Халқының 12%-ы ғана жоғары білім алған Түркия қалайша өзгені оқытып, тоқытпақшы?

«Маарифтің» қолы ұзын: «Неоосманизм», «жоғары нәсіл» және «ислам халифаты» хақында

Түркияның дәурені жүріп тұрған Әділет және даму партиясы (әрі қарай — AKP) арқасында құрылған «Маариф» деген қандай қор? Түркияның сыртқы саясатына таңылғалы жатқан «неоосманизм», «жоғары нәсіл», «ислам халифаты» тіркестері бірден ойға оралады. Әлде бұл партияның саясаты мен идеологиясын сырт әлемге AKP-ның саяси құралы ретінде көрсету мақсатында құрылған саяси мекеме ме?
Естеріңіз сала кетейік, 2016 жылы Білім министрлігінің қолдауымен құрылған аталмыш қор, ең бірінші кезекте, үкіметтің репрессивті саясатының бөлшегі ретінде Гүлен құрған «Хизмет» қозғалысының кей мемлекеттердегі құрылымына тиісіп, қысым көрсетті. Ең қызығы, қордың мақсат-мүддесі қағазда былай көрсетілген: Түркия аумағынан тыс жерде білім беру және білім шараларын көбейту, мектепке дейіннен жоғары білім деңгейіне дейін берілетін шәкіртақымен қамтамасыз ету, білім ошақтарын, жатақханаларды ашу, ел ішінде және сыртта да қызмет етуге даяр білім кадрларын жасақтау, ғылыми зерттеулер мен талдаулар ұйымдастыру, мақалаларды жариялау мен әдістемелерді дайындау, сапар шеккен мемлекеттің заңнамасына сәйкес оқу-ағарту ісін жүргізу.
Мынандай сұрақ туындайды: Өз жыртығын жамай алмай жатқан, яғни, Білім министрлігінің бағдарламасында ақаулары бар Түркия қалайша өзгені оқытып, тоқытпақ? Түрік үкіметі сол мектептерді аяққа тұрғыза ала ма? Түркияның статистика Институтының баяндамасына сәйкес халықтың 12%-ы ғана жоғары білім алған. Орта есеппен алғанда, бір жылда бір оқушы 2,7 кітап оқып тауысады екен. Алайда әртүрлі себептерге байланысты 123 000 мектеп жабылған, әсіресе елдің оңтүстік аумағында бұл мәселе өршіп тұр. 2016 жылдың 15 шілдесіндегі «әскери төңкеріс» бола жаздаған оқиғадан кейін мемлекеттік және жекеменшік мектептерде ұстаздық еткен 70 000 мұғалім жұмысынан қуылған. Бүгінгі таңда Түркияның мемлекеттік мектептері ұстаздарға зар болып отыр.
Ыстамбұлдың Сауалнама жүргізу мен әлеуметтік зерттеулер Бюросының сараптамасына сүйенсек, мемлекеттік мектепте сауат ашатындардың 53%-ы шылым шегеді. Нашақорлыққа әуестенгендердің үлесі 15%-ға дейін өскен.
Білім алушылардың білім деңгейін саралайтын Халықаралық бағдарламаның (PISA) 2016 жылдың 5 желтоқсанында жасалған баяндамасында Түркияның білім беру жүйесі 72 мемлекет ішінде 50-ші орында қалып қойған айтады. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік мектептерде оқитын оқушылардың 47,2%-ы сабақтан қашады. Білімді, өмірде жолы болған, қалтасы қалың ата-аналар ғана балаларын жекеменшік мектепке беруді жөн санайды. Ел басқарып отырған Әділет және даму партиясы (AKP) қайраткерлері де солардың санатынан.
«Маариф» қоры білім саласындағы өз қотырын өзі қаси алмаса, өзге мемлекеттерден білім алу үшін келетіндерге ар мен ұятты басшылыққа алған білім бере ала ма? Қайталап айтайын, өз ұлтанын көзі ашық сұлтан ете алмай отырғанда бөтен ұлтанға қалайша сапалы білім бермек? Қолдарынан келеді делік, қош. Онда осынша ауыл мен қалаларды, мемлекеттерді мектеп пен біліммен қалайша қамтамасыз етпекші? Жұмыс істеп тұрған мектептерді жабуға немесе басқа біреудің иелігіне өткізуге неге жандары құмар?
Қордың қаржыландырылуы өз алдына айғай-шу туғызған тақырып. Нашар экономикалық көрсеткіштерге сай, Түркия көмек қолын сырттан іздеді. Діни мәселені пайдалану арқылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қажет қаржыны Сауд Арабиясы, Катар сияқты мемлекеттерден тапты.
Әлбетте Эр-Рияд қосқан үлесі үшін Түркия үкіметінен талап еткен дүниелері жоқ емес. БАҚ-та жылт еткен хабарламаларға сәйкес «Маариф» қоры қызмет ететін кей мемлекеттерде экстремисттік саяси идеологияның, түрік үкіметін жақтайтын компаниялардың өскенін, сексуалды зорлық-зомбылықтың орын алғанын байқаймыз.
«Маариф» қорының бір мұғалімі ДАИШ-ты (РФ-да тыйым салынған ұйым) насихаттады деген айыппен Албанияда ұсталды. Бірдей уақытта Анкара да әр түрлі мемлекеттен «Хизметке» қатысы бар делінген түрік мектептерін қайтаруды не жабуды талап ете бастады. Сонау 2015 жылдың 15 ақпанында Мали президенті Ибрагим Бубакар Кейт Түркияға ресми сапармен келген кезде Ердоған Мали мемлекетінде 2002 жылдан бері іске қосулы «Collège Horizon» мектебін жабуды өтінді. Кейт болса мақұлдамады. 2017 жылдың 5 тамызында Кейтпен байланысқа түрік елшілігінің қоштауымен «Маариф» қорының өкілдері шықты. Жергілікті басылымдарда Ердоған екінші рет ұсыныс тастады деген ақпарат жылт етті. Мұндай жағдай Ауғанстан, Буркина-Фасо секілді елдерде де, өкінішке қарай, орын алған. Өсек-аяңға құлақ түрсек, Түркия үкіметі Түркістан мемлекеттері басшыларынан «Хизмет» мекемелерін жапқан жағдайда кей ұсыныстарды қабылдап, уәделерді орындауға сөз беріпті. Алайда Анкара «уәде — Құдай сөзі» екенін біле тұра айтқан сөзінде тұрған жоқ. Екі жыл бұрын Кабулға сапар шеккен Ердоған Ауғанстан президенті Ашраф Ғаниға қыздарға арналған мемлекеттік мектеп пен әйелдерге арналған «Мевлян» университетін ашамын деп айтқан еді. Дегенмен бұл жобаларды жүзеге іске асыру үшін ешқандай іс-әрекет жасалмады. Сонымен қоса, Ауғанстанның солтүстік аумағының Акша ауданында түрік үкіметінің қолдауымен бой түзеген «Қыздарға арналған Хабибе Кадири лицейі» қиын жағдайда қалды. Ауғанстанның оқу бағдарламасын іске қоса алмағандықтан, барлық пәндері түрікше өткізілген мектеп жабылып тынды.
Араб елдерінен ақша сұраған «Маариф» «Хизмет» мектептерін қайтарып алғаннан кейін қалайша әрі қарай қызмет ете бермек? Радикалды дереккөздер қаржыландырылғаннан кейін аталмыш мемлекеттерде фанатизм пайда болған жағдайда, дау туындаған уақытта білім саласына құйылып жатқан инвестициялар бірден тоқтайды. Ал оның зардабын тек оқушылар мен ата-аналар көреді. Қордың жұмысы түрік үкіметі осыған дейін қолға алған жобаларға қатты ұқсайды. Айта кетерлігі, Германияның ІІМ «адам құқығы мен қоғамға зор қауіп төндіретін», Ердоғанға қатысы бар «Осман Алманиясы» (Osmanen Germania) тобының кез келген қызметіне тыйым салыпты.
Газа сек-торының аумағында Серіктестік пен координация бойынша жұмыс жасайтын Түркия агенттігіне (әрі қарай – TİKA) қатысты шектеулер енгізілгенін Израиль хабарлады. TİKA-ға «Газа секторындағы кеңсесінде «Ислам жиһадының» (РФ аумағында тыйым салынған ұйым) мүшелерін жасырды» және «Хамасқа қаржылай көмек пен ақпарат ұсынды» деген айып тағылды.
«Маариф» қоры қазірдің өзінде қауіпті де қатерлі. Түрік үкіметі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге жарамсыз адамдарды жұмысқа тұрғызуды ойлайды. Олар AKP-ның саяси идеологиясын жақтайтын, шет тілінде сөйлемейтін, кәсіби мүмкіндігі төмен адамдар. Өкінішке қарай, көбі өмірінде оқушыға сабақ беріп көрмеген, ДАИШ пен «Әл-Каида» менталитетін жат көрмейтін, радикалды ислам идеологиясының өкілдері болып табылатын мұғалімдер. Соның нәтижесінде радикалды салафит көзқарастағы мұғалімдерден «тәрбие» көрген өскелең ұрпақтың ДАИШ десе бүйрегі бұра тартып тұратын болады. Бұл күрмеуі қиын жаңа мәселе болмақ.
Өзінің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарына мұғалім жібере алмай отырған Түркия билігі «Маариф» қоры арқылы әлемнің әр түкпіріне білім дәнін себе отырып, партиялық идеология мен тәртіптің де өскінін өсіруді мақсат тұтады. Белгілі болғандай, AKP Таяу Шығыстағы радикалды топтармен етене байланыста. Қорға қаржылай көмек көрсететін мемлекеттердің тізіміне қарасақ, бұл аталмыш білім ордалардың ғұмыр кешуі қауіпсіздік тұрғысынан қарастыратын болсақ, болашақта үлкен мәселеге айналғалы отыр.

Авторы: Ариф Асалыоглу
Дайындаған: Жазира Байдалы
«Қамшы» сілтейді