Павлодарда Естай Беркімбаев туралы «Бір мысқал» атты кітаптың тұсауы кесілді

Павлодарда «Ұлы Дала» халықаралық этнофестивалі аясында ғылыми-тәжірибелік конференцияда халық композиторы Естай Беркімбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бір мысқал» кітабының тұсауы кесілді. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен шараға дәстүрлі ән өнерінің майталмандары, ғалымдар мен композитордың туыстары қатысты.

Кітап авторы өнертанушы, күйші Қайрат Айтбаев жиында Естай Беркінбаевтың Біржан салдан бата алғанын атап өтті.

— Естай атамыздың 17 жасында Ақкөл-Жайылмаға даңқты Біржан сал Қожағұлұлы келеді екен. Біржан Ақкөл-Жайылмаға келіп, Шыман қажының үйіне түседі. «Жолдан шаршап келдім, осы елдің әншілері ән салсын» дегенде ауылдың әншілері «Біржанның алдында ән салмаймыз» деп бас тартады. Міне, сол кезде Естай бабамыз қажының сұрауымен Біржан салдың алдында ән шырқап береді. Сонда Біржан сал «Мына баланың дауысында аруақ бар» деп батасын берген екен. Сол кездегі тілдік лексиконда болған «дауысында аруақ бар» деген сөз үлкен баға болса керек, — дейді өнертанушы.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Кереку» баспасынан 500 данамен жарық көрген жинақ 4 бөлімнен тұрады. Еске сала кетейік, жуырда Естай Беркімбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай Екібастұз қаласындағы балалар музыка мектебіне ақынның есімі берілді.

Әлихан Рахметоллаұлы