Ұлы далада ұлттық рух аспандаған үш күн

Ертіс-Баян өңірінде «Ұлы дала» халықаралық этнофестивалі өтті

Бұл шараны Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, «Рухани жаңғыру» республикалық жобалық кеңсесі, Павлодар облысының әкімдігі және Павлодар облысының жоғары оқу орындары бірлесіп өткізді. Осымен қатарынан 3-ші жыл дүркірете ұйымдастырылған халықаралық этнофестивальде өшкеніміз жанғандай болды, өткеніміз жаңғырды. 3 күнге созылған мерекеде биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан абыз бабалардың өсиеттері айтылып, бір жарым ғасырдан астам тарихы бар «Қоянды» жәрмеңкесінен театрландырылған көрініс ұсынылды.

Намысты қамшылаған конференция

Өткен жұмада Ертіс-Баян өңірінде бастауын алған «Ұлы Дала» халықаралық этнофестивалі күні кеше өз мәресіне жетті.
«Ұлы Дала» этнофестивалі жұма күні Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысымен басталған еді. Дәл сол күні Бұқар жыраудың 350, Мұса Шорманұлының 200, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160, Естай Беркімбаевтың 150, С.Торайғыровтың 125 жылдығына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылған еді. Әдетте конференцияларда қатысушылар қалғып-шұлғып отыратын. Ал бұл жиында жасалған баяндамаларда, жарыссөздердің қай-қайсысы болсын ешкім де бей-жай қалдырмайтындай намыс отын жандыра ерекше шықты.
Мәселен, бұл күні әнші, композитор Естай Беркімбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бір мысқал» кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға таныстырылды. Шараға дәстүрлі ән өнерінің майталмандары, ғалымдар мен композитордың туыстары қатысты. Кітап авторы, өнертанушы, күйші Қайрат Айтбаев жиында Естай Беркімбаевтың Біржан салдан бата алғанын тілге тиек етті.
— Естай атамыздың 17 жасында Ақкөл-Жайылмаға даңқты Біржан сал келеді екен. Біржан Ақкөл-Жайылмаға келіп, Шыман қажының үйіне түседі. «Жолдан шаршап келдім, осы елдің әншілері ән салсын» дегенде, ауыл әншілері «Біржанның алдында ән салмаймыз», — деп бас тартады. Міне, сол кезде Естай бабамыз қажының тапсырмасымен Біржан салдың алдында ән салады. Сонда Біржан сал: «мына баланың дауысында аруақ бар», — деп батасын берген екен. Сол кездегі тілдік лексиконында болған «дауысында аруақ бар» деген сөз үлкен баға болса керек, — дейді өнертанушы.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі «Кереку» баспасынан 500 данамен жарық көрген жинақ 4 бөлімнен тұрады.

«Нағыз қазақтар — Павлодарда!»

