Шыңжаң үкіметі қаржыдан қысыла бастады
Қазақстанмен іргелес жатқан Шыңжаң жерінде 2009 жылдан бері жүргізіле бастаған, «Терроризммен күрес» науқаны әлі күнге аяқталған жоқ. «Үш түрлі күштермен күресуді» (терроризм, сепаратизм, экстремизм) барған сайын үдеп келе жатқан бұл өлкеде, күрестің негізгі нысаны мұсылман жұртына, соның ішінде аймақтың байырғы тұрғындары болып табылатын ұйғыр, қазақ сияқты ұлттарға бағытталуда. Бұл туралы әлемдік баспасөз беттерінде көптен бері айтылып келе жатыр. Солардың бірі «Франс пресс» агенттігі. Қытай туралы, соның ішінде Шыңжаңдағы ұйғырлар мәселесі төңірегінде мақалалар жариялап тұратын бұл агенттік, 2017 жылдың 27 наурызы күні аймақтың қауіпсіздік шараларына жұмсалып жатқан қыруар қаражат туралы шолу жариялады. «Бірнеше жылдан бері Шыңжаңның жергілікті үкіметі, қоғамдық тәртіпті жан-жақтылы бақылау үшін қыруар қаражат жұмсап келеді. Бұл өз кезегінде цифрлы технологиялармен айналысатын компанияларға таптырмас құралға айналды. Олар Шыңжаңдағы атқарушы органдармен мол сомадағы тоқтамдар жасасып, соның арқасында бизнестерін дамытып келеді», — дейді. Шолуда тілге алынған «Hikvision Digital Technology Co., Ltd» компаниясы 2017 жылы Шыңжаңның жергілікті үкіметімен 1,8 млрд. юань (300 млн. доллар көлемінде) сауда келісімін жасасқан екен. Бейне бақылау камераларын өндірумен айналысатын бұл кәсіпорын, өз саласы бойынша әлемде алдыңғы орында тұратын компания. Қытайдан тысқары 37 мемлекетте өз филиалдарын ашқан.
Шыңжаңдағы қауіпсіздік шаралары үшін үкіметтен тендер ұтып алып, жұмыс істеп отырған екінші бір компания — Шынжын қаласындағы «Shenzhen Dahua Technology Co., Ltd». Шыңжаңның Қашқар аймағына қарасты Шаршан ауданы 2017 жылы аталмыш компаниямен келісім жасай отырып, жалпы құны 4,3 млрд. юань (600 млн. доллар көлемінде) болатын бақылау камераларын сатып алыпты. 20 миллионнан астам халық тұратын Шыңжаңда 2017 жылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалған жалпы қаражаттың көлемі 9 млрд. долларға жеткен. «Бұл салыстырмалы түрде қарастырғанда өлкенің денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражаттың екі есесіне тура келеді», — дейді «Франс пресс». Осыншама мол қаржыға алынып жатқан бейне бақылау жабдықтары негізінен мешіттерге, адамдар жиі баратын тамақтану орындары мен сауда үйлеріне орнатылған.
Шыңжаңның қазіргі жағдайын көзбен көріп қайтқан адамдардың айтуынша, соғыс дайындығы іспетті сақтық шаралары адамдарды әбден шаршатып, жүйкесін тоздырып біткен. Бақылау камералары мен тексеру аппараттары әлеуметтік әжетханаларға дейін орнатылған екен. «Адам денесіндегі қызыл клеткаларды өлтіреді» деп айтылатын турникеттерден күніне сан рет өтетін қала тұрғындары денсаулықтарына алаңдай бастапты. Алайда өлкелік үкіметті халықтың көңіл-күйінен гөрі, қазынадағы қаржының сарқыла бастағаны алаңдата бастаған секілді. 2018 жылдың сәуір айында жиналыс шақырған автономиялық аймақ әкімшілігі, кезектегі қаржы тапшылығына байланысты жоспарда тұрған бірнеше ірі нысанның құрылысы мен қауіпсіздік шараларына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу жұмысын уақытша тоқтатуды мақұлдаған. Сонымен қатар мұндай жабдықтар өндірісі мен технологияларын дамыту, зерттеу жұмыстарын ендігі жерде Шыңжаңның өзінде қолға алуды жоспарлаған.
