Павлодар облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына жаңа басшы келді

Бұдан былайПавлодар облыстық  жастар саясаты мәселелері басқармасын Тілеулесов Руслан Қайратұлы басқарады. Жаңа басшыны облыс әкімі аппараттық кеңес барысында таныстырды.

Руслан Қайратұлы 1987 жылы туған. 2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2004 жылы «Фаркоп-студия» қоғамдық қорының жастар саясаты саласындағы жобалардың координаторы қызметінен бастады. Екі жыл Жас мемлекеттік қызметкерлер кеңесін, екі жыл Жас кәсіпкерлер одағын басқарды. 2010 жылдың қаңтары мен 2015 жылдың желтоқсаны аралығында Павлодар қаласы әкімі аппаратындағы ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы, жастар саясаты секторының меңгерушісі, Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің қоғаммен байланыс бойынша секторының меңгерушісі, Павлодар қаласы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап «Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі» ММ-нің тұтынушылық нарық және ауыл шаруашылығы секторының меңгерушісі қызметін атқарды, 2016 жылдың 16 қарашасынан бастап «Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі» ММ-ін басқарды. Болат Бақауов жаңа басшыға бірқатар маңызды тапсырмалар қойды.

– Бірінші кезекте жастар саясаты мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарламаларды белсенді түрде жүзеге асыру жағдайларын қалыптастыру, жастарды өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне тарту, жастар мәселелері бойынша кеңестің жұмысын жандандыру керек.  Біз жастарымыздың қалай өмір сүріп жатқандары, туындаған мәселелері, оқып жатқан жерлері туралы  хабардар болуымыз керек. Ол үшін облыс жастарымен, мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз байланыста болғанымыз жөн.

Өз тілішімізден.