88 шетелдік телеарна жабылды…
Үкімет отырысынан кейін журналистерге осы сауалға қатысты жауап берген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұлай деді: «Біз 88 телеарнаны жаптық, оған шетелдік телеарналардың Қазақстан заңнамасына енген талаптарды орындамауы себеп болды. Қазір біз барлық шетелдік телеарналарды құқықтық алаңға шығардық. Яғни, барлық шетелдік телеарналардың Қазақстанда өкілдіктері бар және онда жұмыстар жүріп жатыр. Шетелдік телеарналар Қазақстан аумағында хабар таратуы үшін Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуы керек. Бұл телеарналардың жабылуы олар енді ешқашан Қазақстанда жұмыс істемейді дегенді білдірмейді. Олар өкілдік ашқылары келсе, Қазақстандағы заңнамамен белгіленген барлық рәсімдерді орындауы керек, содан кейін қайтадан Қазақстанға орала алады. Ал бұрындары өкілдіктердің көбі басқа елде отыратын және бізге олармен жұмыс істеу қиын болды. Ал сіздердің елімізде телеарналардың жабылғанына үлкен мән бергендеріңіз мені таңғалдырды. Сіздер Қазақстанда басқа телеарналар өз өкілдіктерін ашқанына назар аударуларыңыз керек еді. Қазір Қазақстанда 306 шетелдік теле-радио арна тіркеуде тұр. Олардың қызметін реттеу мақсатында министрлік жыл басында заңнамаға түзетулер енгізді. Оған сәйкес, шетелдік арналар Қазақстан Республикасында өз өкілдігін ашуы міндеттелді. Барлық талаптарды орындау үшін жарты жыл уақыт та берілді.