«Ұлы Дала» этнофестивалінің 2-күні Астана-Павлодар тас жолының бойында Ленин кентінің жанында бой көтерген «Ұлы Дала» этноауылында жалғасын тапты. Тамаша тойды бұқарамен бірге облыс әкімі Болат Бақауов және айтулы мерекеге арнайы келген қадірлі меймандар тамашалады.
Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы бастаған өңірдің қадірлі азаматтары мен фестиваль делегаттары киіз үйлерді аралап, әр ауылдың өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Облыс әкімі «Ұлы Дала» фестивалін ұйымдастырудағы мақсат — ұлттық санамызды жаңғыртып, салтымызды сақтау және дәстүрімізді дәріптеу екенін атап өтті.
— «Ұлы Дала» фестивалі халық асыға күтетін шараға айналды. Бүгінгі думанға жиналған бұқара халық — соның куәсі. Дана халқымыз «Өткенді ұлықтау — тарихты ұмытпау» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі таңда бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, «Рухани жаңғыру» арқылы жоғымызды түгендеу — баршамыз үшін зор міндет. Осыдан үш жыл бұрын Елбасымыз Қазақстанның символдық атауын бүкіл әлемге паш ету жөнінде айтқан. Ұлы дала идеясы халқымызды әлемге кеңінен таныту мақсатында белсенді жүргізілуде, — деді Б.Бақауов.
Сонымен қатар бұл күні аймақтың бірқатар азаматы «Павлодар облысының Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталса, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековке қазақтың киелі қара домбырасы сыйға тартылды.
Өз кезегінде З.Тұрысбеков барша павлодарлықтарды атаулы мерекемен құттықтады.
— Бүгін — қасиетті, киелі Ертіс өңірінде той-думан, Ұлыстың ұлы күні. Той құтты болсын! Мен — Оңтүстік Қазақстан облысының азаматымын. 67 жасыма дейін нағыз қазақ оңтүстікте деп ойлап келсем, салт-дәстүрін ұмытпай, қайта жаңғыртып отырған нағыз қазақы аймақ — Павлодар өңірі екеніне көзім жетті. Нағыз қазақ Ертіс жерінде қоныстанған! Бүгінгі тойға жердің түкпір-түкпірінен бар қазақ жиналып отыр. «Туысқан араласпаса жат болады» дейді халық даналы. Сол себепті, бүгін барлығымыз табысып, танысып жатырмыз. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында бір отбасындай тату-тәтті өмір сүрудеміз. Мұның барлығы ата-бабаларымыздың еңбегі, — деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары.
Мереке Алматы қаласынан арнайы келген «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Ертіс-Баян әуендері» шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасты. Сонымен бірге «Өнерлі елдің өрісі биік» атты қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі болды.
Бір атап өтерлігі, биылғы мерекеге павлодарлықтармен бірге мемлекеттен —Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан мен Ресейден және еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген меймандар келді. Өкінішке орай Қырғыз елі мен Қытайдан шақырылған қонақтар келмей қалды.
Солардың бірі — Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданынан келген қолөнер шебері Садық Бахриденов. Шебердің қара ағаштан ойып жасаған қолөнер бұйымдары таңқалдырды. Тіпті, аттай қалап сатып алып жатқандар да жоқ емес. Жаугершілік заманда қолданған қылыш пен қалқан, тоқпақ пен шоқпар және айбалта сынды қару-жарақтар асқан шеберлікпен жасалған. Сонымен қатар қобыз, домбыра секілді ұлттық музыкалық аспаптар мен астау, кесе, қасық секілді тұрмыстық заттар да бар.
— Қазақ даласын дүбірлеткен «Ұлы Дала» мерекесі тек Ертіс жағалауында ғана өтеді дегенді естіп, өз көзімізбен көрсек деп армандадық. Міне, осы мақсатым биыл орындалды. Мен бұл жерге бос келген жоқпын. Жалпы, мұндай иісі қазақтың басын қосқан ұлы думанға атсалысу, сәтті өтуіне үлес қосу — мен үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Осындай той қазақ даласының барлық жерінде болса екен, — деді қызылордалық қонақ.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған орынның бірі С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мұрындық болуымен өңірдегі өзге кітапханалардың бірігуімен ұсынылған «Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі болды. Көрмеге 1000-нан астам кітап қойылып, олардан Астана қаласындағы «Бәйтерек» пен «Пирамиданың» бейнесі құрастырылған. Кітаптар көрмесінің алаңқайына орналастырылған латын әріптері көпшіліктің көптеп суретке түсетін жеріне айналды. Сондай-ақ екібастұздықтар ұсынған әйелдер бас киімі көрмесінде Айша бибі мен Домалақ ана кимешектерінің үлгісі таныстырылды.
— Көрмеде қазақтың қыз-келіншектері мен әжелеріне арналған бас киімдердің 16 түрін ұсынып отырмыз. Бұлардың арасында Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы Айша бибінің «Айорал», есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі Домалақ ананың «Аналық» деп аталатын кимешектері, ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің қызы Гауһар ананың, Жәнібек ханның әйелі Бегімай ханымның заманға сай сәл өзгертілген және әйел адам киетін бас киімдері, жазғы тоқыма түрлері көрсетіліп отыр. Жалпы, өзімізде өткен мәдени шараларда 30-дан астам түрін көрсеткен болатынбыз, — дейді «Атамұра» мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Гүлмайра Ерсінқызы.

