Наргиз Тамабекқызы: «Музей… театрдың бет-айнасы» бола алады
Қазақтың театр өнері десе 93 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры бірінші болып еске түседі. Ал осы рухани ордаға жиі бас сұғатын көзі қарақты көрермен спектакльге дейін немесе антракт кезінде тарихын түгендеген театр музейімен де танысып жүр. Елімізде арнайы театр музейі әлі күнге қалыптаспаса да, әкем-театр ғимаратында 50 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан театр музейі бар. Бір қызығы, газетімізге соңғы екі жылда екі мәрте сұхбат берген аталмыш театр музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызымен жаңа маусым алдында үшінші рет тілдесудің сәті түсті. Оның бір ай бұрын Мәскеуге жасаған іс-тәжірибелік сапары әңгімемізге арқау болған еді.
— Наргиз Тамабекқызы, өзіңізбен сұхбатқа дейін сөйлескенімізде мұндай «сапардың» театр тарихында алғаш рет болғанын айтқан едіңіз. Толығырақ тарқата кетсеңіз…
— Ол — рас, театр музейіне қатысты іс-тәжірибелік сапарға тұңғыш рет шықтық. Бәрімізге белгілі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізде сан алуан іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның ішінде театр өнеріне, театрға бай Мәскеу жеріне табанымыз тиіп, театр музейлерінің ісімен танысуға мүмкіндік алғанымыз үшін қатты қуандық. Биылғы қаңтар айында театр директоры болып белгілі режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің тағайындалғаны баршаңызға аян. Қызметке кірісе салысымен, театрдың зәулім ғимаратын аралап, шығармашылық, техникалық құрам бар, басқа да бөлімдердің жұмыстарымен танысқан ол театр музейі-не де зер салды. Күнделікті жұмысымыз болғандық-тан, «музейімізге» көмекшілерімен, орынбасарларымен бірге арнайы келген директорды сақтап отырған тарихи жәдігерлерімізбен таныстыра бастадым. Бір кезде корифейлердің тұтынған құнды заттарын байыппен бақылаған А.Маемиров менен МХАТ-тың (Мәскеу көркем академиялық театры – авт.) театр музейін көрген-көрмегенімді сұрады. Сөйтіп, оған ол музейді де, тіпті, МХАТ-тың өзін де көрмедім деп жауап бердім. Осылайша, үлкен ұжымның тізгінін енді ғана ұстаған директорымыз Мәскеу театрларының музейін көріп, іс-тәжірибеден өту жөнінде мәселені жоспарға енгізді. Содан араға төрт-бес ай салып, кезекті маусым біте салысымен директордың орынбасары Салтанат Абулғазиева екеуміз Ресей астанасына аттандық.
— Ондағы көрген-түйгендеріңізбен бөлісе отырыңыз…
— Мәскеу сапары сегіз күнге созылып, күндіз театр музейлерімен танысып, осы саладағы мықты мамандардың лекцияларын тыңдасақ, кешке спектакльдер тамашаладық. Театр директорының орынбасары С.Абулғазиева менеджмент, маркетинг салалары бойынша да тәжірибе алмасып, театр жұмысын ілгерілетудің қыр-сырын үйренді. Өнер ордаларына бас сұққаннан-ақ әсерленгеніміз, оларды көріп таң қалғанымыз соншалық, алдында А.Маемировтің «МХАТ-тың музейін көріп пе едіңіз?» — деп тамсана сұрақ қойғанының себебін сол кезде түсіндім. Өйткені, орыстардың осыншама тарихи жәдігерлеріне ұқыптылықпен қарағанына, әлі күнге соларды сақтап келе жатқанына қатты сүйсіндім. Әйтсе де, «МХАТ музейі», «А.А.Бахрушин атындағы театр музейі» және осы музейлердің филиалдары саналатын әйгілі К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченконың музей-үйлерін аралай жүріп, бір бағытты ұстанғанымызды және оларда да жүйенің бізден өзгеше еместігін байқадым. Демек, біздің де театр тарихымыздың орыстардан осал еместігін, қорғай алсақ, ұқыптылықпен сақтап отырсақ ұрпақтан-ұрпаққа құнды мұра болып қалатынына көзім жетті.
— «МХАТ-тың театр музейі» несімен таң қалдырды?
— Тек МХАТ-тың ғана емес, А.А.Бахрушин атындағы мемлекеттік орталық театр музейі де, К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченконың музей-үйлерін нағыз рухани орда, орыс театрларының тарихымен, атақты артистерінің өмірімен, өнерімен танысатын мекен десем артық емес. Ондағы жәдігерлердің әрқайсысы тұнып тұрған тарих және сол уақыттың иісі мұрныңды жарады. Қазіргі уақытта аталған рухани ордада 201 қызметкер, оның ішінде 86 ғылыми қызметкер еңбек етеді. Мамандардың айтуынша, жылына музейге 45 300 адам арнайы келеді екен. Ең кереметі, музейдің 10 филиалы бар және театр музейінің экспозициясы кезең-кезеңімен тартымды әрі мағыналы түрде орналастырылған. Музейдің негізгі қоры 1 308 000 жәдігерден тұрса, жалпы саны 1 500 000 құнды мұра осы музейде сақтаулы тұр.
— «Біз де осылай жасасақ, шіркін» дейтіндей ой пайда болмады ма?
— Әрине, бір Мәскеудің театр музейлерін көріп-ақ бізде де сахна өнерінің тарихын түгендейтін музей қалыптасса, жәй ғана қалыптасып қана қоймай, ол мемлекет қорғауында болса деп ойлаймын. Әуелден театр музейлерінің қалыптасқанын қалайтынымды сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсетуге тырыстым. Мәселен, былтыр өзің жақсы білетін «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты үлкен көрмесін ұйымдастырсақ, оған Алматы қаласының ең ірі 8 театры қатысқан болатын. Тұңғыш рет театр музейі шетелге гастрольдік сапарға шықты, нақты айтқанда, ұжымымыз «Ақтастағы Ахико» қойылымын Жапонияда сахналаған кезде тек театр ғана емес, тұтас қазақ халқының тарихын көрсетуге мүмкіндік алдық. Осы көктемде театр музейі алғаш рет еліміздің төрт өңіріне гастрольге шықты. Міне, дәл осылай театр музейінің де үлкен өнер ордасында ойып тұрып алған орны барын көрсетуге тырысып жүрміз. Мәскеуге жолымыздың түсуі де жақсылықтың нышаны деп түсіндім. Өйткені, алыптарымызды ардақтамай, өткенімізді қайта жаңғыртып, өшкенімізді қайта жақпай өнеріміздің өрге жүзе қоюы да екіталай. Ал, өнеріміз өрге жүзсін десек, мемлекет қолдауында, қорғауында болатын театрлардың біріккен музейі өте қажет. Жоғарыда таң қалып айтқан орыс театрларының музейлерінен көрген бір ғасырдан астам уақыт тарихы бар жәдігерлері сияқты бізде де 93 жылдан бері қарай сақталып тұрған құнды дүниелер өте көп. Жалғыз М.Әуезов драма театрында ғана емес, басқа да мемлекеттік, аймақтық театрларда қазақтың сахна өнеріне қатысты бағалы бұйымдары жетерлік.
Біз Мәскеуге тамсану үшін ғана барған жоқпыз. Орыстардың тарихи жәдігерлерін ескі әдіспен де, заманауи технологиялардың көмегімен де қызғыштай қорып отырғанын көріп, ой түйдік. Театр музейлерін қалыптастыру бір басқа, оның күрделі құрылымын жасақтау мүлдем бөлек әңгіме. Яғни, сахналық киімдер, фотосуреттер, афишалар және басқа да декоративті заттарды сақтау үшін жарық пен жылудың қалай әсер ететінін анықтау, арнайы реставрация бөлімінің де болуы шарт. Міне, сонда ғана В.И.Немирович-Данченко айтқандай «Музей… театрдың бет-айнасы» бола алады.
— Уақыт тауып, құнды мәліметтермен бөліскеніңіз үшін көп рақмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан — Ермұрат НАЗАРҰЛЫ