Жақсы әйел қайдан табамын?
Алланың осы дүниедегі нығметтерінің ең қайырлысы – жақсы жар. Мұны Пайғамбардың (с.ғ.с.) төмендегі хадис-шәрифтері айғақтайды. «Мүміннің Аллаға тақуалық қылуынан кейінгі ең үлкен тапқан пайдасы – ізгі жұбайы. Егер ері оған бұйырса – мойынсұнады, қараса – қуантады, ол үшін ант етсе – антын орындайды, егер ері сыртта болса, өзінің жаны (ар-ожданын) мен оның малын сақтайды»[1]. «Дүние – қызықтау, ондағы қызықтардың ең қайырлысы – ізгі әйел»[2].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Бір әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы үшін. Діні барға қол жеткіз, қолың топырақ болғыр»[3]. Әл-Ләйсидің Әбу Сағид әл-Худриден жеткізген риуаятында Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қи-көңнің көгалынан сақ болыңдар!», – деп ескерткен. Бір адам: «Қи-көңнің көгалы деген немене?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол – нашар ортада өскен әдемі әйел», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде былай деген: «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені, байлығы шектен шығуына себеп болуы ықтимал. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені киімі ескі болса да иманды күң артық»[4]. Жоғарыдағы хадистердегі ойды түйіндеп, қорыта айтқанда, үйленетін қыздың төмендегі сипаттарына ерекше мән бермек керек.
1. Діндарлығы мен имандылығы. Мұндағы дін дегеніміз, әрине, Ислам діні. Өйткені, Алла Тағаланың алдындағы хақиқи шынайы дін біреу, ол – Ислам діні. Ал, қалған дінсымақтар мен наным-сенімдер Алланың дініне жатпайды. Құран Кәрімде Хақ Тағала былай дейді: «Шындығында Алланың алдындағы дін – Ислам!»[5]; «Егер олар мұсылман болса, тура жол тапқан болар еді»[6]; «Кім Исламнан басқа дін іздесе, онысы ешқашан да қабыл болмайды әрі ол ақыретте опық жеушілерден болады»[7].
Дінді білу, иманына беріктік, діндарлық – Құдай Тағаланың пенделерінен ең жақсы көретін сипаттары. Осындай сипаттар арқылы ғана әрбір пенде екі дүниенің игілігіне ие бола алады. Дінін біліп, Жаратушысын танып, Онымен намазы, зікірі арқылы байланысын нығайтқан жан мен діннен бейхабар, күнделікті күйбең тірліктен артылмай кеткен, Жаратушысын аз еске алатын жан әсте тең болмайды. «Әлде түні бойы (намазда) сәждеде жатып, тік тұрып, ақыреттен сақтанып, Раббысының рахымынан үміт ететін жан сенбейтін жанмен тең бе? (Сен оларға) «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!», – деп айт. Шындығында, ақылы барлар үгіт алады»[8]. Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Раббысын еске алып жүретін мен еске алып жүрмейтіннің мысалы – тірі мен өлінің мысалындай»[9]. Сондықтан да, діндар мен дініне селқос қарайтын жандар тең болмайды. Үйленудегі, жар таңдаудағы алғашқы шарттардың бірі осындай. Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырған: «Мүшрік әйелдерге қашан олар иман келтірмейінше үйленбеңдер. Тіпті, ол сендерге ұнаса да, расында, мүшрік әйелден иман келтірген күң артық. Мүшрік ерлерді де қашан олар иман келтірмейінше (иман келтірген әйелдерге) үйлендірмеңдер. Тіпті, ол сендерге ұнаса да, расында, мүшрік ерден иман келтірген құл артық. Олар (мүшріктер) тозаққа шақырады, ал Алла Өз рұқсатымен жәннатқа, кешірімге шақырады. Ол Өзінің белгілерін, бәлкім, үгіт алар деп адамдарға баян етеді»[10].
2. Пәктігі. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленерде пәк қыздарды таңдаңдар. Өйткені, олардың сөйлеген сөздері жағымды, ерін қуантады әрі азға қанағат етеді»[11], – деген. Яғни, шариғат қыздың пәктігіне қатты мән береді. Айша анамыз (р.а.) өзінің Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа жұбайларынан артықтығын мысал етіп, Пайғамбарға (с.ғ.с.) : «Уа, Расулалла! Егер желінген ағаш пен желінбеген ағашы бар аңғарға түссеңіз, түйеңізді қайсысына жаяр едіңіз?», – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Еш желінбегеніне», – дейді. Сонда Айша анамыз (с.ғ.с.): «Міне, сол – менмін», – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабасы Жәбір үйленгенде неге қыз алмағанын сұраған.
3. Көп құрсақ көтеретін жұбайдың артықшылығы. Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткізілген риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Сүйкімді әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер! Қиямет күні пайғамбарларға сендердің сандарыңның көптігімен мақ-танайын»[12].
4. Тәрбиелі, өнегелі отбасынан шығуы. «Шешеге қарап қызын ал» дегендей, қыздың тәрбиесі отбасына байланысты. Сол себепті қыздың мінез-құлқын білу үшін оның отбасына қараған дұрыс.
5. Басқа жұрттан алу. Жарды туыс, жақын емес, алыстан, басқа елден, рудан таңдау қажет. Бұл баланың денсаулығының мықты әрі сымбатты болып тууына себеп болады. Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде жақындар мен туыстық байланысы барлардың қосылуларынан сақтандырған. Өйткені, туыстық байланыстары бар жұбайлардан туылған бала әлжуаз, денсаулығы нашар болады. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Туыстарды некелестірмеңдер, шындығында (олардан туылған) бала әлсіз, қабілеті нашар болып туылады»; «Алыстан алыңдар, (ұрпақтарыңды) әлсіретпеңдер».
[1] Ибн Мәжа.
[2] Муслим.
[3] Бұхари.
[4] Әбу Дәуід.
[5] Әли Имран, 19.
[6] Әли Имран, 20.
[7] Әли Имран, 85.
[8] Зүмәр, 9.
[9] Бұхари мен Муслим
[10] Бақара, 221.
[11] Ибн Мәжа.
[12] Ахмед.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
• Ислам діні — ең таза дін фб парақшасынан