Павлодар облысындағы Солнечный кентінде қазақ тілінде білім беретін мектеп салынып жатыр
Екібастұз қаласынан 44 шақырым жерде орналасқан Солнечный кентінде мемлекеттік тілде оқытатын мектетің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов мәлім етті.
— Алты мыңнан астам тұрғыны бар кентте қазақ мектебі бұрынғы бала бақшаның ғимаратында орналасып келген еді, — деді ақал әкімі. – Спорт залы жоқ ғимаратта балалар 20 жыл бойы оқып келді. Өткен жылы біз жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеп, биыл 420 оқушыға арналған заманауи мектептің құрылысын бастадық.
Мектептің құрылысына республикалық бюджеттен 550 млн теңге бөлінді. Мектеп 2019 жылы пайдалануға беріледі. Оқушылар мен педагогтер жаңа мектепке көшкенней кейін босайтын ғимаратты тәрбиелеу қазақ тілінде жүретін балалар бақшасы орналасады. Қайрат Нүкенов кенттегі тұрғын үй құрылысы туралы айтып берді.
— Өткен жылы біз кентке апаратын жолдарды жөндедік, биыл Досытқ, Конституция көшелеріндегі тоқсаныншы жылдардан бері бос тұрған үйлерді жөндеп жатырмыз, — деді ол. – Үш үйде барлығы 224 пәтер бар. Олардың есік-терезесі жоқ, ішіне де жөндеу жұмыстары қажет. Жобалау-сметалық құжаттама бойынша жөндеу жұмыстарына 1,5 млрд теңге қажет. Өкінішке орай, қаламыздың бюджеті үш үйдің бәрін бірдей жөндеуге жетпейді. Сондықтан, биыл біз 400 миллион теңге бөліп, Конституция көшесіндегі №3 үйді жөндей бастадық. Кентте тұратын 180 тұрғын жеке пәтерге мұқтаж.
Әлихан Рахметоллаұлы