Жұмкен ағамен өнер туралы ой бөлісу…

Бүгін Жасыбайдың жұдырығындай, жақсылықтың ұғымындай, Жүсіптердің сынығындай болған баянауылдық айтыскер ақын Жұмкен Сейітов ағамен Кереку маңында өтіп жатқан «Ұлы Дала» этнофестивалінде жолығысып қалдық. Аз-кем әңгімелесіп, өнер туралы ой бөлістік.
— Өнерді саудаға салуға болмайды- деді Жұмкен ағам. – Халықтың ықыласы мен құрметінен артық байлық жоқ. Өзім сол байлыққа кенелген адаммын, — деп ағынан жарылды. Басынан өткен мына бір қызықты баяндады: «Бірде жаман жигулиімді ерттеп мініп, асығыс аудан орталығына аттанып кеттім. Сыптай боп киініп, тоқпақтай галстук тағып шыққанымды қайтейін, Баянның буылтық тас, бүйрек түсірер жолында советский көлігімнің сүйегі сықырлап, стопоры шығып кетіп, жолда қалдым. Не істерімді білмей аңтарылып тұрғанымда, құйғытып келе жатқан көлік тоқтай қалды. Ішінен бір топ жас жігіт сау етіп түсіп: «Жұмкен аға, ассалаумағалейкум!» деп, жапа-тармағай саулығымды сұрасты. «Жигули мініп, жұтынып галстук тағып алыпты» деп қағытып қойды. Мәселенің мәніне қаныққан соң, бір-екі жігіт жаман жигулиімнің стопорын шешуге кірісті де, бір-екеуі көліктеріне мініп қажет запчасть әкелуге аттанып кетті. Құдайдың ісіне қайран қалып мен тұрмын. Сөйткенше болған жоқ, тағы бір машина толы азаматтар мені танып, тоқтап, көмектесе жөнелді. Жол ортасында стопорды шешу оңай ма, десе де оңтайлы оғландар оны әп сәтте орындап, жүйіткіп жеткізілген запчасты тағып, «жаман жигулиімді» тағалаған аттай тыңайтып берді. Қалтамда мың сомым бар еді. «Жігіттер, рақмет, мынаған тамақтарыңды жібітіңдер» деп едім. «Ондайыңызды қойыңыз, аға» деп өзімді ұялтып тастады. «Сіз кезінде біздің, ауылдың ойын-тойларын бір тиын алмай басқарып, әкелеріміздің қуанышына ортақтасып, жұртымыздың мұңын жырлап, мәселесін айтып риясыз еңбек еттіңіз. Айтыстан алған жүлдеңізді де үйіңізге жеткізбей, айналаңыздағы адамдарға байлап кетіп жүргеніңізді естіп өстік. Бұл көмегіміз соның аз ғана өтеуі» деп керісінше қалтамдағы ақшаға қаражат қосып берді. Жігіттерге алғысымды жаудырып, ұзатып салған соң, мәшинеме отырдым да, орнымнан қозғалмай, темекімді тұтатып, біраз уақыт ойға шомып отырдым. Халық – үлкен күш екен ғой дедім. Халықтан ажырағанның күні қараң. Халық-анамен аражігің ажырап кетсе, елден артық боламын деп атақ жиған да, дәулет құраған да — құр бекершілік. Халқымның сыйының бір көрінісі – жігіттердің бір жолғы жәрдемі. Маған зәулім үй соғып берейік, дөкей көлік алып берейік деп ұсыныс жасаған жайсаң азаматтар болды. Бас тарттым. Көршім жағдайын әзер құрап отырғанда менің дүниені қоныштан кешіп дулап жүргенім жарамас дедім. «Жағдай жасағыш болсаңдар бәріне бірдей жәрдемдесіңдер» деп айттым. Менің Жаңажолдан көшпей отырған себебімнің бірі де осы – халықтан ажырағым келмейді».
Осы шағын әңгімеден кейін мен халықпен аражігі ажырап кеткен билікті де, биік басында жүрген қаншама «тұлға» жайында да ойладым. Жұмкен ағамның пәлсапасы олардың миына үш ұйықтаса кірмейді-ау. Жаяудың елінде ақынын жаяу қалдырмаған әлгі жігіттер кім екен деп ойланып отырмын. Бәлкім оларды біреулеріңіз танитын шығарсыздар…

 

Айбек Оралхан фб парақшасынан