Ділдә апамыздың сыр сандығынан …

Қадірлі оқырман!    Ділдә апамыздың сыр сандығынан шыққан  тағы бір құнды дүние, келешек ұрпаққа мұра боларлық мына төмендегі ұлағатқа толы зерделі насихаттарын назарларыңызға ұсынамыз. Мархабат, ағайын!

Ана… бәріміз де анадан тудық. Бала кезіңде – пана, ересек шағыңда – ақылшы, ұлғайғанда жүрек сыздатар, ұмытылмас естелік. Әр кісіге өз анасы әлемдегі ең ғажайып жан болып көрінбек. Десе де шын ғажайып аналар бар.

Qwh2BLVJ-e1458750042841-744x1024

Мен өзімді бесіктен алып тәй тұрғызған,тәрбиелеп өсірген,бар мейірімін аямаған,мен үшін жанын қиюға әзір болған қайран әжемнен кейін, тағы да шынымен дегдар төрт әже көрдім. Айрықша тағдырлы,өзгеше аналар.  Әбіш Кекілбаевтың анасы, Асқар Сүлейменовтың анасы, Қайрат Жұмағалиевтың анасы, Ахат Жақсыбаевтың анасы… Өзгешелігі,ғажайып дегдарлығы – атлған төрт анамыздың да өмірлік қосақтары Екінші әлемдік соғыста шейт болған,төртеуі де жиырмаға жаңа толған, уылжыған жас келіншек кездерінде жесір қалған,ешкімге мойын бұрмай бар тіршілік,бар тілеуін әлі мектеп жасына да толмаған ұлдарының болашағына бағытталған. Ақыры, бар мұраттарына жетіпті. Ұлдары өсіп, ел таныған азамат болды, келін түсіріп үпір-шүпір немерелі болды, ал өздері бір отбасы ғана емес, қалың жұрт алдында құрметті,сыйлы болды. Дастарханды,алыс-жақынға бірдей мерейлі болды. Бұл кісілердің қолынан  дәм татқан, азды-көпті білген кездерімде ешқайсының қабағынан кірбің көрмеппін. Тек қазақы кеңдік пен шарапатты ізгілік қана аңдалатын. Десекте ,жүректерінің терең түпкірінде айықпас мұң жатыр, бірақ тағдырына риза. Өйткені өмірдегі ең басты міндет – аналық парыздарын абыроймен өтеген еді. Әлбетте,кешегі өткен күндерде мұндай аналар жүздеп,бәлкім мыңдап саналады. Мен көзбен көргенімді ғана айтып отырмын.

Осындай тағдыры басқа болса да,талайы ортақ тағы бір қазақ анасы Тасмағамбет келіні Ділдә апамыз деп айтар едім. Ол да тар заманда туыпты,бала кезінен-ақ халқының басына түскен барлық қиындықты елімен бірге өткеріпті ,біршама кеңшілік заманға жетіп,қажетті мамандық алыпты, лайықты жар тауып, ұрпағын аман-есен жеткеріпті. Қосағымен қоса ағарып, бар тілегі балалары мен немерелеріне ауыпты; ақсақалын сәл ертерек  аттандырғаны болмаса, бар мұраты орнына келгендей. Әйтсе де бар парызымды өтедім деп ойламаған. Өзі жетті,жеткізді,басқалар ше? Мәселе тұрмыс жағдайында емес, бүгінгі ұрпақтың рухани ахуалы, оның ішінде отбасы мәселесі,жастар тәрбиесі, әйел әдебі,ұлттық жол-жоралғы, үлкеннің өнегесі,кішінің иба-әдебі…  Қалың қазақтың ұлттық ұлағаты бар, туған шаңырақ,өскен ортаның тәрбиесі,келген жері,жаңа жұртының үлгі-тәлімі бар, бір сөзбен айтқанда,алаштың мың жылдық дәстүр – салты қалыптаған қаншама білігін кейінгі әулет-зәузатына қадірінше әйгілеп кету керек екен.        Ділдә апамыз кітап жаза бастайды. Атақ алу үшін емес, өз сөзім демейді,ежелгі аналар ұлағаты дейді. Ескінің жаңаша көрінісі. Айрықша дәріс.

Ақырында кітап жарық көрді, оқырман қауымның көкейінен шықты. Қолға түспейді,әрең тауып оқисыз. Әсіресе әйел заты үшін дәркер болып шықты. Біздің үйдегі, өзі де алты бала тәрбиелеп өсірген,пәленбай немеренің әжесі,зейнеттегі мұғалім, өзі де қалың қазақ ортасынан шыққан бәйбішеміз кітапты қайта-қайта оқып жатқаны…

Бұл- Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жүрек жарды лебізі.

Атақтары жер жарған әлемдік деңгейдегі танымал психологтар – Д.Карнеги, Луиза Хей, Валерий Синельниковтардың кітаптарын іздеп жүріп оқитын кездерді мен  де басымнан өткіздім. Ділдә апамыздың «Айналайындарым менің …» атты кітабы қолыма түскелі бері жаным жабырқай бастағанда кітаптың кез келген бетін ашып, дәл сол сәттегі   көңілімді  жайлаған мазасыздығымның себебін тауып,сабама түскендей   күй кешемін! ,- деп ой бөліседі келесі бір оқырманымыз…

Кезекті Ділдә Матайқызы апамызға берелік :

АЙНАЛАЙЫН,  біз кейде өзімізге үлгі тұтарлық идеалдарды алыстан іздеп, жер-жаһандағы мысалдар мен цитаталарға жармасып жатамыз. Өзіңді қоршаған ортаның парасаттысы мен пысығына, жүйрігі мен жасығына, ойы озығы мен ортаң қолына жете мән бермей көкжиектің ар жағына көз тігіп, құлақ тосамыз. «Өз топырағында пайғамбар жоқтың» кері дағы. Буынды жұмыр-басты, жанын-аманат, демін-кәсіп ғып небір арыстар мен арулар жүр ғой?!  Менің айтпағым да соның бірі. Адамгершілік жайлы дүр.  Ана жүрегі туралы толғау.