Ашық аспан астындағы Көмекей әулие үні

«Ұлы Дала» этнофестивалінің екінші күні Ертіс өзені жағасындағы «Еrtis promenade» сахнасында «Көмекей әулие — Бұқар жырау» тарихи драмасы сахналанды. Бұл спектакль бұрын-соңды ешбір жерде қойылмаған. Сондықтан премьерасы деп атауға да болады, — дейді актерлер. Тарихи спектакльді С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрының ұжымы алып келіпті. Режиссері — ҚР Мәдениет қайраткері Болат Ұзақов. Пьесаның авторы елімізге танымал тарихшы, драматург Жамбыл Артықбаев. Қойылымды көрген жұрт ерекше әсерленіп қайтты. Ашық аспан астындағы сахнада көмекейі бүлкілдеген бала Бұқар мен хан алдында қасқая сөйлеген дана Бұқарға дейінгі тарихи оқиғалар суреттелді. Бұқар бабамыз үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың сенімді ақылшысы ретінде қазақ жүздері бір мәмілеге келіп, бір тудың астына жиналуына зор үлес қосты… Осы секілді қазақтың бірігуіне себеп болған маңызды шешімдер мен тарихи сәттерді сахнадан тамашалап, осыдан үш ғасыр бұрынғы Бұқар мен Абылай дәуіріне аяқ басқандай болдық.
Жалпы, Абылай ханның сенімді серігі бола білген Бұқар жыраудың рөлін сомдап, халық алдында Бұқар боп сөйлеу — кез келген әртістің қолынан келе бермесі анық. Ол үшін актерлық шеберлік қана емес, үлкен жүрек керек. Міне, осы үлкен жауапкершілік С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрының актеры, ҚР Мәдениет қайраткері Айбек Қырықбаевтың еншісіне тиіпті.
— Бұқар жырау туралы бір емес, бірнеше қойылым қоюға болады. Себебі Бұқар бабамыз ханның кеңесшісі ғана емес, қандай қиын кезеңде де ат үстінен түспеген батыр, елді аузына қаратқан шешен, ел арасындағы кейбір келіспеушілікке төрелік айта білген биі және халықты имандылыққа шақырған діндар тұлға. Қойылымда осының барлығын қамтуға тырыстық, — дейді Айбек Қырықбаев.

