Жолымбет алтын руднигі
Кореядан келген қонақтарымызды ертіп Жолымбет алтын руднигіне бардық. 1932 жылы ашылған кен орыны. Профессор Джи Вонның әкесі Герберт Ким 1932-1937 жылдары осы рудниктің техникалық директоры болып қызмет атқарған. Америкада Колумбия университетін бітіріп келісім шарт бойынша келген екен. 1937 жылы репрессияға іліккен,ату жазасына бұйырылған, оны Қытай араласып 25 жылға ауыстырған, Мәскеудің Бутыркасынан бастап көрмеген түрме -лагері жоқ екен, одан 1942 жылы еліне қайтарған. Біздің әкейдің Жолымбеттегі тағдыры ол да бөлекше әңгіме. Бізбен бірге осы жолға шыққан Жазира Хасенова қарындасым да осы Жолымбетпен байланысты, ол отбасының да 1937 жылы жоғалтқандары бар. Шым-шытырық тарих, айта берсең көп ! Жолымбет алтынның үстінде отырған ауылға ұқсамайды, әлеуметтік жағы нашар, ауылға баратын жолдың өзі әбден тозған. Шортанды әкімшілігінен бізді бастаған Гүлзияш қарындасымыз -аудандық газеттің редакторы ашық-жарқын адам екен, ауылдың ұсқынына қарап қонақтардың алдында қысылыңқырайды. Ауылдағы мектептердің біріне кездесуге бардық, қолымыздағы архив деректерін, фотосуреттерді бердік, болашақта музей жасақталмақ. .Рудниктің директоры Жанат деген азамат екен, өзі бастап аралап көрдік. Мектеп музейіне көмек көрсетіңіз дедім, күмілжіп қалды. Бұлардың қолында не бар, рудниктің иесі тым жоғарыда ! Кездесуді ұйымдастырған Шортанды ауданының әкімшілік қызметкерлеріне, бізді қарсы алған Жолымбет қарияларына рахмет айтамыз.