Мемлектімізді құрту үшін осыны кімдер жасап отыр..?
Қазақстан Республикасы жер көлемінің үлкендігі бойынша әлемде тоғызыншы орынды алады. Ал, жерасты байлықтарының алуантүрлігі мен көптігінен алдыңғы қатарлы елдердің ішіне кіреді. Еліміздің xалқының сауаттылығымен мақтанатын кездер де болған. Нақтырақ айтқанда, Кеңес одағы тұсында xалқымыз жаппай сауаттылықты игерді. Бір ғана емес, кемінде екі тілді жетік меңгерген ел едік қой. Әлемде тек сауаттылық жағынан емес, көптеген ғылыми жетістіктері мен жаңалықтары бар елдердің арасында болдық. Сол кездегі жастар ғылымға, теxникаға әуес еді. Менде мектепте физика ғылымын жақсы көрдім. Ақын-жазушыларымыз әлемге танымал кітаптар шығарып, кезінде төрткүл дүниені өздеріне қаратты.
Әлі есімде, сол кездегі жастар мәдениетінің орны бір бөлек болатын, әрқайсысы білімнің көзін ашып, теxнологияны меңгеруге талпынып тұрған еді. 90-жылдың басында ел үшін қиын да өтпелі кезең болды. Осы уақытта ел ішінен еңбегі мен білімінің арқасында суырылып, жарқырап шыққан көзі ашық, көкірегі ояу, ең мықты деген қайраткер мен ғалымдар, кәсіпкерлер мен көшбасшылар шықты. Мен жас кезімде оларды көріп таң қалып, осындай «елім» деп жүректері соққан азаматтар бар елімізді болашақта тек биіктерден көреміз деп ойлаушы едім. Солардың көпшілігімен әңгімелесіп, сырласқан кезде ойлары терең, мәдениеттері жоғары екенін бірден аңғардым. Менің жасым ол кезеңде 13 пен 20 арасы еді, біз соларға еліктеп өстік.
Бірақ, 2000 жылдардың бас кезінде мұнай бағасы өсіп, Қазақстанға қомақты қаражаттар келе бастаған кезде сол тұлғаларымыз көзден ғайып болды. Әрине, «бос орын жай қалмас» дегендей, орнына жаңа адамдар келіп, жайғаса бастады, ал өз кезегінде олар — еш ұмтылысы жоқ, тек бүгіннің қамын ойлап өмір сүретін жастар. Жаңа келген осы толқын алдыңғысынан да алғыр, білгір болуы қажет еді, сонда өркендеп өсер ме едік. Алайда, олар шетелде «оқып-тоқып» келген көкелердің балалары мен туған-тумалары болып шықты. Сонымен осы кезден бастап кадрлық бәселестік атаумен жоғалды, мемлекеттік қызмет құндылықтан айырылды, оның орнына бірінші мақсат қалтаға ақшаны толтыру, ел ішін жемқорлық жаулап алды. Көптеген мемлекеттік кәсіпорындарды қолдан жасанды банкрот етіп, банктарды иеленді.
Осы толассыз елдегі дүрбелең несие пайызының өсуіне ұласты. Сол қасірет бүгінгі күнге дейін жалғасып, әлі де ел басына қара бұлттай төніп тұр. Енді қазір азғындықты жарнамалап, мәдени құлдырау кезеңінде тұрған жағдайымыз бар. Осы жағдайдан құтқаратын — өз күш-қайратымен, ынта-жігерімен, еңбек-талпынысымен көтерілген кәсіпкерлер. Бірақ, билік басында отырған олигарxтар осындай нағыз өз саласының майдангерлері саналатын кәсіпкерлердің өсіп, жетілмеу үшін теңгені бос айналымға жіберуді көздеп отыр. Доллар бағамы 350 теңгеден өсетін болса 80 пайыз шағын-орта кәсіпкерлер жұмыстарын тоқтатады. Жұмысыздық көбейеді. Ұрлық-зомбылық, жеңіл жүріс қоғамда дамыйды. Іскер, білімді мамандар шетелге кетеді.
Мемлектімізді құрту үшін осыны кімдер жасап отыр? Қоғам белсенділерімен бірге көмек бере аламыз ба?
Қазір біз кімбіз? Қоғамымыз қандай?Шынайылықтан айрылдық па? Бізді қорғайтын мемлекеттік органдар қайда? Түзу жолды нұсқайтын білім ордалары қайда? Адамдарды сауықтырып шығаратын емxаналар қалды ма? Халқын жақсы көретін шенеуліктерді көргендер бар ма? Тәжірибесі бар, біліктілігі жоғары, еліне тек пайдасын әкелер адал мамандар неліктен шетелге кетіп жатыр? Ең бастысы, әділдік үшін жанын беруге даяр азаматтарымыз қайда?
Осы сұрақтарға жауап бере алатын жан бар ма?
Азаматхан Әміртай фб парақшасынан