«Қоянды» жәрмеңкесі жаңғырды

Этнофестивальдің 3-күні «Қоянды» жәрмеңкесіне арналған театрландырылған көрініспен басталды. Мұнда арбалар шеруі өтіп, қазақ мәдениетінің абыздары, өнерде есімдері алтын әріппен жазылған біртуарлар — Біржан сал мен Майра Шамсутдинованың әндері шырқалды. Біржан салдың рөлін Алматы қаласындағы консерваторияда білім алып жүрген павлодарлық дәстүрлі әнші Дәуренбек Сләмғали сомдаса, Майра рөлі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұловаға бұйырыпты. Ұлжан Айнақұлова Майраның әні «Майраны» осыдан 5 жыл бұрын «Жасыбай жұлдызында» алғаш орындағанын айтты.
— Мен үшін Майраның образын сомдау — үлкен бақыт. Өнер айдынында жүрген қыздар үшін Ертіс-Баян өңірінің Майрасындай болу арман екені шындық. Қолымнан келгенше Майра апамның әнін орындап шығуға тырыстым. Бағасын халық береді, — деді Ұлжан Айнақұлова.
Павлодар облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша, қойылым «Қоянды жәрмеңкесінің» 170 жылдығына орай ұйымдастырылған.
— Қоянды жәрмеңкесі — тарихи жәрмеңке. Осы жәрмеңке арқылы Павлодардың талай тұлғасы танымал болды. Әрі биыл жәрмеңкенің мерейтойы. Сондықтан фестивальде жәрмеңке туралы қойылым қоюды жөн көрдік. Мұнда жергілікті өнерпаздар және өзге өңірден де әртістер шақырылды. Сонымен қатар Павлодар облысының әр ауданынан бір-бір арба шеруге шықты. Қойылымға 300-ден астам адам қатысты, — дейді ол.
«Ұлы Дала» этнофестивалінің жүргізушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева Алматы қаласында «Қоянды жәрмеңкесі» яғни «Базарың тарқамасын» деп аталатын қойылымда Майра Уәлиқызының рөлін сомдағанын айтты.
— Сол кездегі жәрмеңке барлық белгілі тұлғалардың басын біріктірген. Осы арқылы Естай Беркімбайұлы мен Майра Уәлиқызы танылғаны тарихтан белгілі. Театрландырылған қойылым ХІХ ғасырды көз алдымызға әкеліп қана қоймай, 20 минуттың ішінде көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бастан кешіргендей әсер қалдырды. «Қоянды» жәрмеңкесі қаншама мемлекеттің, ұлттардың тарихын танытып, дүниесін саудаға қоюға ыңғайлы болған. Жалпы, Павлодар өңірі өзінің терең тарихымен, қаншама қазақтың зиялы әрі бетке ұстар, аты аңызға айналған тұлғаларымен танымал. Барлығын атап өту мүмкін емес. Бір ғана Мәшһүр Жүсіптің өзі бір төбе. Сондықтан «Ұлы Дала» фестивалінің осы жерде өткізілуі де орынды деп ойлаймын. Бұл жобаның рухани жаңғырып, ұмытылған дүниені еске түсіріп, келер жас ұрпаққа жеткізудің тәрбиелік мәні зор, — деді Айгүл Иманбаева.

Көк парашют ашылды, ішінен шашу шашылды

«Ұлы Дала» халықаралық этнофестивалінің соңғы күніндегі концертті айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жыр шашуымен ашты.
— Дегенде кең дүние, таны мені,
Жұлдызым — қара Ертісім жарық еді.
Кешегі Шоң би менен Мәшһүр Жүсіп,
Заманның кемеңгері, алыбы еді.
Шорманның көк алалы көп жылқысы,
Елге ырзық болғаны анық еді.
Ордалы Жаяу Мұса, Естай бабам,
Өнерін дүйім Алаш танып еді.
Сырнайын мың құбылтып Қояндыда,
Әнші Майра әніне салып еді,
Дүлдүл менен бұлбұлдың бәрі шыққан,
Ертісімнің осындай қалың елі, — деп жыр шумағымен Ертіс-Баян өңірінің тұлғаларын тізіп берді. Сондай-ақ айтыскер Павлодар жерінде бастау алған бұл той еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапса деген тілегін білдірді.
— Ұлттық жобаға алғаш рет қатысып тұрмын. Қазіргі тәуелсіз замандағы қазақ ұлтының ұлттық қасиеттерін, құндылықтарын, мәдениетін, өнерін насихаттаудың тамаша үлгісі осы. Салт-дәстүріміздің, өнеріміздің жаңғырып, қазіргі Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының іске асып жатқанының жарқын көрінісі деп білемін, — деді ақын.
Ал қазақ эстрадасының жұлдыздары «Жігіттер» тобы, Ернар Айдар, Әлішер Кәрімов, Айгүл Иманбаева және павлодарлық өнерпаздар тамаша тойды ән мен күймен жалғады.
Бас сахнада ұйымдастырылған концерт барысында 6 парашюттен бас сахна маңындағы көрермендерге «Ұлы Дала» фестивалінің логотипі бар 100 кг тәттіден шашу шашты. Бұл қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
— Жыл өткен сайын этнофестивальдің ауқымы кеңейіп, ұйымдастырылу деңгейі артып келеді. Алғашқы жылдармен салыстырғанда биыл ұлттық құндылыққа бас мән беріліп, бірқатар жаңашылдықтарға да көңіл бөлген. Кешелі бері талай қызыққа қанығып жүрсек, бүгінгі төбеден шашылған шашудың өзі керемет болды, — дейді қала тұрғыны Мадина Құрман.
Сонымен қатар бас сахнада ат құлағында ойнап, алуан түрлі трюктер жасап, көпке танылған «KazakhUnion» каскадерлерінің өнері көрсетілді.

