Денистің қазасы кімдерге сабақ?…

Иә, «мешкей деген жақсы ат емес…» Кеше ғана ұры-бұзақылардың қолынан қаза тапқан қазақтың, Қазақстанның, тіпті әлемнің сүйкімді ұлы, бетке ұстап, мақтан тұтар мәнерлеп сырғанаушысы Денис Теннің өлімі көзімізді жасқа, көкірегімізді өксікке толтырып қана емес, сонымен бірге, біз өмір сүріп жатқан қоғамның артын ашып, былығымызды бетімізге басып та кеткендей…

Яғни, онсыз да «Борат» атанып, келемежге түскенімізді есімізге түсірсек, мына қылмысты оқиғадан соң, жастары күн көріс жолында ұрлық-қарлықпен кісі тонап, өлтірумен айналысатын елге теңемесіне кім кепіл?! Әлбетте, Борат сияқты емес екендігімізді білімді жастарымыз сан мәрте халықаралық білім додаларында дәлелдесе, Димаш Құдайбергендей әншіміз өнерімен, Головкиннен бастап, Қанат Ислам, тағы басқа да спортшыларымыз білек күштерімен дәлелдеді. Дегенмен осындайда орыстың: «Әр қалжыңның артында қандай да бір шындық бар» деген сөзі бекер айтылмаған-ау деп те қаласың. Әрине, қылмыстың адам ойына келмейтін түрлері көп қой, мен төменде Денис Теннің ажалы айна ұрлаушылардан келгендіктен, тек қана ұрлық-қарлыққа қатысты тұжырымыма тоқталайын.
Сонымен қылмысты болдырмау жолында қоғамдағы кемшіліктер дегенге өз басым мыналарды жатқызар едім:
Біріншіден, қоғам жалпы халықтың, қала мен ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін былай қойғанда, Денис сияқты бергенінен берері көп талант иесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек еді. Бірақ олай болмады. Солай еткен жағдайда қазынаның қалтасы жұқарып қалар ма еді, кім білсін?!
Екіншіден, даладағы мал ұрлығы мен қаладағы қалта телефонын ұрлау, автокөлік пен пәтер тонау сияқты қылмыстар қағаз жүзінде жыл сайын бәленбай пайыз азайды дегенді естісек те, нәтижесі байқалмайды. Неге? Өйткені заңның ішінде жазылмаған заңдылықтар орныққаны көпке аян.
Ақпарат құралдары мен кейбір қоғам қайраткерлері тарапынан автокөлік айнасынан бастап, болып жатқан барлық қылмыстарға тәртіп сақшылары мен өзге де күштік органдардың қатысы болатыны айтылып жатыр. Былай қарасаң, бұл топшылаудың да жаны бар сияқты. Мәселен, үйіне түскен ұрыны ұстап, полицияға өткізгендердің өздерінің кейіннен пұшайман күй кешкенін еститінбіз. Яғни, сотталмасы үшін ұрыдан ақша алып, жәбірленушіні «кейін өзіңізге қастық істеуі мүмкін» деп қорқытып, арызды қайтарып алуына әрекеттенеді екен. Тіпті болмай бара жатса өзін тергеуге алып есін шығарады-мыс.
Қазіргі кезде білмеймін, осыдан біраз жылдар бұрын, ұрылар мен кейбір тәртіп сақшылары арасындағы ауызжаластық ірілі-ұсақты базарларда да іске асқан екен. Ұрылар базарға жарты сағатқа кіріп, тонау әрекеттерін жасап шығу үшін, сол маңдағы полицияға келісімді «берешегін» беретін көрінеді. Тіпті, ұрыны ұстап берсе де, біраз уақыттан кейін сол ұрының тайраңдап бостандықта жүретіні осы «ауызжаластықтың» белгісі емес пе?!
Баяғыда автокөліктің магнитафонын ұрлау асқынған еді, енді міне айнаға ауысыпты. Әрине, қай зат өтімді соған бейімделеді ғой, ол көксоққырлар. Десек те, айна ұрлығы жайлы айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Демек, қаншама адам Денистің күйін кешіп ажал құшпаса да, опық жеді десеңізші. Бірақ біздің тәртіп сақшыларымыз ол қылмыстар жайлы естімей қалған болуы керек, әйтпегенде Денисті пышақтағандарды тапқан сияқты, оларды да тауып алып, тиісті жазасын берер еді ғой…
Қысқасы, қабырғамызды қайыстырған Денистің өлімі барша халықты ойлантып, кетті. Бұл қылмыстық оқиға қауіпсіздікте өмір сүргісі келетін — халыққа да, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін — тәртіп сақшыларына да, тіпті, қиянат жасау мен біреудің өмірін қиюдың өзгелер үшін қиындығын түсінбейтін қылмыскерлерге де сабақ болса ғой…

Жанбақыт Мерекеұлы