«Ұлы дала» этнофестивалінде ұлттық тағамдардың көрмесі өтті
«Ұлы дала» халықарлық этнофестивалінде қазақ ауылдарына жасалған этнографиялық экспедиция нәтижесінде жасалу жолы табылған сирек кездесетін 20 ұлттық тағамдардың көрмесі өтті. ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Әйгерім Мұсағажинова қазіргі кезде қоғамда қазақ тағамдары ет және бауырсақпен ғана шектеледі деген қате ой қалыптасқанын айтады.
— Шындығында олай емес, — деді Әйгерім Мұсағажинова. – Қазақ тағамдары көптүрлі, теңдессіз. Қазақ асханасының негізі нәрлі тағамдар мен табиғи майларда жатыр. Біз ұлттық тағамтану академиясымен бірлесе отырып, қазақ тағамдарының рецепттерін зерттеудеміз. Олардың энергиялық құндылықтарын анықтаймыз. Соның нәтижесінде қазақ тағамдары зиянды емес, пайдалы екенін білдік. Бұл генімізде сақталған. Бүгінгі ұсынып отырған тағамдарды бәрі жасай бермейді. Кейбір ауылдардағы әжелер ғана жасайды.
Мысалы, қызықты тағамдардың бірі – «жаужүрек». Бұл тағамды азаматын алыс сапарға шығарып салатын аналар дайындаған. Бұл ер адамдарға арналған ас. Бауырды шарбы майға қуырған. Сол арқылы бауыр 7 күнге дейін бұзылмаған. Сондықтан ошақ басындағы әйел сапардағы ер азаматының 7 күнге дейін тоқ жүретініне сенімді болған.
Сонымен қатар, ауылдарға жасаған экспедиция барысында тауып алған тағамның бірі – «жұқпа». Бұл тағам адамға көп күш беруімен ерекшеленеді. Қыс аяқталып көктем басталған кезде көп үйде соғымның еті таусыла бастайды. Әйел адамдар бұл тағамды сол кезде әзірлеген. Бұл өте жұқа әрі тұщы қамырдан жасалған. Қамыр 3-4 айға дейін бұзылмаған. Оны ыстық суға бұлаулаған. Кейде құрт, қатық қосқан. Нәтиежесінде «жұқпа нан» сорпасы шығады. Ұннан жасалған болса да етті тағаммен бірдей нәр береді.
Әйгерім Мұсағажинова қазақ этнографиясын зерттеумен 13 жыл бойы айналысып келеді. Осы уақыт аралығында 50-ге жуық жоғалып бара жатқан қазақ тағамдары жиналып, қалпына келтірілген.
Әлихан Рахметоллаұлы