АЙНАЛАЙЫН, қарыз алып, оны мерзімінде қайтара білесің бе?

Жо-жоқ, қарыз жалғыз ғана ақша емес.
Ең үлкен қарыз – уәде мен сенім деп білемін. Біреуге, уәде-қарыз. Уақытында орындамасаң сенімнен айырыласың. Қадірің қашады, қадірің қашса азаматтық бейнеңе нұқсан түседі. Көп ортасында бетіңе шіркеу жамылады.
Сен әке-шешеңнен өзіңе деген ғұмырды, тәлім-тәрбиені, бойына қуат пен парасатты, пайымды, мінезді, жақсылықты, дархандылықты қарызға алдың. Ендеше осы ізгі қасиеттерді шашау шығармай бауырыңнан өрбіген ұрпағыңа беруге тиістісің.

АЙНАЛАЙЫН, қыз баланың тәрбиесі қашанда аса мәнді.
Қыз бүгін әке-шешесінің қонағы болса, ертең бір шаңырақтың ошағының сәні. Болашақ ұрпақтың өз қатарынан озары да, азары да қыз бен қыз тәрбиесіне байланысты. Ертеде «қызға қырық үйден тыю» деп отырған. Мұның астарында қыз абыройы – ата-анасының абыройы деген мән жатар.
Қызың көргенді де ибалы, сөзі-сынық, ісі-түзік, киімді бойына жарастырып киіп, жымиып қана күліп, сызылып жәймен  жүріп айтқаныңды екі етпесе – ажарың.

_FmCi_-umEg

АЙНАЛАЙЫН, бұрынғы өткен ата-бабамыз ұл баланың тәрбиесіне аса мән берген. Ұл бала шаңырағынды шайтқалтпайтын, ошақ отыңды өшірмейтін, ізіңді жалғастыратын болашағың. Балаңды жақсы көру деген сүт бетіне қаймақ ғып әлпештей беру емес. Ретті жерінде ақыл айту, білмегенін ұғындыру, аз-кем оғаш қылықтарын көрсең қабағыңмен жасқау қажет, тіпті шектен шықса шапалақтың да зиянды жері жоқ. Мұның бәрі түптен келгенде болашағыңның қамы.

cdf9db

АЙНАЛАЙЫН, қазақтың ең сыйлы мейманы — құда мен құдағи.

Ұлыңды үйлендірсең де, қызыңды тұрмысқа берсең де, құда-құдағилы боласың. Әдетте қыз берген жақ әсемдеу, қыз алып, келін түсірген жақ бәсеңдеу келеді. Өйткені сен оның әлпештен өсірген, он екіде бір гүлі ашылмаған періште баласын босағаңнан аттанып отырсың. Құда-құдағиыңнан арнайы шақыртусыз арнайы себептермен келе салуы керек.

АЙНАЛАЙЫН, айталық, сіздің әулет өсіп-өнген үлкен жанұя делік. Демек, өзіңнің ата-тегін, үрім-бұтағың, ағайын-туысың көптен саналады. Олардың әрбірінің еншілі өз атауы бар. Осыны ұмытпаған абзал.
Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп, ол адамға үлкен мін таққан. Жеті атаға дейін қыз алып, қыз беріспейді. Мұндай шартты ілеуде  бір бұзған әдепсіз табылса, бұрындары  қатаң жазалап отырған.

АЙНАЛАЙЫН, темір өзек пенде жоқ, бәріміз де пәни дүниенің қонағымыз. Торқалы той бар жерде, топырақты өлім де хақ. Алланың құлы, пайғамбардың үмбеті, шәдиярдың сәруары осыны ерте бастан ойлағаны абзал. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады», — деп атам қазақ тегін айтпаған.

Қайғы алқалы көптің тобында қалады.
Түзу мылтықтың оғында қалады,
Қыран құстың қияғында қалады,
Жүйрік аттың тұяғында қалады,
Көкорай шалғын қоныста қалады,
Аққан судың бойында қалады,
Сұлу жардың қойнында қалады,
Осының бірін істемесең,
Өмір бойы мойныңда қалады, — деп.
Иә, қайғыға қайрат қана қарсы тұрған…

 

АЙНАЛАЙЫН, Әйтеке би атаңның даңқы жайлы өсиетін құлағыңа құйшы. «Жоғарыға ұшқан даңққа бөленеді. Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады, даңқ мысқылдап кіріп, батпандап шығады. Даңқ жүрген жерде әзәзіл боп нәпсі жүреді. Адам түгіл шайтанды да адастыратын – нәпсі. Даңқ өзі келмесе, артынан шам алып өзің түспе! Шырақ алып іздегенің – нәпсіге бой алдырғаның. Шикі тері илесең, ұлтан болады, нәпсісін тежей білген сұлтан болады. Нәпсі – тойымсыз.

 

АЙНАЛАЙЫН, сөз деген ұлы құдірет.
Дүниенің алғашқы бастауы сөз. Біреудің жұлдызы жанса, біреудің жұлдызы сөнетіні сияқты, сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады.
Демек, сөзден қорқыңдар, оны абайлап, аялап, орнымен пайдаланыңдар.944738_1407508649460686_1728217516_n-1

                           Дайындаған: Сәлима Қасымбек қажы тегі.