. Сонда оқи жүріп, еркін күреспен айналыстым. Кейін Алматыға келген соң грек-рим (ол кезде классикалық деп аталатын) күресіне ауысып кеттім. Назаренко, Бакулин, Рязанцев сияқты мықтылардың бәрі сонда екен. Не керек, біраз уақыт өтісімен классикалық күрестен Қазақстан чемпионы болдым. Содан бастап менің спорттағы жеңісті жолдарым басталды. 1971 жылы КСРО халықтарының Мәскеуде өткен V спартакиадасына үміткер ретінде қатыстым. 1972 жылы Ригада өткен Кеңес Одағының біріншілігінде 3 орын алдым. 1975 жылы Алматыда өткен VI спартакиадаға да қатыстым. Қысқасы, 1972-1983 жылдар аралығында Кеңес Одағының құрамасында күресіп жүрдім. Сол аралықта 3 рет-1-ші, 4 рет-2-ші, 3 рет-3-ші орын алыппын. Тек осындай көрсеткіштерден кейін ғана мені олимпиадаға алды. Ал енді осы жарыстар ішінде 1 рет 4-ші орын алып қалсаң болды, олимпиада тек арман болып қалар еді. Енді менен кейін Дәулет Тұрлыханов, Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаевтар шықты.
1981 жылы Норвегияда өткен әлем біріншілігінде чемпион болсам, 1982 жылы Әлем кубогын жеңіп алдық.

Қазіргі чемпиондарда арман жоқ…

Жақсылық аға, айтыңызшы, сол кездегі спортқа қамқорлық көзқарас пен қазіргі спорттың дамуы арасында айырмашылықтар бар ма?
— Әрине, ол кезге қарағанда қазір Елбасының өзі бастап спортқа аса көңіл бөледі ғой. Қаншама спорттық сарайлар, ареналар, трамплиндер, т.б, салынып жатыр. Оның үстіне спортшыларға да аса қамқорлықтар мен мүмкіншіліктер жасалынады. Дегенмен, белгілі бір спорттың да, спортшының да бағы жанатын кезі бар. Құдайға шүкір, біздің мықты спортшыларымыз көп қой. Біздің кезімізде олимпиада чемпионына 5 мың сом сыйақы беретін. Мен сол 5 мың соммен қанағаттанғандардың бірімін. Одан кейін 14 мың сом тұратын Волга машинасын кезексіз алуға мүмкіндік беретін. Мен сол чемпиондығыма берілген 5 мың сыйақыма өзімнің жигулиімді 6 мыңға сатып, қосып, қалған 3 мыңды ағайын-туыстардан жинап, қосып жүріп бір Волга алдым. Онда да бір айдың ішінде төлемесең кері қайтарып алатын еді. Ал қазір чемпиондарға 250 мың АҚШ долларын береді. Одан бөлек федерацияның атынан, туған өлкесінен, тіпті жекелеген кәсіпкерлерден де сыйақы, пәтер, автокөлік алып жатады. Мен оны қызғанбаймын, қайта осындай қамқорлықтар жиі жасалса, қазақ спортына қызығушылар да көбейіп, жетістіктерге жиі жетер едік деп ойлаймын.

Д.А.Қонаев: «Жарайсың, Біржапырағым!»