2009 жылдан бері тоқтаусыз жүргізіліп келе жатқан терроризммен күрестің соңы «күдіктілердің» барлығын жаппай түрмеге тоғыту, ауыр жазаларға кесумен аяқталып отырғаны белгілі. Осы күрес түріне соңғы жылдары жергілікті орындарда ашылған «тәрбие курстары» дейтін сипаты күңгірт тартқан, сырты қарулы күзетпен қорғалатын мектеп үйлері қосылды. Бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, бұл мектептерде аз санды ұлт адамдарына қарата, «сананы тазалау» жұмыстары жүргізіледі екен. Аса ауыр тән жазаларын да қолданатын бұл мектептерге «байқамай» еніп кеткен, Қазақстан азаматтығын алған кейбір қандастарымыздың алды құзырлы органдардың араласуымен елге оралып та жатыр. Алайда ауыр психологиялық қысым, зорлықты түрде қабылдатқызып отырған белгісіз дәрі-дәрмектер мен ұрып-соғудың кесірінен, «тәрбие курсынан» босап шыққан адамдардың көбі қалыпты жағдайын жоғалтып алған. Осы аталған лагерьлерге әкетілген адамдарды босатпай отырған атқарушы билік, біраз уақыттан бері оларға қажетті «азық-түлік қаражатын», ендігі жерде олардың отбасы мүшелерінен жинай бастапты. Оған қарсы пікір білдірушілерді, «сендерді де қоса қамаймыз, идеяларың дұрысталмаған», — деп қорқытып отырған көрінеді. Мысалы, Үрімжінің іргесіндегі Ұланбай ауылынан «тәрбие курсына» әкетілген қазақ әйелдің отбасындағыларға, Қоғам қауіпсіздігі мекемесіндегілер (бізше ішкі істер департаменті) «тамақ қаражаты үшін бір күнге 47 юаньнан» ақша төлеуді бұйырған. Ал қазақтар жиі қоныстанған Алтай аймағының Қаба ауданындағы лагерьге ұстап әкетілген әлдебір ұйғыр азаматының әйеліне, «тамақ ақысы үшін бір күнге 80 юаньнан төлеуді» ұқтырыпты. Үш баласын жалғыз өзі асырап отырған әйел, отбасындағы қиыншылықты айтып, бұл қаражатты төлеуге шамасы келмейтіндігін ескертсе керек. Әйелдің мұң-зарына құлақ аспаған ІІД басшысы, «ендеше мына әйелді де тәрбиелеу орталығына жіберіңдер де балаларын аудандағы жетімдер үйіне өткізіңдер» деп кесім шығарған екен.
Қаражаттың жетіспеушілігі өзге салаларда да байқалған. Іле қазақ автономиялы облысының кейбір аудандары 2018 жыл басталғалы, мұғалімдердің жалақысын қатарынан үш ай бойы тарата алмай қалған. Жалақы тарата алмай қалу мектептен өзге салаларда да кездескен.
Осылайша ақшадан тарыққан Шыңжаңның жергілікті билігі ақылға сыймайтын шараларды да қолға алып жатыр. Қазір «тәрбиелеу курстарын» қаладан ауаша өңірлерге салып, ішіне түрлі өндіріс орындары мен балабақшалар аша бастаған. Бұл жерде «тәрбиеленушілер» саяси үйренуден босай салысымен, өндіріс орындарында ақысыз жұмысқа жегіліп жатыр. Кейбір «курсанттардың» балаларын да қоса әкеліп, сәбилерді де ерте бастан саяси үйренудің сатыларынан біртіндеп өткізуді сынаққа енгізе бастапты. Ең қиыны, қажетті қаражатты артында қалған жанашырларынан жинай бастаған билік, бұл «курстарды» қашан жабатындығын өздері де білмейтін көрінеді.
Кезінде Орталық Азиядағы маңызды сауда қаласы ретінде даңқы дүрілдеген Үрімжі қаласы, қазіргі таңда тыныш күйге ауысқан. Ішкі Қытайдан осында келіп, сауданың көрігін қыздырған кәсіпкерлер, қоғамдағы орын алған түрлі саяси жағдайлар мен үкіметтің қолданған шараларына көңілдері толмай, Шыңжаңды тастап ішкі жақтағы ірі қалаларға кетіп жатыр. Бұл қалада сауда тоқырауға беталғанымен қоймай, зат бағасы да қымбаттай түскен.
Қытайдың жалпы жағдайы, дауыл алдындағы өлі тыныштықтан гөрі, ептеп бүлкілдей бастағандай. АҚШ пен екі арадағы сауда кикілжіңі, елдің экономикасына айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Ел ішінде компартияға, оның басшыларына деген наразылық жер-жерден көрініс беруде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктердің алынуына байланысты запастағы жауынгерлер де әр қаладан ереуілге шыға бастады. Мұндай ірілі-ұсақты бас көтерулерге қоса, таяуда ғана Шанхайдан басталған «Си төрағаның суретіне сия шашып кету қозғалысы» мен 200 мың балаға егіліп кеткен сапасыз вакцина дауы қоғамда өршіп бара жатыр. Сарапшылар осынау жағдайларды қорытындылай келе Си Цзиньпиннің үлкен сынақтарға тап болғандығын айтуда.
Ал қаржылы қиыншылық «қытайдың қайыс ноқтасын» қашан жібітетіні алдағы күннің еншісінде.
Ерұлан Жансары