Павлодарда «Көне ғасыр күмбірі» атты жыр термешілер байқауы өтті
Кеше Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени-сауық орталығында «Көне ғасыр күмбірі» атты республикалық жыршы-жырау және термешілер байқауы өтті. Дүбірлі жыр аламаны қазақтың ұлы ойшылы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Аталмыш байқауға еліміздің барлық өңірінен 17 өнерпаз келген. Оның ішінде таңды таңға жалғап жыр оқып, терме айтатын елге танымал жыршылар мен термешілер бар. Қатысушылардың ең үлкені 69 жаста. Ол – павлодарлық белгілі жыршы Даниял Әсенов. Ал, ең жасы Қарағанды облысынан келген Ақжан Шыныбек, 14 жаста. Біздің аймақтан белгілі айтыскер ақын, темеші Бейсенбі Мұқажан, дәстүрлі әнші Жәнібек Мәліков және сырнайшы Салтанат Қисанова қатысты.
— Байқау екі кезең бойынша өтуде. Бірінші кезеңде үміткерлер өздерін таныстырса, екінші кезеңде Мәшһүр атамыздың екі шығармасын орындайды. Жыр-термішер байқауының жеңімпаздары бүгін яғни 28-шілде күні Баянауыл ауданы, Ескелді шатқалында атамыздың 160 жылдығына арналған той үстінде өнер көрсетіп, марапатталады, — дейді осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Шаңырақ» орталыңының қызметкері, Аманкелді Әбдіқадырұлы.
Байқау жеңімпаздарын анықтау үшін елімізге белгілі ақындар мен жыршылар келген. Қазылар алқасының төрағасы ретінде белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай шақырылған болса, байқауды жүргізу үшін Қазақстанның мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов келіпті.
Тілеуберді САХАБА