Одақта чемпион болып жүрсем де, 1976 жылғы Монреаль олимпиадасына мені алмағанына ренжіңкіреп жүрген кезім. Бір күні Аманша Ақбаев деген министр ағамыз келіп: «Ертең дұрыс киініп кел, атаңа барамыз», — деді. Сөйтсем, ертесі күні ол кісі мені тура Дінмұхаммед Қонаевтың алдынан бір-ақ шығарғаны бар емес пе?! Байқаймын, орнынан тұрып, кішіпейілділікпен қол ұсынған атамыздың белінен-ақ келіп тұрмын. Жайғасқаннан кейін Аманша ағамыз менің олимпиадаға бара алмай қалғанымды жеткізе отырып, атамыздан маған бата беруін өтінді.
— Ей, Аманша, бұл жігіт өзі біржапырақ қана екен, бірдеңе шығара ала ма? — деп, зілсіз әзілмен езу тартып маған қарады.
— Өз салмағында үміт күткен спортшымыз осы еді, батаңызды беріңізші, — деді Аманша аға қиылғандай болып.
— Әй, Жақсылық, сен енді спортшысың ғой. Алға қойған мақсатың бар. Менің де алға қойған мақсаттарым көп. Сенсең, күніне бес-ақ сағат ұйықтаймын. Мал басын 50 миллионға жеткізу, 1миллиард пұт астық алу, малшылардың қыстауларына дейін электрлендіріп, құдықтар қазып беру сиқты міндеттемелер бар. Осы мәселелер төңірегінде мен күнделікті Мәскеумен, Брежневпен сөйлесіп, ақылдасып отырамын. Сондықтан сен әлі жассың ғой, бұл олимпиадаға бармасаң, келесіге барасың. Жақсылап дайындал. Менің саған берер батам: Қашан да жолың ақ болсын! Ал мен сені қадағалап, көз қырымды салып жүремін. Пәтерің бар ма?
— Бар.
— Машинаң ше?
— Машинам бар, бірақ ескіріп қалды, — деп күмілжіп, төмен қарадым. Сол кезде Димаш ата:
— Әй, Аманша, бір машина беріңдер, жағдайын жасамаса болмайды, — деді министрге ойлы жүзбен.
Бұл менің Қонаевпен алғаш кездесуім еді. Кейін Мәскеу олимпиадасының чемпионы болып оралғанымда: «Әй, Біржапырағым менің, жарадың. Үмітті ақтадың. Ризамын, бүкіл халық риза саған», — деп арқамнан қаққан еді. Бұл екінші кездесуім болды. Осыдан кейін мен кәсіподақтың 6 мыңдай бала оқитын мектептерін 6 жыл басқардым.


Содан бір күні Бекежанов ағамыз телефон шалып: «Киініп дайын отыр, машина жіберем», — деді. Неге шақыртты екен деп таңғалдым. Сонымен мені Шелек жақтағы Қайрат деген жерге алып келді. Қонаев атамыздың үстінде аңшылар киетін киім. Мені көрген бойда: «О, менің Біржапырағым келді. Қалайсың? Жұмыс қалай? Өзің сияқты спортшы дайындап жатырсың ба?» — деген сұрақтарды жаудырып, емен-жарқын әңгімеге тартты. Кейін барлығымыз дастарханға отырғанда: «Мен жуырда Грекияға сапарымда, олардың спорт мұражайында болдым. Сол жерде «Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы, қазақ» деген алтын әріппен жазылған жазуды оқып, қатты толқыдым», — деді де айналасындағыларға қартып: «Сендер де Қазақстанның келешегі үшін еңбек етіп жүрсіңдер. Мен де ертең тарихта қалар-қалмасым белгісіз. Бірақ мына Жақсылықтың тарихта қалатыны анық. Сондықтан, сендердің барлықтарың да, оған қолдан келгенше көмектесіп тұрыңдар», — деп айналасына қараған еді, дастарханда отырғандардың бәрі де бұл сөзді қоштап, «көмектесеміз ғой» деп жатты. Бұл менің Қонаев ақсақалмен үшінші рет кездесуім болатын.
Осылайша, кейіннен, 1989 жылы Аманжол Бұғыбаев екеумізді Қытайға бапкерлік қызметке жіберді.

Н.Ә.Назарбаев: «Ауылды көтеру керек!»

Ал енді, біздің қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы — қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, тәлейіне біткен бағы ғой, шіркін! Ол кісінің де мен дегенде көзқарасы ерекше. Кездескен сайын: «Әй, Жақсылық, қазақтан қашан жаңа чемпиондар шығады?» — деп сұрайтын, кейінгі кезде «Ауылды көтеріп жатырсың ба? Шаруа қалай? Не істеп жатырсың», — деп сұрайтын болды. Өйткені 1997 жыл болуы керек, бір кездесіп қалғанымызда: «Жақсылық, сен де ауыл шаруашылығы институтын бітірдің ғой, ауылдарды көтеріп, Қазақстанның гүлденуіне атсалыссаңшы», — деп қалды. Мен де сол кезде мал өсірумен айналыса бастағанымды айтып едім, сәттілік тілеп, қуанып қалған болатын. Елбасының осы сөзі мені қамшылай түсіп, 1998 жылы сол айтқан «Жақсылық» шаруа қожалығын Балқаш ауданында аштым. Ол жылдары киын кезең еді ғой. Соған қарамастан, 2000 га жер, 150 ешкі алып баға бастадық. Ешкіміз екі-үш жылда 500-ге жетіп, «Ешкілі бай» деп қалжыңдайтындар да табылды. Кейіннен Желтораңғы, Аралтөбе деген жерлерге барып, ірі қара бағуға ауыстық. Қазір де біраз малымыз сонда. Арасында қазақтың «ақ бас сиыры», «Әулиекөл», «Сантагер» тұқымдары бар. Сол жақтан 3000 басқа арналған үлкен бордақылау орталығын салып жатырмыз. Ондағы шаруашылыққа Елдос деген ұлым бас-көз болып жүр.


