Павлодар облысында ойшыл, ақын, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдық мерейтойы аталып өтілді

Есімі күллі қазақ еліне әйгілі ақын, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туған жерінде 35 ақшаңқан киіз үй бой көтеріп, жиналған жұртшылық жерлес ақынның мерейтойын атап өтті. Этноауыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі орналасқан Ескелді шатқалында құрылды.

Ең алдымен ақынның кесенесінің ішінде аймақ басшысы Болат Бақауовбастаған қадірлі қонақтар Мәшһүр Жүсіп көпейұлының аруағына арнап дұға бағыштады. Бұдан кейін облыс әкімі шатырдың астында Мәшһүр Жүсіп мұрасын зерттеумен айналысып жүрген тарихшы, филолог ғалымдармен кездесу өткізді. Кездесуге Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Меруерт Әбусейітова, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, философия ғылымдарының дкоторы Аяжан Сағитқызы қатысты.

Кездесуде сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірдің әйгілі тұлғаларын еске алуға арналған шаралар өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеудің басты құралы екендігін атап өтті.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған ақындар айтысында 17 ақын бақ сынап, олардың ішінен іріктеліп шыққан үш жұп бас сахнада сөз қағыстырып, көпшіліктің көңілінен шықты. Әділқазылар алқасының ұйғарымы бойынша ақындар аламанында Мәшһүр Жүсіптің туған ауылы Жаңажолдың намысын қорғаған айтыскер Тілек Сейітов жеңіске жетті. Сонымен бірге, Мәшһүр Жүсіптің толғаулары мен өлеңдерін жырға қосқан жыршы-темрешілердің республикалық «Көне ғасыр күмбірі» байқауының қорытындысы шығарылып, ақынның шөбересі – филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Ертай Жүсіпов жеңімпаздарды марапаттады. Мерейтойдың соңы тай жарыс, аламан бәйгемен аяқталды.

Әлихан Рахметоллаұлы