Альберт Эйнштейн не деді?

Адамзат тарихындағы атақты оқымысты-ғалымдардың қай-қайсысын алсаңызда барлығы жаратушы бір Тәңірдің барлығын жоққа шығармаған. Өйткені табиғатты зерттеп, көкжиегі кеңейген сайын адам баласы ұлы Құдыретті тани түседі.  Ардақты пайғамбарымыздың көп хадисінде білім үйренуге шақыратыны осыдан. Құран Кәрімде Алла Тағаланың Өзі де «Білімділер мен надандардың тең болмайтынын» ескертіп өтеді. Өйткені Құдайды білімсіз тану мүмкін емес.   Альберт Эйнштейн де Құдіреттің барлығына кәміл сенетін. «Осы бір теңдесі жоқ ғажайыпты жаратушының Даналығына Ғаламды тани түскен сайын әркез тәнті боламын» деген сөзді айтқан осы кісі болатын.

Оқымысты кейін дәулеті артып өзінің сұлулыққа деген құштарлығын азда болсын басу үшін камин сағаттарын коллекциялаумен айналыса бастайды. Бір күні оның қолына 17 ғасырда жасалып, тұтас ағашпен көмкерілген керемет сағат түседі. Коллекциясындағы ең бір мақтанатын дүние ретінде оны каминнің төбесіне шығарып қояды. Осы кезде оның құдайға мүлде сенбейтін бір оқымысты досы үйге бас сұғады. Сағатқа көзі түскен әлгі досы оны жасаған шебердің атын сұрайды. Эйнштейн оған «ешкім жасаған жоқ, сағат өзінен өзі пайда болды» деп қалжыңдап жауап берді. Бірақ досы, ондайдың мүмкін емес екенін, кез-келген заттың иесі болатынын айтады. Сонда Эйнштейн былай дейді «Сендер материалистер осы қызықсыңдар. Әрбір қарапайым нәрсенің иесі болуы керек дейсіңдер де, ал кез-келген сағаттанда күрделі, керемет тәртіппен құрылған ғаламды өзінен-өзі пайда бола қалған деп тұжырымдайсыңдар».  Араларындағы осы әңгімеден кейін Эйнштейннің атеист  досы көп ұзамай Құдайға сенетін адамдардың қатарына қосылған деседі.

Бірде профессор студенттерге «Әлемдегі барлық нәрсені Құдай жаратқан ба?» деп сұрақ қояды. Бір батыл студент көп кідірместен «иә, Құдай жаратқан» деп жауап береді. «Құдай бәрін жаратқан ба?» деп қайталаған профессорға әлгі студент «иә, сэр» дейді. Профессор жаңағы студенттен «Егер Құдай бәрін жаратса, онда зұлымдықты да сол жаратқан ғой. Егер логикаға жүгінсек онда Құдай деп жүргеніміз зұлымдықтың өзі болып шықпай ма?» деп сұрапты. Мұндайды күтпеген студент жауап беруден тосылып қалады. Шәкірттерімен  сөз таластырудан жеңіп шыққанына масайраған профессор студенттердің алдында Құдайдың жоқтығын тағы да дәлелдеп бердім деп мақтанады.

Осы кезде залдағылардың біреуі қолын көтеріп, «сұрақ қойсам бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Орнынан көтерілген әлгі студент: «Профессор осы суық дегеніміз бар нәрсе ме?» деп сұрайды. Профессор болса «Бұл неғылған сұрақ? Әрине, бар. Сен өмірі тоңып көрмеген адамсың ба?» деп отырғандарды ду күлдіреді. Жігіт  болса профессорға былай дейді «Негізі, сэр, суық  дегеніміз жоқ нәрсе. Физика заңдылығына сүйенсек, біздің суық деп жүргеніміз жылудың жоқтығын білдіреді». Сөзін ары қарай сабақтаған студент «Профессор, қараңғылық бар нәрсе ме?» деп сұрайды. Профессор «әрине,  бар» деп жауап қатады. «Сіздікі дұрыс емес,- дейді студент тағы да. Қараңғылық дегеніміз жарықтың жоқтығы. Біз қараңғылықты емес, жарықты зерттейміз.  Ньютонның призмасын  пайдалану  арқылы ақ жарықты әртүрлі түске бөліп, әрбір түстің толқынының ұзындығын анықтаймыз. Ал қараңғылықты сіз өлшей алмайсыз. Сіз кел-келген кеңістіктің қаншалықты қараңғы екенін қалай білесіз? Солай емес пе? Қараңғылық деген түсінікті адам жарықтың жоқтығын білдіру үшін қолданады».

Сөзінің соңына қарай жас жігіт профессорға «Сэр, зұлымдық бар ма?» деп қайтара сұрақ қойды. Профессор «Бағана айттым ғой. Біз оны күнде көреміз. Адамдардың қатігездігі, қылмыстың көптігі мен әлемдегі зорлық-зомбылықтың барлығы осы зұлымдықтың көрінісі болып табылады» дейді. Студент болса «Сэр, зұлымдық жоқ. Зұлымдық дегеніміз Құдайсыздықтан туатын құбылыс. Ол да қараңғылық пен суық сияқты Құдайдың жоқтығын көрсету үшін адамдардың ойлап тапқан сөзі» деп жауап қайтарады. Мұндай мағыналы жауаптарға қарсы уәж айта алмаған профессор шарасыздықтан үнсіз қалыпты. Ал, профессормен сөз таластырып, оны жеңіп шыққан жас жігіттің аты Альберт Эйнштейн болатын.

 

 Жолымбет Мәкішев