Павлодарлықтар Құрылысшылар күнін атап өтті
Ertis Promenade сахнасында өткен концерт барысында павлодарлықтар аймақ құрылысшылары мен осы саланың ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың атынан қала тұрғындарын мерекемен әкімнің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек құттықтады.
-Құрылысшылардың мамандығы әр уақытта жасампаз болған, — деді ол. – Біз Павлодар мен облыстың қалай бой көтеріп жатқанының күәгерлеріміз. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында әлеуметтік-мәдени нысандар, жаңа шағын аудандар, өнеркәсіптер, жолдар мен бізді қоршап тұрған барлық үйлер мен ғимараттар салынды. Құрылыс саласы мемлекетті қиын кезеңде дағдарыстардан шығарған. Қазіргі уақытта құрылыс қарқыны өсіп жатыр. Өткен жылы облыс аумағында 240 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, биыл бұл көрсеткіш 300-ге дейін жетпек. Мен Сіздердің еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін.
Саланың үздік құрылысшылары мен ардагерлерін сахнаға шақыртып, «Құрметті құрылысшы» белгілері табысталды. Сонымен қатар, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің құрмет грамоталары, облыс әкімі мен «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттары мен грамоталары берілді. «Кұрылыс» Бас мердігерлік құрылыс басқармасы» ЖШС қалаушылар тобының бригадирі Науметов Ильяз бен аға прораб Тулаббергенов Бақытбек «Құрметті құрылысшы» атағына ие болды. Сонымен бірге, бірқатар құрылыс саласының мамандары ҚР Инвестициялар және даму министрінің, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Павлодарлықтарды мерекемен жерлесіміз, әнші Деррик Байназаров жаңа әндерін сыйлап, құттықтады. Әнші Павлодар қаласында тұрған сәттерімен бөлісіп, Ломов көшесінде тұрғанын айтты. Жас талант музыкалық белестерді «Между нами» тобының құрамында бағындыра бастаған. Кейін, 18 жасында Мәскеуге кетіп, жеке шығармашылықпен айналысқан. Алматы қаласына оралған соң, «Pilot» атты топ құрып, Do-Mi-No тобымен ән айтқан. Ол аталмыш топтың «Айым-ай», «Для тебя», «Капелька яда» атты хиттарын жазған.
Әлихан Рахметоллаұлы