50 Ұлттық тағам: «Жаужүрек», «Жұқпа»…

Арнайы белгіленген шатырда сирек кездесетін ұлттық тағамдардың 20 түрі ұсынылды. ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Айкерім Мұсағажинова қазір біздің қоғамда қазақ тағамдары тек ет және бауырсақпен ғана шектеледі деген қате ой қалыптасқанын айтады.
— Қазақ тағамдарының түрі өте көп. Қазақ асханасының негізі нәрлі тағамдар мен табиғи майларда жатыр. Біз ұлттық тағамтану академиясымен бірлесе отырып, қазақ тағамдарының құрамын зерттеудеміз. Олардың энергиялық құндылықтарын анықтаймыз. Соның нәтижесінде қазақ тағамдарының басым көпшілігінің денсаулыққа пайдалы екенін білдік. Бұл қанымызда сақталған. Бүгінгі ұсынып отырған тағамдарды бәрі жасай бермейді. Кейбір ауылдарда мұны тек әжелер ғана жасайды. Мысалы, мұндағы қызықты тағамдардың бірі — «жаужүрек». Мұны ұлын алыс сапарға шығарып салатын аналар дайындаған. Бұл — ер адамдарға арналған ас. Бауырды шарбы майға қуырған. Сол арқылы бауыр 7 күнге дейін бұзылмаған. Сондықтан ошақ басындағы әйел сапардағы ер азаматының 7 күнге дейін тоқ жүретініне сенімді болған, — дейді Айкерім.
Айкерім Мұсағажинованың айтуынша, ауылдарға жасаған экспедиция барысында тауып алған тағамның бірі — «жұқпа». Бұл тағам адамға көп күш беруімен ерекшеленеді. Қыс аяқталып, көктем басталған кезде көп үйде соғымның еті таусыла бастайды. Әйел адамдар бұл тағамды сол кезде әзірлеген. Бұл өте жұқа әрі тұщы қамырдан жасалған. Қамыр 3-4 айға дейін бұзылмаған. Оны ыстық суға бұлаулаған. Кейде құрт, қатық қосқан. Нәтижесінде «жұқпа нан» сорпасы шығады. Ұннан жасалған болса да, етті тағаммен бірдей нәр береді екен. Сондай-ақ олар саумал мен какаодан шоколад жасайды.
Ә.Мұсағажинованың қазақ этнографиясын зерттеумен айналысқанына 13 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында қазақ асханасынан жоғалып бара жатқан ұлттық тағамдардың 50-ге жуық түрін жинап, қалпына келтірген.

