Дін — еріккеннің ермегі емес
Ислам діні адамдарға ой пікір мен сөз бостандығын бере отырып дін мен мемлекет, қоғам мен жеке тұлға мүдделерін сақтау мақсатында кейбір шектеулер қойған. Алайда кейбір адамдар осы шектеулерден шығып, нәтижеде қарабайыр халықтың санасын сан жаққа жүгіртуде. Оның ішінде Аллаһтың Кітабы мен пайғамбар сүннетінен бейхабар, шариғи білімі жоқ немесе діни танымы таяз адамдардың дін турасында ой айтып тіпті кей кезде пәтуа шығаруы көңілге қаяу түсіреді.
Қазіргі таңда шариғат талабына сай киіну секілді діни мәселелер төңірегінде талас тартыстар жиі орын алуда. Осы секілді дін тақырыптарында, оның ішінде діни мәтіндерде нақты үкімі бекітілген мәселелерде кез келген адамның кесімді ой айтып, пәтуа шығаруға құқығы жоқ. Әрбір адам өзінің айтқан сөздеріне абай болып және білмеген нәрсесін сөйлемегені дұрыс, өйткені бұл адамдар арасында түсініспеушілікке алып келіп, шариғи тұрғыда күнәға душар етуі мүмкін.
Барлық діндерде адам санасы қамти алмайтын, тек діни мәтіндермен ғана шектелуді қажет ететін метафизикалық мәселелер болғаны секілді, кейбір тақырыптарда діни мәтіндер аясында ой-пікірін білдірген дін мамандарына ғана жүгініледі. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады…» (Исра, 36) деп келген. Яғни, осы және өзге де аяттардан адамдарға Аллаһтың есім сипаттары, істері және бұйрықтарына қатысты білмейтін нәрселерін айтуларына тыйым салынғандығын ұғамыз. Ислам діні адам баласының екінші бір адамның алдындағы хақыларын айқындағаны секілді пенденің Жаратушысы алдындағы бірқатар міндеттерін белгілеген. Адам баласы шариғаттың тыйымдарын місе тұтпаса немесе білмеген нәрселерінің соңына түсіп негізсіз ой айтатын болса, Аллаһтың алдындағы міндеттерін дұрыс атқармай діннің қастерлі құндылықтарына қол сұққан болып табылады.
Адам медицина, экономика, техника сияқты салаларда қандай да бір мәселелеге жолығатын болса, оған білімсіз кіріспей осы мәселе бойынша сала мамандарына жүгінері сөзсіз. Өйткені, адам егер білмейтін мәселесіне өз бетімен кірісер болса, өзіне де, қоғамға да зиян тигізуі мүмкін екендігін түсінеді. Ал қазіргі таңда кейбір адамдар өзіндік жауапкершілігі мен күрделілігі бар дін мәселелерінде мамандарға жүгінбей, оның дүниелік және ақыреттік салдарын естен шығарып, өз бетінше батыл түрде ойына келгенін айтуда. Алайда Алланың діні, дүние мәселелеріне қарағанда, едәуір сақтықпен қарауға әбден лайықты.
Қайрат Құрманбаев