ДОЛЛАР МЕН ТЕҢГЕНІҢ ШАЙҚАСЫ

Еске алып отырсам, кәсіпкерлік жолды 13 жасымда таңдаппын. Сол жаста-ақ әке-шешемізге қол ұшын созып, тиын-тебен табатын едім. Соған бір марқайып, кәсіпкерлікте өзімді шыңдау ниеті оянды, жаңа табыс көздерін іздеп, еңбек етуге талпына бастадым.

Алғаш рет жеке өз кәсібімді 10 сыныпта аштым, оның үстіне біреу емес, екеуін бірден тәуекелге бел буып аштым. Күндіз базарда ұн сатумен, ал түнде нан пісірумен айналыстым. Бірден пайдаға кеңеле бастадым, жемісін бере бастаған бұл кәсіптердің дәмі тәтті болғаны соншалық, тіпті бар бойыммен кәсіпкерлік атты әлемге дендей бердім.

Енді тек осы ғана емес, басқа істің де басын дөңгелете бастадық. Бұлардың барлығы кіші кәсіп болғандықтан, ол кезде доллар бағамын қарамайтынбыз, ол туралы тіпті ойланбайтынбыз да. Бірақ, сол 1993 жылы 1 долларға 4,7 теңгеден келсе, небәрі бір жылдан кейін, яғни, 1994 жылы ол 45 теңгеге дейін жетті. Бұл елдегі дағдарыстың ушығып, көрсеткіштің 10 есеге өскенін көрсетеді. Алайда, мен кәсібімді еш уақытта тоқтатқан емеспін. Осы жолда не де болса нәтижеге жетуге тырыстым.

2000 жылдың басында үлкен бизнеске жол тарттық, сол жаққа қарай үлкен сеніммен беттедік. Бәлкім, біреуге үлкен бизнес болып көрінер, ал басқасына кішкентай болар. Мен үшін бұл бастама ауыр әрі жаңа еді, қиын да қызығы мол белес болғаны да xақ. Ең бастысы, кәсіпті дөңгелете бастадық, алғашқы жемісін де көп ұзамай көрдік. Ал 2005 жылы 1 жылдық айналым 1 миллион долларға дейін жетті. Әрі қарай тіпті одан да бетер арта берді. Демек, бұл кезде біз кәсіпкерліктің келесі шыңына шықтық, шығынынан табысы мол кезеңге дөп түстік.

2008 жылы мен жаңа 4 бизнесімді ашып, оларды дамыту мақсатында көп қаражат жұмсадым. Мықты да білікті топ ұйымдастырып, кәсіптерді солардың бақылауына қалдырдым да, өзім білімді іздеп, ғылымды көздеп, 2008 жылдың желтоқсан айында Кембриджге оқуға кеттім. Артынша ол жақтан Лонданға ауыстым. Дәл сол кезде доллар құны бір-ақ сәтте 147 теңгеге көтерілді. Кейіннен шикізаты бар, өзгесі бар — бәрі бірдей қымбаттай бастады. Оның үстіне клиенттер мөлшері күрт азайып, 4 кәсіптің жағдайы қиындап, мүшкіл xалге дейін жетті. Құрдымға кетудің шақ алдында тұрдық десем де артық етпес. Дегенмен, кейіннен үш жыл бойғы күнделікті тынымсыз да үздіксіз жұмыстың арқасында 2012 жылы жағдай түзелді, қаншама күш пен еңбектің арқасында кәсібіміз қайта жандана бастады. Бизнестеріміз тұрақты түрде бірінен соң бірі дамып келе жатты.

2015 жылы мен тағы да білім аламын деген шешім қабылдадым да, Мәскеу басқару мектебі Сколковоға оқуға түстім. Ал бизнесті басқаруды сенімді серіктестеріме тапсырып, сәуір айында Мәскеуге жол тарттым. Осы уақытта қоңыр күз мезгілінің бір айында доллар бағамы қайтадан екі есе көтерілді. Кәсібіме тағы да соққы болып, үлкен дағдарысқа ұшырағанымызды түсіндім. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым десем де болады. Бойды ашу-ыза билеп, айқай-шудың күнделікті қалыпты жағдайға айналуына сәл қалды. Өйткені, кредиттік портфель, жаңа тапсырыстар мәселесі есті кетірді, ал өзім жағдайды қалай түзерімді білмей, дел-сал күйге ендім. Сол кезде ең бірінші рет оптимизация жасауға көштім. Көптеген өз салаларын жетік меңгерген білікті мамандардан айрылдым. Шыны керек, ол менің псиxологияма да, денсаулығыма да әсер етпей қоймады. Ендігі кезекте көрмеген қиыншылыққа тап болып, күйзеліске ұшырадым. Бір жағынан, оқуды тастап кете де алмадым. Екі оттың ортасында қалу деген осы шығар, бәлкім.

Содан өзге амал бар ма, жаңа деммен, тың көзқараспен өзге жобаларды қарай бастадым, оларды дамытудың басқа жолдарын іздестіруге кірістім. 2016 жылдан бастап жаңа стратегия қабылдап, кәсібімізді көтере бастадық. Сөйтіп, енді қайта жаңа да табысты жолға бет бұрғанда, бүгін доллар бағамы тағы да күрт өсті. Бұл бітпейтін «теңге-доллар» жыры осымен тоқтай ма?

Доллар бағамын 350 теңгеден артық көтеруге болмайды. Егер де ол 400 теңгеге дейін жететін болса, онда орта-шағын кәсіпкерлердің бәрі жаппай дағдарысқа ұшырайтыны анық. Доллар қайта көтерілген жағдайда менің де қатты күйзеліске тап болатыным сөзсіз. Себебі, кәсібің — балаң секілді, жаныңды беріп, бар ынта-жігеріңмен жұмыс істейсің, ал ол бір-ақ күнде «доллар мен теңгенің» шайқасының кесірінен құрдымға кетеді. Бар еңбегің далаға ұшып, қу тізеңді құшақтап қаласың.

Ал, отбасыларын асырап, азығын осы кәсіптен тауып жүрген жұмыскерлеріміздің жағдайы қалай болмақ? Оның үстіне бір реттік құбылыс болса екен, жағдай үнемі қайталанып отырады, алайда оның алдын алу, онымен күресу шаралары мүлдем жүргізілмейді. Оған төтеп беру үшін ішкі өндірісті дамыту қажеттілігі қанша рет айтылса да, биліктегілердің ішінен құлақ асатын жан табылмады.

Қалай болса да, мемлекетке біз керекпіз деп ойлаймын!

 

Azamatkhan Amirtay фб парақшасынан