Білекті бірді жығар…

Ұлы тойға алыс-жақын шетелдерден көптеген спортшылар мен өнерпаздар келіп өнер көрсетті. Солардың бірі — Қырғызстанның Ош қаласынан келген өзбек Абдуали Шерматовтың отбасы. «Ұлы Дала» тойына арнайы келген өзбек ағайындар ерекше спорттық қойылым ұсынды. Бұл — арқан үстімен жүру өнері болатын. Бір отбасының бес, он екі, он бес, он сегіз және жиырма сегіз жасар бес баласы 11 метр биіктікке керілген арқан үстімен жүріп, «даршылар», «қарлығаш», «трет» деп аталатын бағдарламаларды орындады. Отбасылық топтың атауы — «Лашын».
— Павлодарға бұған дейін де бірнеше мәрте келдік. Осыдан оншақты жыл бұрын келіп, Павлодар облысының аудандарын аралап, өнерімізді көрсеткен едік. Биыл бүкіл қазақ ағайындардың басын біріктірген «Ұлы Дала» тойына шақырту алдық. Қуаныштымыз. Жалпы, біздің отбасылық өнерімізге көп ел қызығушылықпен қарайды. Себебі, бұл — өте сирек кездесетін спорт түрі. Сонымен қатар қиындығы да бар. Балаларым арқан үстімен жүрген сайын жерге аман-есен түссе екен деп тілеп тұрамын. Негізі, бұған дейін тек ер балалар ғана айналысатын. Кейін командамызға қызымыз қосылды, — дейді спортшылар әулетінің отағасы Абдуали Шерматов.
«Ұлы Дала» этнофестивалінің спорттық алаңында қазақтың ұлттық спорттық ойындарынан көптеген жарыстар ұйымдастырылып, тойдың ең соңғы күні жарыстардың қорытындысы шығарылды. Ұлттық ат спорты — аударыспаққа тек білекті жігіттер іріктеліп шығып, ат үстінде күш сынасты. Тартысқа толы жарыстың қорытындысы бойынша
80 келіден жоғары салмақта Качир ауданынан келген Мәдениет Букаев жеңімпаз атанса, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша ақтоғайлық Бауыржан Ахметов барлық қарсыластарынан басым түсті. Ал қазақ күресіне қатысқан палуандар екі салмақ бойынша белдесті. Жарыстың бас төрешісі Еркін Камшатовтің сөзінше, боз кілемге 30-дан астам палуан шығып, күш сынасқан. Қорытындысына келер болсақ, 80 келіге дейінгі салмақта белдескен Ақтоғайдың үміткері Еламан Ерғантайдың жамбасын ешкім жерге тигізе алған жоқ. Сонымен қатар ақсулық Асхат Өкенов екінші, павлодарлық Нағашыбай Бекболат үшінші орындарды еншіледі. Ал түйе палуандардың арасында Майқайыңнан келген Мұхтар Дәлелхан боз кілемде қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды. Сонымен қатар ақсулық Бақұстар Әмри, Шарбақтының Есілбайынан келген Темірғалы Құдайберген екінші және үшінші орындарды еншіледі.
Спорттық жарыстардың тағы бір түрі — тас көтеру. Нағыз алыптар мен күштілердің білек күшін көрсететін бәсеке осы болды. Салмағы 300 келі болатын үлкен тасты
15 адам қозғалта алмаған еді. Ең соңында өңірімізге белгілі палуан, «Қазақстан барысы» респубикалық турнирінде бірнеше мәрте белдескен Дархан Жоламанов орнынан көтеріп, жеңімпаз атанды.
— Тас көтерудің өзінің әдісі болады. Маған дейін шыққан жігіттер сол әдісіне сала алмағанын байқап, өзім сол қателікті қайталамауға тырыстым. Негізі тасты барынша қапсыра құшақтап ұстап, одан кейін бар күшті аяққа салу керек екен, — деді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дархан Жоламанов.
Спорттық жарыстардың жеңімпаздарын Қазақстан Республикасның Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
«Ұлы Дала» халықаралық этнофестивалінің қорытындысын Ертіс өзенінің төменгі бөлігінде орналасқан «Еrtis promenade» сахнасында өткен қазақ эстрадасының жұлдыздарының гала-концерті қойды. Мереке соңы отшашуға ұласты. Үш күнге созылған этнофестиваль павлодарлықтарды дүр сілкінтіп, келген қонақтарды да зор әсерге бөледі. Бұл ұлы мейрам салт-дәстүрлерімізді асқақтатты. Әсіресе жастарымызды, балаларымызды тәрбиелеуде зор үлес қосқаны анық. Өзгелер де Ертіс-Баян өңірінің бас бастамасынан үлгі алыңыздар.
Иә, базарың тарқамасын, Павлодар!

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ,
Тілеуберді САХАБА,
Павлодар облыстық
«Сарыарқа самалы» газеті