Павлодар облысында Естай Беркімбайұлының 150-жылдығына арналған облыстық ақындар айтысы өтті
Ақтоғай ауданының мәдениет үйінде Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы мен ауданның 80 жылдығына арналған «Замана бұлбұлы» облыстық ақындар айтысы өтті. Жыр сайысына Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков қатысты.
Мерейтойлық шара Естай Беркімбайұлының мазарына зиярат етумен басталып, өңіріміздің бірнеше аудандары мен қалаларынан келген 10 ақын жұртшылық алдында өз өнерлерін ортаға салды.
Сахна үстінде жеребе тартылып, ақындардың жұбы анықталғаннан кейін айтыс екі айналымға жалғасты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге ақтоғайлық Рауан Қайдаров ие болды. 1-орын Баянауыл ауданынан келген Тілек Сейітовке, 2-орын Ақтоғай ауданының ақыны Азамат Мұқажановқа бұйырды. Жүлделі 3-орын иегері Абзал Қабдраш атанды.
Бас жүлдегер Рауан Қайдаров айтыстың деңгейі жоғары болғанын атап өтті. — Естай атамыздың тойы 20-30 күн бұрын өзі туған ауылында дүркіретіп өткізілді, — деді Рауан Қайдаров. – Астанадан, Алматыдан қонақтар, үлкен ғалымдар келіп конференция, жиындар ұйымдастырылды. Бұл Ақтоғай Естайдың ақтық демі үзілген жер. Сондықтан Ақтоғайда мерейтойын атап өткені үлкен заңдылық. Айтысқа келер болсақ, жоғары дәрежеде өтті. Ақындардың қаншалықты қанаттанып, ширап қалғандарын байқадық.
Жеңімпаз атанғандар мен айтысқа қатысқан ақындарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Әлихан Рахметоллаұлы