Түркістан облысы – даму перспективалары

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеевтің Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі АӨК-ні дамыту бағдарламасының және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын талқылауға арналған семинар-кеңес өтті.
Жалпы АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында жүктелген стратегиялық міндеттерді, бірінші кезекте АӨК-дегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге ұлғайту міндетін іске асыруға бағытталған.
Зәкірлік кооперация негізінде етті және сүтті мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде өңірде 10 жылда бордақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құрылатын болады. Қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ. Сонымен бірге, өңірде тұқымды жақсарту көрсеткіштері төмен күйінде қалып отыр (бар-жоғы 15% мал тартылған). Өңірде мал шаруашылығын жүргізуге арналған 2 млн. га жайылым пайдаланылмайды, оларды фермерлік шаруашылықтарға кредит берудің қолжетімділігін ескере отырып, отбасылық фермалар желісін құру есебінен айналымға енгізу қажет.
Кеңес пікір алмасу және өңірдің тауар өндірушілерінің маңызды мәселелерін талқылау форматында жалғасын тапты. Жаңа суармалы жерлерді айналымға тартудың өзекті мәселелері қаралды. Түркістан облысы бойынша барлығы 35 898 га жаңа суармалы жерді пайдалануға енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Түркістан облысында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды. «Нұрым» ЖШС-ның басшысы Сырым Ертаев экспортқа бағдарланған
10 мың басқа арналған бордақылау алаңын таныстырды. Кәсіпорын жыл басынан бері 1300 тонна сиыр етін Өзбекстанға экспорттады.

Жұмыс барысында кеңеске қатысушылар Түркістан қаласында салынып жатқан түйе және бие сүтін өңдейтін «Golden Camel» ЖШС зауытына барды. Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе сүтін өңдеуге қуатты және ағымдағы жылға қазан айында пайдалануға беріледі. Зауыт өнімі түгелдей экспортқа бағытталады. Жоба шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыт – «Каz Kioti» ЖШС-ның ағымдағы қызметі таныстырылды. Кәсіпорын 2015 жылы кореялық компанияның жеке инвестициялары есебінен құрылды. Қазіргі уақытта зауыт жыл сайын 150 бірлік DAEDONG маркалы трактор шығарады.
Өмірзақ Шөкеев атап өткендей, АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі мұндай семинар-кеңестер елдің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.

ҚР АШМ баспасөз қызметі