ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді

Ертіс өңірінде жаңа тоғыз студенттер үйін салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. Өңірде «ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуы барысын бақылауға сенатор Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов келді.

Қонақтар алдымен Павлодар түсті металлургия колледжінің жатақханасына ат басын бұрды. 200 орындық студенттер үйінің құрылысына демеуші 580 млн теңге бөлген. Оқу орны еңбек нарығына қажетті мамандарды оқытады. Оның ішінде дәнекерлеуші, электромонтер мен техник-металлургтар бар. Жастар дуалды білім беру жүйесі бойынша уақыттың басым бөлігін «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ің цехтарында өткізеді.

— Бұл мамандықтардың келешегі зор. Олар үшін салынған жатақхана көңілге қуаныш сыйлайды. Бөлмелердегі жуынатын орын мен дәретхана ешкімді таң қалдырмасы анық. Дегенмен, жатақханада ваннаның болуы керемет. Бұдан басқа, Павлодар облысында жатақхана салу тиімді екеніне көз жеткіздім, — деді Бақытжан Жұмағұлов.

Партия активінің отырысында облыс әкімі Болат Бақауов өңірде жатақхана салу ерекше назарға алынғанын атап өтті.

— Былтыр 200 орындық екі жатақхана жұмыс берушілер мен ірі кәсіпорындардың демеушілік қаражаты есебінен салынған. Аймақта 4000-нан астам студент жатақханаға мұқтаж. 2020 жылға дейін тоғыз жатақхана салудың нәтижесінде 2630 студент уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі. 250 орындық екі жатақхана мен оқытушыларға арналған 100 орындық қонақ үй Екібастұзда бой көтереді. Барлық жоспарланған нысандар бойынша жер телімдері бөлінген. Құрылыс 2019 жылға жоспарланған, — деді аймақ басшысы.

«Қаржы орталығы» АҚ-ның президенті Асқар Ибрагимов инвесторлар Павлодар облысында студенттер жатақханасынан қалай пайда таба алатынын айтып берді.

— Студенттер үйінің бірінші қабатында фитнес орталықтар, дәмхана, студенттер клубын орналастыруға болады. Инвесторға қосымша қаржы табуға ешкім тыйым салмайды. Бұдан басқа, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жылына 122 АЕК көлемінде сегіз жыл бойы құрылыс шығындарын толтыру қарастырылған. Бұл шарттардың барлығы меншік иесі

мекеме бағытын 20 жыл бойы ауыстырмаған жағдайда ұсынылады. Алайда үйді пайдалану мақсатын өзгертпестен сата алады немесе жалға беруге болады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы