Павлодарлық әжелер мен жастар ансамбльдері Ресей Федерациясының Омбы қаласында өнер көрсетті

Павлодар облысы Ақсу қаласының «Ақниет» халықтық және «Достар» вокалдық ансамбльдері Ресей Федерациясының Омбы қаласында өткен «Достық киіз үйі» халықаралық фестиваліне қатысып, қазақ халық әндерін әуелетті. Бұл туралы Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қожаберген Жыраудың 355 жылдығы, Сегіз Серінің 200 жылдығы және Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада ақсулық өнерпаздар өнерсүйер қауымға қазақстандық композиторлардың шығармаларын тарту етті. Омбының Королев атындағы орталық паркінде ұйымдастырылған шараның мақсаты — қазақ халқының салт-дәстүрі және мәдениетімен таныстыру. Ұйымдастырушы — «Мөлдір» Қазақ мәдениеті сібір орталығының Омбы аймақтық қоғамдық ұйымы.

«Ақниет» халықтық ансамблінің жетекшісі Әсия Еселбаеваның айтуынша, халық әндерін тыңдауға Омбыда тұратын қазақтар көптеп келген. Мерекеге арнайы шақырылған қос ансамбль бұл күні 22 ән орындап, «Сырға салу» дәстүрін ұсынды. Шара соңында «Мөлдір» Қазақ мәдениеті сібір орталығы Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының жетекшісі Алтынай Жүнісова ансамбль жетекшісі Әсия Еселбаева мен оның ұжымына өскелең ұрпаққа мәдени мұрамызды насихаттауда белсенділік көрсеткені үшін ұйымдастыру комитетінің атынан Алғыс хат табыстады.

— Біз үшін бүгін қазақ әндерінің шырқалғаны теңдессіз сый болды. Шараға бүкіл жанұямызбен арнайы келдік. Өйткені Омбыда туып-өскен балаларымызды қазақтың төл мәдениетімен, қазақ музыкасымен таныстырғымыз келді, — деп омбылықтар алғыстарын білдірді.

Бұдан басқа, ақсулық өнерпаздар Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы елшілігі алдында өнер көрсетті. Шоқан Уалиханов ескерткішінің жанында Еліміздің Әнұраны мен Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін шырқады.

Айта кету керек, Омбы қаласына өнерпаздардың барып келуіне қала әкімдігі мен Ақсу ферроқорытпа зауытының кәсіподақ комитеті, қалалық мәдениет үйі қолдау көрсеткен.

 

Әлихан Рахметоллаұлы