Павлодарлық оқушы Португалия елінен қола медаль әкелді
Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дияр Туленов тағы бір мәрте ел мерейін асырып, Португалияның астанасы Лиссабон қаласында өткен Халықаралық олимпиадада қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы осы білім ордасының баспасөз хатшысы Рымгүл Божақанова хабарлады.
— Лиссабон қаласында физика пәнінен өткен 49-шы Халықаралық олимпиадаға 90 елден қатысушылар келді. Бес оқушыдан тұратын Қазақстанның құрама командасында болған Дияр аталмыш олимпиадада алғаш рет бағын сынады. Қатысушылар физика пәнінен бес сағаттың ішінде теория бойынша үш және бір тәжірибелік тапсырма орындады. Түрлі олимпиадаларда топ жарып жүрген еліміздің майталман оқушылары Португалия елінде жеті күн өткізді. Әрбір қатысушының білімі жеке бағаланып, төрт медаль мен бір Құрмет грамотасы табыс етілді.
Дияр Туленов математика пәнінің олимпиадаларына 5-6 сыныптардан бастап қатысады. 7-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысқаннан кейін жетекшісі Назымгүл Кәрімова оның бойында физика пәніне деген құлшынысты көріп, физикамен шұғылдана бастаған.
— Нәтижесінде 7-10 сыныптарда оқып жүргенде физика пәнінен бірнеше олимпиаданың жүлдегері атанды. Алғаш рет 2016 жылы республикалық олимпиадада бірінші орынды иеленді. Бұдан кейін дәл сол жылы Индонезияның Бали аралында 16 жасқа дейінгі оқушылардың арасында өткен Халықаралық олимпиадада үшінші орын алды. Болашақта физик-ғалым болуды армандайды, — дейді баспасөз хатшысы.
2017 жылы Халықаралық Жәутіков олимпиадасында жеңімпаз атанған жеткіншек бүгінде ҚБТУ мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің грант иесі, яғни аталмыш екі жоғары оқу орнының студенті болуға лайықты деген екі сертификаты бар. Еске сала кетейік, жуырда ғана Дияр Туленов Якутияда өткен «Туймаада» олимпиадасынан да қола медальмен оралған болатын.
Әлихан Рахметоллаұлы