Бұдан бөлек, 2006 жылы Алматы маңындағы Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылында да шаруа қожалығын аштым. Малымыздың жалпы санына келсек: 3000-нан аса — жылқы, 4-5 мыңдай — ірі қара, бұзау, құлындарын қосқанда 8000-нан асады. Ауылдық әкімшілікке көмектесіп, ауылды көтеруге барынша күш салып жүрміз. Тоғыз спорт секциясы жұмыс істейтін, өзіңіз көрген спорт кешенін салдым. Бірақ ол әзірге ауыл шаруашылығының мамандандырылған институтына қарасты. Облыстан 300 млн. теңге бөлдіртіп, үлкен де көркем етіп мәдениет үйін, сондай-ақ, 30 млн. теңгеге ескерткіш, мешіт әрі 100 орындық балабақша, 50 пәтерлі қолжетімді баспана салдым. Қазір жастарымыз, жұмысшыларымыз сол пәтерлерде тек қана коммуналдық төлемдерін төлеп тұрып жатыр. Барлық ғимараттар ыстық су, суық су, газбен қамтылған. Тіпті, ауылға да газ құбырын тарттырып, халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етіп қойдық. Біз келген 2006 жылы бұл ауылда 2 мыңдай халық тұрса, бүгінде олардың саны 6 мыңға жеткен. Себебі тіршілік жасап, өмір сүруге жайлы. Сондықтан, біздің ауылға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келушілер көп. Арасында шеттен келген қандастарымыз да жетерлік. Енді бүгінде ауылдағы жалғыз мектеп тарлық етіп, оқушылар сыймай жатыр. Сондықтан жаңадан бір үлкен мектеп салып берсем деген арманым бар.
Ал енді өзімнің негізгі жұмыс орным да, кеңсем де, екінші үйім де осы — гараждағы екі бөлмелі шағын үй. Аты айтып тұрғандай, бүкіл техникаларымыз осында. 2006 жылдан бастап, негізгі үйім Алматыда болса да, көп уақытым осында өтеді. Әрине, бұдан бөлек тағы да төрт-бес қашарымыз бар. 60-70 жұмысшы жұмыс істейді. Қысқасы, бәрі де ел игілігі үшін ғой, болмаса байып кетейін деген мақсат жоқ. Аллаға шүкір, еңбегіміз еленіп, 2011 жылы 1-ші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталдым.
Елбасы менімен кездескен сайын ауыл жайын, шаруа жайын сұрайтынын жоғарыда айттым ғой. «Еңбек ері» орденімен марапаттаған бір кездесуде: «Нұрсұлтан аға, спортшылардан алғаш рет «Еңбек ері» орденін алып тұрған мен екенмін. Рақмет, сізге! Енді бір арманым бар, айтуға рұқсат етіңіз», — дедім. Ол кісінің рұқсатынан кейін: «Менің бүтіндей бір ауылды қамқорлығыма алып, көтеріп келе жатқанымды білесіз. Енді Қазақстандағы 5500-дей ауылды 5500-дей кәсіпкер азамат қамқорлығына алса, Қазақстан гүлденіп кетер еді» деген едім, Елбасы риза болып: «Өте дұрыс. Ауылды көтеру керек», — деп қолымды қысты. Осыдан кейін, жуырда Астанада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жиыны болып, мені соған мүше етіп қабылдады. «Бастау» бағдарламасы бойынша, ауылды көтеру, гүлдендіру жақтары талқыланды. Міне, қысқаша осы.
Түйін:
Әрине, Қазақтың бағына берген біртуар азамат, ұлттық батырымыз Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі мен спорттағы жолы, ел-жұртына, ауылға деген қамқорлығы, игілікті істері өзгелерге, әсіресе келешек ұрпаққа үлгі боларлық. Бүгінде үш ұлынан оншақты немере сүйіп, халқының қалаулысы болып жүрген батыр ағамызға және ол кісінің отбасына баянды бақыт, зор денсаулық тілейміз. Елге жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын, Жақсылық аға!