«Ұлы дала» этнофестивалі ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды

«Ұлы дала» этнофестивалі Естай атындағы Мәдениет сарайында өткен ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Конференцияның пленарлық отырысында мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, ғалымдар мен пеадгогтер қатысты.

— Конференциямыз өңірімізден шыққан даңқты жерлестеріміздің мерейтойлық даталарына арналады, — деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Болат Бақауов, — Биыл біз Бұқар жырау Қалқаманұлының 350-жылдығын, Жаяу Мұса Шормановтың 200 жылдығын, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160-жылдығын, естай Беркімбайұлының 150-жылдығын және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125-жылдығын мерекелеп жатырмыз. Ертіс-Баян өңірінде түрлі кезеңде өмір сүрген даңқты жерлестеріміз өздері туып-өскен өлкенің ғана емес, бүкіл еліміздің рухани дамуына серпін бергені айдан анық.

Сонымен бірге, аймақ басшысы Баянауыл ауданындағы Теңдік ауылында Мұса Шормановқа кесене орнатылып жатқандығын және Ақтоағай ауданында Естай Беркімбайұлының кесенесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Өткенде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жиырма томдық жинағының цифрлық нұсқасы жарыққа шықты. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақынның туған ауылында жолдар жөнделіп, көшелерге электр шамдары қойылды.

Конференцияның ұйымдастыру комитетіне әлемнің АҚШ, Венгрия, Моңғолия, Литва, Украина сияқты мемлекеттерінен және еліміздің түрлі өңірлерінен 130-дан астам мақала келіп түсті. Конференцияға келе алмаған АҚШ-тың Индиана штатында тұратын профессор Вильям Фиерман өзінің құттықтау сөзін қазақша жазып, бейнетаспа ретінде жолдады.

— «Ұлы дала» этнофестивалінің қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын, конференцияға келе алмағаным өкінішті, — деді Вильям Фиерман. –Кез келген халықтың басты міндеті рухани байлықтарын сақтап, туған тарихын зерттеу болып табылады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы