Межелі міндетке жетуде Меркідегі мол мүмкіндік ескерусіз қалған
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Меркі ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан активінің қатысуымен аймақтағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы туралы жиын өткізді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” AА.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне 3 бағытта жүргізілген талдау нәтижесі бірқатар салалардың дамуына тежеу болатын жайттардың бар екендігін айқындап берді. Ауыл шаруашылығына қолайлы аймақтың агросекторы мәселеден көз ашпай тұр. Бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерін айналымға енгізу көрсеткіші 43 пайызды құрайды. Сол секілді егістік жерлерді мақсатты пайдалану ісінде де нәтиже байқалмайды. Шаруаларды техникамен, минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Мәселен тыңайтқышпен қамтудың межелі көрсеткіші 12 мың тонна болғанымен меркілік шаруаларға жеткізілгені 50 тонна ғана. Ауданда құрылған 6 ауыл шаруашылық кооперативінің 4-еуі ғана жұмыс жасап тұр. Саланы қаржылай қолдау тетіктерін пайдалану көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Аймақта 2 ірі сүт зауыты болғанымен олардың жүктемесі 50 пайызға жетпейді. Меркілік шаруалардың жайылымдық жерге сұранысы 227 мың гектарды құрайды. Алайда олардың сұранысын қанағаттандыру бағыттандағы жұмыстар тым баяу жүргізілуде. Жалпы, жергілікті билік ауданның агро саладағы потенциалын толық кәдеге жарата алмай отыр .
Агро сектордан бөлек аймақта кәсіпкерлік саласы да кенжелеп тұр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 пайыз ғана. Ауданда сала бойынша 2 жаңа жоба ұсынылған. Кәсіпорындардың қажеттілігін зерделеу мақсатында сауалнама жүргізілмеген.
Сондай-ақ, табиғатта қорғау саласында қордаланған мәселе жетерлік. Аудандағы 30 елді мекеннің 10 ауылында ғана қоқыс тастайтын полигон бар. Жасыл белдеу қалыптастыру мақсатында 25 гектар алқапқа егілген ағаш күтімсіз қалған.
Суармалы егістік көлемі соңғы 27 жылда небәрі 1000 гектарға ғана ұлғайтылған. Бұл су ағатын каналдарды тазалау жұмыстарының сылбыр жүргізіліп отырғандығын айғақтайды. Аудандағы құрылыс саласында да мәселе шаш етектен. 13 нысанның жобалық-сметалық құжаттары кешігуде. Жаңа алқаптарға инфрақұрылым жүргізу үшін қаржы қарастырылмаған.
Өңір басшысы ауылдарды газдандыру көрсеткішін жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізуде тапсырды.
Аудандағы актив жиынында облыс басшысы аудан әкімінің жыл басынан бері жұмысты жүйелеуді уәде етумен келе жатқандығын атап өтіп, кемшіліктерді жоюды уақыт оздырмай қолға алу қажет екендігіне айрықша назар аударды.